Өзбекстанда 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында футзалдан әлем чемпионаты өтіп жатыр. 24 құрама топқа түсіп, үздіктер суырылып шықты.
Жеңісті жақындатқан жігіттер
1,705
оқылды

Сәйкесінше, 16 құрама плей-оффта келесі кезең тағдырын сарапқа салды. Әрине, осы тұста әлем Португалия мен Қазақстан кездесуін асыға күтті. Әлем чемпиондарына дала қырандары қайтып қарсы тұрарын, не амал қолданарын болжады. Айтса айтқандай, тартысты кездесу көптің есінде қалды. Ұлттық құрама жігіттері азулы Португалияны қапы қалдырып, сенсация жасады. 

Алаңдағы жанталас

Иә, ысқырық шалына сала қос құрама жанталаса кетті. Өйткені ширек финал сценариі осы ойынға тәуелді. Оныншы рет өтіп жатқан әлем біріншілігі де оңайға соғып тұрған жоқ. Е тобында күрескен Португалия 1/8 фина­лға бірінші орынмен жетті. Ақ тер, көк терге малынған жоқ. Тек Марокконың шабысын бақыла­ды. Ал Қазақстан болса, испандар топтан бірінші орынмен шық­пауын барынша қадағалады. Испания да әккі Португалиямен жұптасудан қорқып, тырысып бақты. Аталған екеу де барынша көп гол соғуға тырысқанмен, «айқаста» Испания жеңіске жетіп, Венесуэламен жұпталды. «Ауыр­дың астымен» амалдағысы кел­ген­ді тағдыр аясын ба?! Испандар «айналып өтеміз» деп ойласа керек, алайда венесуэлалықтар сенсация жасады. Осылайша, фавориттер саны бір құрамаға ке­міді. Топтық кезеңді қаперге алған Португалия Кака жігіттерінің бар күшін сарқығанын біледі. Сон­дықтан тактика жағынан шашау шығармауға тырысты. 

Айтса-айтқандай, қарсылас сақ ойнап, доп бермеуге тырысты. Алаңның әр бұрышындағы допқа талас та кездесу деңгейін көрсетті. Алғашқы тайм бас-аяғы 40 ми­нутқа созылды. Төреші де әр се­кунд­ты саралап, қателік кетпеуін қадағалады. Португалия құра­масында белгілі бір көшбасшы жоқ болғанымен, әр ойыншы алаңда жанын беруге дайын тұр. Қазақстан болса, кездесуге Лео сияқты белді ойыншысыз қа­тыс­ты. Жалпы, чемпионатқа атағы дар­дай Тайнансыз, тәжірибелі Эдсонсыз келді. Сол үшін ұлттық құрама бапкері тактиканы қайта түзіп, әр тайм-аутты ұтымды қолдана білді. Қауқарлы қарсылас барынша қысқанымен, жігіттер алғашқы таймда-ақ есеп ашты. Шыңғыс Есенаманов ұрымтал тұсты дәл тауып, соққы жасады. Құрамадағы 111-ойынында ко­ман­даластарының еңсесін тіктеді. Аталған голдай кейін жігіттер ши­рай түсті. Бірден айып алаңын­да кірпідей жиырылып, әр соққыны тойтарды. Осы тұста қақпашы Игитаны айтпай кету әбестік. Чемпионаттағы әр құрама Игитадай қақпашыны армандай­тыны анық. Ойын бойы порту­гал­дар 55 соққы жасаса, соның 15-і қақпаға дәл бағытталған. Ал қақ­пашымыз соның біреуін ғана өткізді. Чемпионат басталғалы бері тек үш гол жібергені тағы бар. Бірінші тайм аяқталғанша есеп теңестіруге асыққан Португалия барынша шабуылдап бақты. Алайда нәтиже болмады. 

