Financial Times 3 қазандағы сараптамалық мақаласында жасанды интеллектің энергияға деген сұранысын қанағаттандыру үшін "атом энергиясын пайдалану қаншалықты тиімді?" деген сұраққа жауап іздейді. Aikyn.kz біз үшін өзекті проблеманы британдық басылымның материалына сүйеніп талдайды.
Гипермасштабты компаниялар тарапынан атом энергиясына сұраныстың күрт артуы да байқалып келеді. Бірақ мәселе күрделі. Фотомонтаж Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / FT montage
Қазақстанда АЭС салуға байланысты референдумға 3 күн қалғанда Financial Times басылымында атом энергиясына арналған мақала жарияланды. АҚШ пен батыстың дамыған елдері соңғы 20 жылда ядролық реакторларды салуды күрт қысқартқаны белгілі. Британдық басылым батыстағы билік пен қаржылық құрылымдардың атом энергиясына деген ынтасының азаю себептерін талдаған.
АЭС салу қазақ халқы үшін өте тағдыршешті таңдау. Ядролық энергияның батыстық дамыған қоғамдар мен біздің елімізде қабылдануын талдап көрейік.
Ондаған жылдарға созылған тоқыраудан кейін әлемдегі ең ірі технологиялық топтар мен банктер баламалы энергия нұсқасын іздей бастады. Өйткені жасанды интеллект жүйелері жұмыс істеу деректерді талдау орталықтарына (дата-центр) өте көп энергия қажет.
Гипермасштабты технологиялық компаниялар тарапынан атом энергиясына сұраныстың күрт артуы да байқалып келеді. Жасанды интеллект өсуі және оның энергияға деген шексіз өсіп жатқан сұранысы атом өнеркәсібі үшін қолайлы уақыт деп саналуы мүмкін. Бірақ мәселе күрделі.
Батыста онжылдық тоқыраудан кейін биылғы жылы Google, Amazon, Meta және Microsoft сияқты гипермасштабты технологиялық компаниялар тарапынан атом электр стансаларының қызметіне деген қызығушылық байқалады. Олардың ары қарай табысын көбейтіп дамуы үшін тәуліктің 24 сағатында үзіліссіз үлкен көлемде электр қуаты қажет. Мұндай электр қуаты олардың үнемі өсіп келетін деректер орталықтары мен қазіргі «ЖИ соғысында» жеңіске жетуге керек. Және уақыт талабы – ондай энергия тек төмен көміртекті (жасыл) болуы керек.
Қытай мен Оңтүстік Корея соңғы онжылдықтарда ядролық реакторларды салумен айналысса, АҚШ пен Еуропа, керісінше, істеп тұрған атом реакторларын тоқтата бастады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Bjorn Kindler
Әлемдегі ең ірі бірнеше банк қыркүйек айының соңғы аптасында Нью-Йоркте өткен климаттық іс-шарада атом қуатына қолдау білдіріп, өзін таза энергияға көшудің маңызды бөлігі ретінде көрсеткісі келетін технологиялық алпауыттарға қолдау көрсетті.
«ЖИ деректер орталықтары арзан әрі шығарындысы төмен электр энергиясын үздіксіз өндіре алады, энергия өндіру алаңдарына іргелес салынады. Ашығын айтқанда, атом электр стансаларының жанына», – дейді Meta компаниясының ЖИ бойынша бас ғылыми қызметкері Янн Лекун.
«Нарықтың тәбеті (аппетит) бар. Біз айта алатын нәрсенің шегі бар. Сіз әр гиперскейлерде жасырынған мағыналарды таба аласыз, тәбет бар (атом қуатына)», – дейді Meta-ның энергетикалық стратегия менеджері Крис Риз. Бұл сөздерден атом өнеркәсібіндегі толқуды жақсы сезуге болады. Қытай мен Оңтүстік Корея соңғы онжылдықтарда ядролық реакторларды салумен айналысса, АҚШ пен Еуропа, керісінше, энергия өндіріп тұрған атом реакторларын тоқтата бастады.
1970-1980 жылдардағы атом электр стансалары көптеп салынған кезеңнен кейін, 1990 жылдардың ортасынан бері Құрама Штаттарда тек үш жаңа реактор салынды. 1979 жылы 28 наурызында Three Mile Island (TMI) атом электр стансасында ауыр апат болғаннан кейін, бұл станса жұмысын тоқтатып, америкалық қоғамның АЭС-ке қатысты наразылығы күшейген. Содан бері бұл сала үлкен шығындарға тап болды.
1979 жылы Three Mile Island (TMI) атом реакторындағы апат, 1986 жылы Чернобыль және 2011 жылы Фукусимадағы жер сілкінісі мен цунами халықтың ядролық технологияға қарсылығын күшейтті.
Мұның нәтижесі мынадай болды: тоқтатылған атом реакторларының саны жаңадан салынып жатқан реакторлардың санынан 3 есе көп. Бүкіл әлем бойынша нақты картина – осы.
Тоқтатылған атом реакторларының саны – 206, жаңадан салынып жатқан реакторлар саны – 59.
