Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезінде мәлім етті.
Сот билігі қашан да абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс  – Мемлекет басшысы
367
оқылды

«Шын мәнінде бұл жиынның еліміз үшін мән-маңызы зор. Әділ сот – мемлекет тірегі. Сот билігі қашан да абыройлы ірі мінсіз болуы тиіс. Қазір бәріміз бір ел болып Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Мақсатымыз – әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беру. Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды. Ал заң мен тәртіп болмаса, басқа реформаның табысты болуы екіталай. Бұл айдан анық нәрсе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, осы саланы түбегейлі реформалау – негізгі міндеттің бірі.

«Мен бұл мәселеге айрықша назар аударамын. Сот саласы құқық қорғау ісінде басты рөл атқарады. Біз соттардың тәуелсіз болуына баса мән беріп отырмыз. Осыған орай бірқатар жұмыс атқарылды. Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалды дербестегі нығаяды. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеу үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды реттеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы соттың судьялары конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды. Яғни, оларды Сенат баламалық негізде таңдайды. Алқабилер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрландыруға толық көшкен», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінгі шараға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ заңгерлер қауымдастығы, халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ өкілдері шақырылды. Жалпы 500-ден астам делегат пен форум қонақтары қатысып жатыр.

Айта кетейік, Судьялар съезі төрт жылда бір өткізіледі, яғни сот жүйесі мен судьялар қауымдастығының мәселелерін талқылап, алдағы стратегиялық міндеттерді айқандайтын маңызды алаң.