АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өңірлерде тұрғындармен кездесуді жалғастыруда.
Халықтық штаб: АЭС – ұзақ жыл тұрақты әрі қуатты энергиямен қамтамасыз етеді
543
оқылды

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өңірлерде тұрғындармен кездесуді жалғастыруда. Бүгін Штаб мүшелері Көкшетау қаласында құтқарушылармен, еңбек ұжымдарымен, медицина саласының қызметкерлерімен және ардагерлермен АЭС-тің артықшылығы туралы әңгімелесті.

Полимерден жұмсақ қаптама шығаратын «Новопэк» ЖШС зауытының еңбек ұжымымен кездесуде Штаб мүшелері өнеркәсіптік кәсіпорындардың жүйелі жұмыс істеуі үшін сенімді және тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңызы туралы әңгімелесті. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев АЭС – жаңа жоба ғана емес, бұл инвесторларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қажет ұзақмерзімді шешім екенін атап өтті.

«Біз аса маңызды мәселелер шешілетін дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Оның бірі – атом энергетикасы. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр энергия тапшылығы пайда болды. Аталған аймақтарда гидроэнергетиканы қамтамасыз ете алатын қуатты өзендер де, көмір өндірілетін кен орындары да жоқ. Яғни, бірден-бір дұрыс шешім – АЭС құрылысы. Күн мен жел энергиясын қазірдің өзінде пайдаланып келеміз. Алайда, олар – тұрақсыз. Бүгін шайдай ашық аспанды ертең бұлт торлап тұрады. Атом энергетикасының барлық басқа энергия көзінен айырмашылығы сол, ол ұзақ жыл тұрақты әрі қуатты энергиямен қамтамасыз ете алады. Бұл – жай ғана қажеттілік емес, заман талабы. Миллиондаған адамның жарқын болашағын қамтамасыз еткіміз келсе, біз одан бас тарта алмаймыз», – деді халық қалаулысы.

Сондай-ақ Халықтық штаб мүшелері АЭС-ті ұзақмерзімді пайдалану кезінде электр энергияның тұрақты тарифі қалыптасатынын, бұл қадам зауыттардағы өндіріс шығынын азайтуға және олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Бұдан соң Штаб мүшелері облыстық Көпсалалы балалар ауруханасының алаңында өңірдегі медицина саласының қызметкерлерімен кездесті. Көмір электр стансаларымен салыстырғанда АЭС-тің зиянды шығарындылары өте аз. Яғни, экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Шығарындылардың аз болуы ауаның ластануына байланысты пайда болатын аурулар саны азаятынын білдіреді. Қазіргі заманғы ядролық технологиялар медицина саласында диагностикалау және емдеу мақсатында бұрыннан қолданылып келеді. Сонымен қатар  АЭС-тің радиациялық сәулесі әдеттегі флюорографияға немесе ұшақта отырып ұзақ ұшуға қарағанда әлдеқайда аз.

«Барлық медициналық аппаратураның, КТ, МРТ-ның жұмысы тұрақты электр қуатымен жабдықтау мәселесімен тығыз байланысты. Біз АЭС қажеттілігіне 100% сенімдіміз. Атом энергетикасы адамның бүкіл өмірінде радиоактивті сәулеге ұшырауының тек 0,1%-ын құрайды», – деді жедел қызмет зертханасының аға медбикесі Ксения Герасимова.

Достық үйінде өткен ардагерлермен кездесуде АЭС-тің елдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі талқыланды. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғманов бұл жоба болашақ ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.

«Аулада от жағып, тамақ дайындаған 90-жылдар әлі есімізде. Себебі жарық та, газ да болған жоқ. Электр энергия әлдеқашан өркениеттің ажырамас игілігіне айналды. Сондықтан оның қажеттілігін талқылаудың да керегі жоқ. Бүгінде елімізде жастар саны өсіп, туу көрсеткіші артып келеді, ал жұмыс орындары әлі де жетіспейді. Біз балаларымыздың жарқын болашағын қамтамасыз етуіміз керек. АЭС – бұл ертеңгі күнге деген сенім мен жұмыс беретін жоба», – деді ол.

Осы күні Штаб мүшелері Көкшетау қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің ұжымымен кездесті. Депутаттар қауымы мәртебелі мамандық иелерінің ерен еңбегін айрықша атап өтті. Өрт сөндірушілер – заманымыздың заңғар батырлары. Олар – күн сайын өзгені ойлап, өз өмірін қауіп-қатерге тігетін еңбек адамдары. Құтқарушылардың айтуынша, АЭС жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, Қазақстанға өз пайдасын тигізеді.

Жалпы, Ақмола облысының тұрғындары АЭС салу жобасына жан-жақты қолдау білдіріп, бұл бастама еліміздің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуына қажет берік іргетасқа айналатынын жіті түсініп отыр.

Халықтық штабтың баспасөз қызметі

Суретті түсірген: Әли Ғалым

Дайындаған: «Nur Media» ЖШС.

Тапсырыс беруші: М. Ж. Оспанов

«AMANAT" партиясы» ҚБ қаражаты есебінен төленді.