Тоқтатылған атом реакторларының саны. Сілтеме: https://www.statista.com/statistics/513639/number-of-permanent-nuclear-reactor-shutdowns-worldwide/#:~:text=As%20of%20June%202024%2C%20there,of%20shutdowns%2C%20with%2041%20units
Жаңадан салынып жатқан реакторлар санының диаграммасы. Сілтеме: https://www.statista.com/statistics/513671/number-of-under-construction-nuclear-reactors-worldwide/
Өткен айда Three Mile Island атом стансасының 1-ші реакторы 2028 жылы модернизациядан кейін қайта ашылып, осы Пенсильвания АЭС өндіретін электр қуатын сатып алуға Microsoft 20 жылдық келісімшартқа қол қойғанын Aikyn.kz жазды.
Ал Amazon наурыз айында Пенсильваниядағы Susquehanna Steam Electric атом электр стансасының жанында деректер орталығын салуға 650 миллион доллар төлеген. Инвесторлар мұндай жағдайда технологиялық компаниялардың үлкен қаражат бөлу әлеуеті жаңа атом электр стансаларына инвестиция салуды күшейтуі мүмкін деп болжауда.
«Біз нарықта жаңа құрылысқа жұмсалатын қаражатты ақтайтын баға деңгейін көріп отырмыз. Сізде жаңа атом энергиясына инвестиция салуға үкіметтің міндеттемесі бар, сізде оны қолдауға қаржылық мүмкіндік бар. Және сіз сұраныстың да жоғары екенін білеміз. Бұл АҚШ пен Еуропадағы жаңа ядролық қуаттар салуға жол ашады. Осының барлығын біз ұзақ жылдардан кейін енді ғана қайта көріп отырмыз. Мен алдағы 12 айда АҚШ-та ядролық қуат туралы жаңа жобалар көретінімізге оптимистік көзқараспен қараймын», – дейді Segra Capital хедж-қорының өкілі Артур Хайд.
Бірақ мұндай оптимизмнің артында құрылымдық проблемалар жатыр, оның ішінде ядролық жобалардың жоғары тәуекелдерін кім көтеруге дайын деген негізгі сұрақ бар.
«Технологиялық компаниялар ядролық активке иелік етуді қаламайды. Егер олар мұны істесе, олар ақылсыз болғаны. Бұл олардың бизнесі емес», – дейді үш алпауыт технологиялық компанияның бірінің деректер орталығы және ядролық индустрия саласына жауап беретін инсайдер.
Нью-Йорктегі Климат апталығында кешкі асқа қатысқан Google компаниясының энергетикалық нарықтарды дамыту құрылымының басшысы Кэролайн Голин «технологиялық компаниялар жобаның барлық тәуекелдерін өз мойнына алады деп күтуге болмайтынын» ескерткен.
Атом энергиясына деген сенімсіздік пен тәуекелдің жоғары екенін технологиялық алпауыттар жақсы түсінеді. Фото medium.com сайтынан алынды
Өткен айда Лондонда өткен Дүниежүзілік ядролық симпозиумда Microsoft-тың ядролық энергетика жөніндегі директоры Тодд Ное жаңа атом электр стансаларына қолдау көрсетуде технологиялық компаниялар ұзақмерзімді, арзан атом энергиясын сатып алуға ғана мүдделі екенін мәлімдеген. Бұдан атом энергиясына деген сенімсіздік пен тәуекелдің жоғары екенін технологиялық алпауыттар жақсы түсінеді.
Жылдам дамып келетін технологиялардың екпінімен енді 5-6 жылда қоршаған ортаға зиянсыз әрі арзан электр қуатын өндіретін технология жасалса, АЭС-тер ешкімге керексіз болып қалуы мүмкін екенін Google мен Microsoft-тың, Amazon мен Meta-ның ақылды стратегтері болжап отыр. Сондықтан жаңа АЭС салуға технологиялық компаниялардың сұранысы мен мәлімдемелері де жеткіліксіз болуы мүмкін.
«Олар (технологиялық компаниялар) бізбен сөйлесіп жатыр, ядролық технологияларды жеткізушілермен сөйлесіп жатыр, коммуналдық қызметтермен сөйлесуде. Бірақ олар өздерінің ядролық реакторларын салғысы келмейді, иеленгісі келмейді, олар тек энергияны сатып алушы, пайдаланушы болғысы келеді. Олар ұзақмерзімді электр энергиясын сатып алу келісімдерін (PPA) тіпті жоғары бағамен ұсынуға дайын. Бұл тамаша, бірақ ол нақты дамуға көмектеспейді. Тәуекелдерді жабуға кімнің капиталы көмектеседі?», – дейді америкалық алпауыт Bechtel компаниясының ядролық энергетика бизнесінің бас менеджері Ахмет Токпинар.
Жаңа атом стансаларын салуға инвестиция құю туралы талқылаулар бар, бірақ оларға қаржы табылмай жатыр. Фото environmentbuddy.com сайтынан алынды
Энергияны сатып алу келісімдері (Power Purchase Agreement, PPA) электр қуатын алдын ала белгіленген баға бойынша сатып алу туралы ұзақмерзімді келісімдер. Бірақ олар АЭС салушының жоба барысында болуы мүмкін шығындары мен кідірістерін өтемейді.
Ахмет Токпинар технологиялық компаниялардың жобаларға капиталды инвестициялауына қатысты кейбір талқылаулардан хабардар болса да, оның айтуынша, олардың ешқайсысы алға жылжымағанын айтады.
«[Жаңа атом электр стансалары] пайда болуы үшін олар (технологиялық көшбасшылар) нақты шешімдер қабылдап, оны ауқымды түрде жасауы керек. Мен нарықта олардан басқа ешкімді көріп тұрғаным жоқ. Оларда мұны істеуге қаражат бар, оларда мұны істеуге капитал бар. Олар мұндай үлкен шығындарды өз акционерлеріне алдында қорғай ала ма, ол жағын мен білмеймін», – дейді Ахмет Токпинар.
Microsoft, Amazon және Google өздерінің ядролық стратегиясына түсініктеме беруден бас тартып отыр. Технологиялық компаниялар мен ядролық энергия топтары бірлесіп, өздеріне тиімді формуланы табуға тырысуда. Ал банктер екі тарапқа да кеңесші ретінде әрекет етіп отыр.
Meta-ның энергетикалық стратегиясы бойынша бұрынғы директоры Питер Фрид технологиялық компаниялар болашақта сатып алатын электр энергиясы үшін түпкілікті бағаны АЭС құрылысында міндетті түрде болатын артық шығындарды ескеріп, станса іске қосылғаннан кейін де белгілеуге болатынын айтады.
«Егер бұл түбегейлі күрделі жобаларды жүзеге асыру PPA жұмыс істеу тәсілін өзгертуді қажет етсе, мен таңғалмас едім. Сіз (технологиялық компания) сұраныс бар екенін көрсетесіз, содан кейін АЭС салушы объектіні толық аяқтамайынша баға белгіленбейді», – дейді ол.
Технологиялық алпауыттар ядролық энергияның көп мөлшерін сатып ала бастаса, олар саяси реакцияға тап болады. Фото YouTube.com платформасындағы 3 Minute Flicks каналынан алынды
Бір қаржыгер Нью-Йорктегі климаттық іс-шарада «мұндай шешім қазіргі уақытта жоқ, сондықтан жаңа нарықтық құрылымды қажет етеді. Ал дәл қазір гипермасштабтар үшін ең оңтайлы шешім – бүгінде жұмыс істеп тұрған реакторларға назар аудару» екенін ескертеді. Бірақ қаржыгердің ойынша, егер технологиялық компаниялар бүгінгі электр желілерінен төмен көміртекті ядролық энергияның көп мөлшерін ала бастаса, олар саяси реакцияға тап болатынын ескертеді.
«Пенсильванияның таза энергиясының 88%-ы ядролық. Егер басқа тұтынушылар үшін сіз ядролық стансалардан көп энергия ала бастасаңыз, олардың (биліктің, басқа тұтынушылардың) таза нөлдік мақсаттарға жету қабілеті шынымен бұзылады», – дейді қаржы институтының өкілі.
Oracle-ға деректер орталығын құруға көмектескен Compass Quantum бас менеджері және АҚШ Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы ядролық сүңгуір қайығының капитаны Тони Грэйсон технологиялық компаниялар бұрын үкімет атқарып келген рөлді атқаруға мүмкіндіктері толық жететініне сенеді. АҚШ-тың федералдық үкіметі де, штаттардың үкіметі де бұрын АЭС салуға субсидия беріп келген. Ол сол субсидияны енді технологиялық компаниялар бере алатынын меңзейді.
Технологиялық алпауыттар жаңа ядролық жобаларға қарсылықты жеңу үшін жергілікті қауымдастықтарға арзан электр энергиясын ұсынатын уәде де бере алады. Бірақ Тони Грэйсон атом өнеркәсібін тым көп шу шығарудан сақтандырып, жобалардың әдетте ондаған жылдар бойы өлшенетінін және технология тез және түбегейлі өзгеруі мүмкін екенінен сақтандырады.
«Дата орталықтарында сіз нарыққа жылдам шығу арқылы ақша табасыз. Ядролық энергетика нарыққа жылдам шыға алмайды. Мен ядролық энергияның үлкен жақтаушысымын, бірақ бізге терең дем алып, оның жақын арада болмайтынын түсіну керек», – дейді маман.
Ядролық энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық деңгейде танымал физик Эдвин Лайман: «Салық төлеушілердің ақшасын терең «егеуқұйрық шұңқырына» құймай, қоғамды жасырылмаған шынайы ақиқатпен таныстыру қажет» деген екен.
Технологиялық алпауыт компаниялардың басшылары ғылыми прогресс қауіпсіз энергия көздерін туғызатынын да ескеруде. Атом саласына сақтықпен қарауда. Фото analyticsindiamag.com сайтынан алынды
Референдум нәтижелері жарияланды. Жойқын жылдамдықпен өзгеріп, жетіліп отырған технологиялар энергетика саласында да тың жаңалықтар алып келеді деп болжануда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.