Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2025 жылдың соңына дейін еліміздің барлық қалалары мен ауылдарының тұрғындары таза ауызсумен қамтамасыз етілсін» деген тапсырмасының БҚО-да орындалуы баяу.
Батыстағы 119 ауыл құдықтан су ішіп отыр
316
оқылды

Облыста таза ауызсу жетпеген 119 ауыл бар. Кейбір ауылдарға ауызсу тек құжат жүзінде барған, ал іс жүзінде әлі суға қосылмаған. Ал 2025 жыл болса әне-міне табалдырықтан аттағалы тұр. Айналдырған бір жылда 119 ауылға су барып үлгере ме? Біз облыстық прокуратура органдарынан осы салаға жүргізілген талдау нәтижесін сұраттық.

Халықты таза ауызсумен қамтамасыз етуді Президент өзі тапсырды. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалуы тиіс-тұғын. Қала берді, Су туралы кодекстің 90-бабы барлық деңгейдегі әкімдерді халықты таза ауызсумен қамтуға міндеттейді. Алайда бұл міндетке жүрдім-бардым қарап отырған ауыл әкімдері бар.

– БҚО-да 119 ауылда таза ауызсу жоқ. Бұл деген – 16 мыңнан астам халық деген сөз. Әлі күнге құдықтың суын ішіп отырған ауылдар бар. Ал ол құдықтардағы судың құрамында тұз көп, ол аздай, көп құдықтың санитарлық деңгейі тиісті талапқа сай емес. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Бір ғана мысал, Қаратөбе ауданына қарасты 8 ауылдың құдығынан адам денсаулығына зиянды элементтер анықталды. Ал ауыл халқы әлі сол құдықтан су ішіп отыр, – деді БҚО Прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиев. 

Халық тұтынып отырған таза ауызсудың құрамы да таза болмайтын жайттар болады екен. Облыстық прокуратура өкілдері Орал қаласының өзінен сондай бірнеше олқылықты анықтапты. Мәселен, қаладағы 8 март, С.Датов, Лермонтов, Литовская көшелеріндегі құбырлардан аққан судың құрамынан адам өміріне зиянды бактериялар анықталған.

Прокуратура өкілінің айтуынша, халық ішіндегі санитарлық тазалықтың сақталуына, халықтың дұрыс таза суды қолдануына тікелей атқарушы билік пен санитралық мекеме өкілдері жауапты. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың қадағалауы жетіспейді. 

Халықты таза ауызсумен қамтуда су шаруашылығы жүйесіндегі нысандардың дұрыстығы, заман талабына сай болуы да әсер етеді. Өкінішке қарай, БҚО-да таза ауызсумен қамту былай тұрсын, суы бар деген ауылдардың өзінде су шаруашалығы нысандары қатты ескірген, әбден тозған. 

– Су шаруашылығы нысандарының тозуы бойынша Теректі, Шыңғырлау және Орал қаласы алдыңғы орында. Мәселен, Теректі ауданына қарасты Төңкеріс ауылында су құбырларының 90 пайызы тозған. Су туралы кодекстің 90-бабы 7-бөліміне сәйкес ауылдар мен қалардағы су тарту мәселесін әкімдер орындауға міндетті, – дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиев.

БҚО Құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазивтің айтуынша, ауылдарға таза ауызсу тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Басқарма басшысы бұл жұмыстарды 2025 жылдың аяғына дейін аяқтап үлгереміз деп уәде берді. 

– Биыл жалпы 35 мыңнан астам тұрғыны бар 22 ауылдық елді мекенге орталықтандырылған ауызсу желісін тарту жоспарлануда. Осы мақсатта 5,9 млрд теңге қаражат жоспарланып отыр. Оған қоса, 1,8 мың тұрғыны бар 20 ауылға кешенді блок модуль орнату жоспарланып отыр. 2025 жылдың соңына дейін қалған 9 мың тұрғыны бар 99 ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен толықтай қамтамасыз ету көзделіп отыр. Осы жұмыстардың бәрі аяқталса облысты түгел ауызсумен қамтамсыз етеміз, – деп атап өтті БҚО Құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев. 

Ауылдарды ауызсумен қамтамасыз етуде қиындықтар да бар. Бұл халқы аз ауылдардың таратылуымен байланысты. Мәселен, 2025 жылы 90 ауылға су беретін кешенді блок модуль орнату жоспарланған. Бірақ осының ішінде 35 ауылдың тарап кету қаупі бар екен. Себебі ол жерлерде халық өте аз қалған. Бұдан бөлек, жауапсыз мердігерлердің кесірінен де ауылдарға су тарту мәселесі созылып кетіп жатады. Құрылыс басқармасы қазір сондай мердігерлермен соттасып жатыр. 

Мәселен, БҚО Бәйтерек ауданы, Құрманғазы және Краснамерская ауылдарына құжат жүзінде су барып тұр. Бірақ мердігер істі әлі толық аяқтамаған. Қазір аудандық құрылыс бөлімі мердігерлермен соттасуда. Бұдан бөлек, «КазЕвроСтрой» ЖШС 2021-2022 жылдан бері Абай, Талпын, Барбастау және Магистральное ауылдарына су тарту жұмыстарын аяқтай алмай отыр. Құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтың айтуынша, қазір бұл мердігер компаниямен келісімшарт бұзылып, жұмысы басқа компанияға берілген. Дәл осындай жағдай Подстепное және Чапаев ауылдарындағы су құбырын қайта құру бойынша да бар. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігінiң Су ресурстары комитеті 2023 жылы «2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміз орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен 96,8% қамтылды» деген болатын. Сол 2023 жылғы есеп бойынша  небәрі 3,2% халықта су жоқ еді. Басқа өңірді қайдам, БҚО-да әлі 100-ден астам ауыл суды құдықтан ішіп отыр. Құдық қазып суы тұщы шықса өздері ішеді, ащы болса малға арнайды. Ауылдағы халық әр құдық қазған сайын суы тұщы шықса екен деп тілейді. Ал кейбір ауылдарға суды аудан орталығынан арнайы көлікпен тасиды. Мамандар 2025 жылдың аяғына дейін БҚО халқын таза ауызсумен 100 қамтып үлгереміз деп сендірді. Кімге сенбей жатқан халық едік, тағы сендік осы сөзге.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы