Халықтық штаб Түркістан облысы Созақ ауданында уран өндірілетін аймақ тұрғындарымен жүздесті. Бұл туралы Aikyn.kz «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Уран өндіріп отырған тұрғындармен жүздестік – Халықтық штаб
1,992
оқылды

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Созақ ауданында жалғасын тапты. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, «Ауыл» партиясының өкілі Бақытжан Раманқұлов және Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Жамиев бастаған штаб өкілдері  «Kazatomprom-SaUran» ЖШС-нің жұмысшыларымен жүздесіп, елімізде АЭС салудың тиімділіктері жөнінде пікір алмасты.

Қазақстанда атом өнеркәсібінің бастауында тұрған жұмысшылар, уранның жоғары энергия көзі болып табылатынын жақсы біледі. Оның басқа отын көздерінен басты айырмашылығы – уранның жоғары концентрацияланған энергия көзі саналатынын күнделікті өндірістік процесте көріп те жүр. Уранның осы қасиетін салыстырмалы түрде жеткізетін болсақ, 1 келі ураннан дәл осы мөлшердегі көмірден бөлінетін энергиядан 20 мың есе жоғары электр қуатын бөледі. Шикізат шығыны неғұрлым аз болған сайын, өндірілген өнімнің түпкілікті құны да соншалықты тиімді болатыны белгілі.

Атом саласының мамандарына оның тиімділігін айтудың өзі артық екенін айтқан Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков, бейбіт мақсатта пайдаланылатын уранның экономикалық оң әсерін халық арасында кеңінен түсіндірудің маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде екінші орын алады. Жер шарында барланған барлық қордың 14 пайызға жуығы – Қазақстанның үлесінде. Барланған қордың 70 пайызы – экологиялық таза жерасты әдісімен өндіруге жарамды. Біздің елде, сіздердің үлестеріңізбен әлемдегі уран өндірісінің 40 пайызға жуығы өндіріледі. Біз уранның қауіпсіз өндірісін жолға қойдық, енді энергия өндірісінің де қауіпсіз болуын жасау қолымыздан келеді», – деді Ұласбек Сәдібекұлы.

 

Атом өнеркәсібінің мамандары бізде атом электр станциясын салу үшін барлық объективті мүмкіндіктер бар екенін айта отырып, қуатты ел болуымыз өз қолымызда екенін жеткізді. «Kazatomprom-SaUran» кәсіпорны әлем бойынша уран өндірудің ең қауіпсіз әрі экологиялық таза әдісін қолданатынын, технологиялары озық үрдісте дамып жатқанын айтқан жұмысшылар, тұңғыш отандық АЭС салуға мүмкіндіктерміз жеткілікті екеніне бас мән берді. 

Халықтық штаб өкілдерінің жергілікті жұртшылық арасындағы түсіндіру кездесулері Созақ ауылындағы мәдениет үйінде және №1 кәсіптік-техникалық колледжде жалғасты. Ауыл тұрғындарымен және білім беру саласы қызметкерлерімен өткен кездесулерде, Созақ ауданының тұрғындары үшін атом өндірісі саласы басқа аймақтардың жұртшылығымен салыстырғанда етене жақын ұғым екені айтылды. Аудандағы көптеген отбасыларда кемінде 1-2 адам уран өндіретін кәсіпорындарға жұмысқа тартылғанына назар аударылып, қауіпсіз өндірістің не екенін аудан тұрғындары бір кісідей жақсы білетіні мәлімделді.

Бұл жөнінде пікірін білдірген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева Семей полигонынан келген зардап пен Чернобыль апаты қоғамда атоммен байланысты қорқынышты мықтап орнатқанын айтып өтті.

«Атомды бейбіт мақсатта қолдануға болатынын көпшлігіміз ескере бермейміз. Семей полигоны – ол қару-жарақты сынайтын алаң болды, Ал Чернобыль апатының орын алуына адами фактор әсер етті. Қазіргі атом станцияларында бірнеше қауіпсіздік жүйесі болады, аймақтағы радиация сәулесінің таралуы да үнемі бақылауда болады. Радиоактивтілігі жоғары элементті өндіруде, өңдеуде, тасымалдауда адамға және қоршаған ортаға қауіпі жоқ технологиялар қолданылады», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының өкілі.

Ауданның педагог мамандарымен өткен кездесуде штаб мүшесі, «Ауыл» партиясының өкілі Бақытжан Раманқұлов Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында 18 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін мәлімдеп, бұл еліміз үшін үлкен әлеует екенін еске салды. Еліміздегі бірнеше жоғары оқу орындарында ядролық физика, ядролық энергетикаға арналған материалдар, ядролық физика және ядролық энергетика мамандықтары бойынша студенттер даярланатынын атап өтіп, АЭС саласы мамандарын даярлауда қиындық болмайтынын түсіндіріп берді.