Бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері де кешегі өткен референдумға байланысты өз ойларымен бөлісті.
Халықтың басым бөлігі АЭС құрылысын қолдады
521
оқылды

Дәурен Сейітжанұлының айтуынша, халықтың басым көпшілігі әуелден АЭС құрылысына қарсы болмағанын айтты.

  – Еxit poll-дың алғашқы нәтижелері шықты. Дауыс берушілердің 70%-ы АЭС құрылысын қолдаймын деген таңдау жасаған екен. Қоғамдық саясат институты да exit poll нәтижесін жариялапты. Оған сүйенсек, референдумға келгеннің 72,3% пайыздан астамы Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға келісім берген.

Шын айтсам, күтпеген нәтиже емес. Себебі қоғамдағы көңі күйді, ақпараттық алаңды, әлеуметтік желідегі жазбалар мен пікірлерді көріп жүрміз ғой. Халықтың басым көпшілігі АЭС құрылысына қарсы болмады. Елдің энергетикалық болашағы үшін алаңдаушылық білдіргендер де баршылық болды.  Бастапқыда көңілдерінде күдік болып, сәл сенімсіздік танытқан азаматтар ақпараттық жұмыстардан кейін, мәліметтер мен фактілермен танысқаннан кейін АЭС экологиялық таза, тұрақты энергия көзі екен деген пікірге келді.

Сонымен, референдумға халық өте белсенді қатысты. Бірақ бәрінен де белсенділік танытқан – оңтүстік өңірлер. Оларда энергия тапшылығы өзекті екенін ескерсек, бұл таңғаларлық жайт емес. Мысалы, Қызылорда облысы тұрғындардың 82,48%-ы референдумға қатысып, ең белсенді аймақ атанды. Одан кейін көшті Түркістан, Шымкент, Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай мен ШҚО сияқты аймақтар 70%-дан аса қатысу белсенділігімен жалғап тұр.

Естеріңізде болса, жыл басында Президент сұхбатында АЭС-тің маңыздылығы жайында айтқан болатын. Содан белсенді ақпараттандыру жұмыстары басталып кетті, әсіресе соңғы кездері жұмыс қарқынды жүрді. Нәтижесін өзіміз көріп отырмыз. Әрине, қарсылық білдірушілер де болды, бар да. Алмасадам Сәтқалиев айтқандай қолдамайтындар патриот емес деуден аулақ болуымыз керек. Олар да елге жанашырлықпен өз таңдауын жасады. Бірақ олардың аргументтері әлсіз шықты. Олардың қарсылықтары АЭС-тің артықшылықтары туралы ғылыми фактілердің көлеңкесінде қалып кетіп жатты. Азды-көпті аргументтері АЭС қауіпті деген күдіктің айналасында болғанын көрдік қой. Жұрт қазіргі заманауи АЭС-тер қай жағынан алып қарасаң да қауіпсіз, тұрақты әрі берік деген сарапшы-ғалымдардың пайымына иланғаны көрініп тұр, – дейді журналист Дәурен Сейітжанұлы.

Диас Нұрақын да бұл жолғы референдумда халықтың белсенділігі жақсы болғанын қолдады.

– Референдум нәтижесі шамамен белгілі.  Еxit poll бойынша халықтың 70 пайызға жуығы “иә” деп дауыс беріпті. Ал "AMANAT" партиясының Қоғамдық саяси институты халықтың 72,3 пайызы АЭС құрылысын қолдады дейді. Бұл сауалнамаға 300-ден астам сайлау бөлімшесіндегі 44 мыңнан астам дауыс беруші қатысқан. Көп жағдайда ресми хаттама мен  exit poll нәтижесі сәйкес келіп жатады. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясының ресми дерегін күту ғана қалды. Меніңше, бұл жолғы референдумда халықтың белсенділігі жақсы болды. Қызылорда облысы тіпті лидер. Ал алматылықтардың тек төрттен бірі дауыс беруге барған.
Президент айтқандай, АЭС-ті консорциум салуы әбден мүмкін. Бұл болжамды бір жыл бұрын жазып едім. Енді тағы бір долбар айтайын. АЭС құрылысына шорт парақтағы төрт ел қатысуы мүмкін. Яғни, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай мен Ресей бірлесіп салатын сияқты.
Мамандар 2029 жылдан бастап энергия тапшылығы сезіле бастайды дейді. Ал ол уақытта біз АЭС-тің тек фундаментін құйып жатамыз. Өйткені жобалық сметасын жасауға бес жыл керек. Толық аяқтауға 15 жыл қажет. Сондықтан бүгінгі шешімнің нәтижесін тек 2040 жылға қарай көре бастаймыз. АЭС тақырыбы бүгінмен біткен жоқ. Енді ғана басталды деуге болады, – деді ол.