30 секундтағы серпіліс

Ал екінші таймда жағдай түрлене түсті. Үзіліс кезінде Хорхе Браза жігіттерін сыбап алса керек. Көзді ашып-жұмғанша есепті теңестірді. Зики Те гол соғып, кездесу тынысын ашты. Бұл айналым «ғасырдан да ұзақ 20 минутқа» созылды. Төреші әр фолға назар аударып, ысқырық шалды. Үзіліс те, айқас та ұзаққа созылды. Қазақстан футзал ассоциациясының вице прези­денті Нұрсұлтан Құрман да бұдан бұрын осыған назар аударып, ішкі чемпионаттағы төреші «тактика­сын» өзгертуді ұсынған-ды. Өйт­кені ішкі чемпионатта төрешілер ойнауға мүмкіндік берсе, әлем чем­пионатында «тұсап» таста­ғандай болды. Бұл Португалиямен ойында айқын білінгендей. Хош, Португалия да Қазақстан да есепті еселеуге барынша тырысты. Әсі­ресе, қарсыластар адым аштыр­мауға тырысып, қорғанысты күшейтті. Шыңғыс Есенаманов дубль жасайтын мүмкіндікті жіберіп алды. Дегенмен сақ ой­науға тырысып бақты. Игита да қақпаны мүлтіксіз «күзетіп», қарсыласты састырды. Кейінгі тоғыз минуттың сағызша со­зыл­ғаны тағы бар. Төреші ысқырығы, қатар-қатар тайм-аут жан алып, жан беріскен ойын болғанын айқындады. Таблода санаулы секунд қалды. Есеп әлі 1:1. Кімнің есеп ашары, не овертаймға ұла­сары белгісіз. Әсіресе, кездесу аяқ­талуына са­наулы секунд қал­ғанда порту­галдар тайм-аут алуға бекінді. Дәл осы тұста ком­мен­татор Хорхе Браза кездесудің экс­тра таймға жалғасқанын қаламай­тынын хабарлап жатты. Расымен, соңғы 30 секундта ұлттық құрама жігіттері тамаша шабуыл жүйесін құрып, Тұрса­ғұлов қақпа торын тулатты. Сенсация! Қазақстан құрамасы атағы айға жеткен Португалияны үйіне қайтарды. Кездесу нәти­жесін португалдар да түсінбей қалды, білем. Ысқырық шалынуға санаулы секунд қал­ғанда төрешіге шағымданды. Олар бейне­қайта­лаудан қарап, шешім шығарғанша жанкүйерлер тағат таппай кетті. Себебі ширек финал мен жан­күйер арасын ысқырық бөліп тұрды. Төреші  ешқандай фол болмағанын хабар­лағанда «Әндіжан» спорт ком­плексі дүр сілкінді. 2 мыңға жуық жанкүйер­дің қуанышында шек болған жоқ. Тіпті, көзіне жас алып, ойыншы­ларға толассыз құрмет көрсетті. Кака бастаған бапкерлер құрамы­ның әсері ерекше. Ойыннан кейінгі сұхба­тында мұндай эмоцияны бірінші рет бастан кешіп жатқанын мә­лімдеді. 

«Әрине, нәтиже өте жақсы. Бірақ біз тек бір кезеңнен ғана өткенімізді ескерейік. Енді алдағы қарсыласымызға дайындалуымыз қажет. Бұл тек команданың ғана жеңісі емес. Бұл Қазақстанның, қолдауын көрсетіп жатқан өзбек ағайынның да жеңісі. Бразилия­дан да хат келіп, жігіттерімізге сәттілік тілеп жатыр. Плей-оффқа келетін болсақ, әлемдегі ең мықты ұжымдармен жолымыз ерте түйіс­ті. Қуанышымызға қарай, бар­лығы пайдамызға шешілді», – деді футзалдан ұлттық құрама­ның бас бапкері Пауло Рикардо Кака. 

 Осылайша, ұлттық құрама тарихтың жаңа парағын ашты. Бастысы, 2021 жылы кеткен есені қайтарды. Өткен әлем чемпио­натының жартылай финалында тең ойын өткізіп, Кака шәкірттері пенальти сериясында жеңіліп қалған-ды. Ширек финалда Португалияны айналып өткісі келген испандар да, қатарынан ӘЧ чемпионы атанғысы келген Браза шәкірттері де жоқ. Келесі қарсылас Аргентина мен Хор­ватия арасындағы кездесуде бел­гілі болады. Ұлттық құрама әлем біріншілігі тарихында екінші мәрте ширек финалға жолдама алып отыр. Жартылай финалға өту үшін күрес 30 қыркүйек күні Ташкентте өтеді. 

Расымен, Өзбекстандағы футзал мерекесіне ұлттық құрама тастүйін дайындалып келген. Өйткені  2021 жылы төртінші орын алып, бармақ тістеп қайт­қан. Сондықтан титулы бар жеңіске шөліркеп жүргені білініп тұр. Еуро-2022 жылы ширек фи­налға жетіп жеңілді. 2016 жылы аталған турнирде алған үшінші орын эйфориясы басылды. Жан­күйерлерге де, құрама жігіттеріне де жарқын жеңіс керек-ақ. Капитан Игита да осыны нұсқап, жай келмегенін жарияға жар сал­ды. Ташкенттегі «Хумо Арена» да  қазақтарды күтіп алуға дайын. Ал  сіз Ташкенттегі тартысты тама­шалауға дайынсыз ба, жанкүйер?! 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