Amazon компаниясы Google мен Microsoft сияқты жасанды интеллекті дамыту үшін ядролық энергияны қолдану жобаларына қосылғанын Financial Times пен Quartz сайты хабарлады. Aikyn.kz британдық және америкалық сайттарға сүйеніп, бұл шешімдердің себептерін талдайды.
Amazon компаниясы Energy Northwest және Dominion Energy коммуналдық компанияларымен жаңа шағын модульдік реактордың (SMR) жобаларын әзірлеу үшін ядролық энергетика туралы келісімдер жасады. Фото hartenergy.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock
Нөлдік көміртегі шығарындылары дегеніміз не?
Көміртегінің нөлдік шығарындылары (немесе көміртегі бейтараптығы) – адам әрекетінен туындайтын көмірқышқыл газының (CO₂) және басқа парниктік газдардың жалпы шығарындыларын болдырмау. Көміртек шығарындыларды азайту және атмосферадағы көміртегін азайту таза энергия көздерін пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Атмосферада көміртегінің көбеюі Жер шарының температурасын жоғарылатады, жаһандық жылынуға және климаттың өзгеруіне алып келеді. Көптеген елдер мен компаниялар көміртегі бейтараптығына 2050 жылға дейін немесе одан да ертерек жету үшін міндеттемелер қабылдаған.
Amazon «ядролық энергетикалық жобаларды қолдау үшін» сәрсенбіде (16 қазан) үш келісімге қол қойғанын жариялады. Келісімдерге «бірнеше» шағын модульдік реакторлардың (SMRs) құрылысы кіреді. Бұл «жетілдірілген» ядролық реакторлар «физикалық жағынан кішірек, оларды желіге жақынырақ салуға болады», – делінген Amazon мәлімдемесінде. Дәстүрлі үлкен реакторлармен салыстырғанда, SMR-ларды тезірек желіге қосуға болады, өйткені құрылысқа уақыт аз кетеді.
«Атом энергиясы – бұл біздің қызметімізге қажет қуат көзі және тұтынушыларымыздың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектесетін қауіпсіз, көміртексіз энергия көзі. Сонымен бірге 2040 жылға қарай біздің барлық қызметімізде көміртек шығарындыларын нөлге жеткізу бойынша Климаттық міндеттемені орындауға көмектеседі», – дейді Amazon Web Services-інің бас директоры Мэтт Гарман.
Гарман ядролық энергетикаға инвестиция салу «Amazon үшін маңызды инвестициялық сала», өйткені ол «көміртек шығармайды және ауқымды» екенін айтады.Amazon компаниясының Вашингтонда орналасқан Energy Northwest компаниясымен келісімі коммуналдық қызметтер консорциумы тұрғызатын, иеленетін және басқаратын төрт жетілдірілген SMR-дің құрылысын салуға арналған. Технологиялық алпауыт сонымен қатар SMR реакторлары мен оған отын өндіретін X-energy-ге инвестиция салмақшы. Жетілдірілген ядролық реакторларға арналған X-energy жобасы Amazon-ның Energy Northwest жобасы үшін пайдаланылады.
Amazon компаниясының Вирджиния штатында орналасқан Dominion Energy компаниясымен келісімі бойынша компаниялар North Anna атом электр стансасының жанына жаңа SMR модулін тұрғызуға арналған.
ЖИ амбициялары тұрақты даму мақсаттарына жетуге кедергі келтіруде. Жасанды интеллект бумы ірі технологиялық компаниялардың кірістерін бірнеше есе арттырды, бірақ ЖИ технологияларының энергияға деген үлкен сұранысы климаттың өзгеруімен күресу әрекеттеріне кедергі болуда.
Goldman Sachs зерттеуіне сәйкес, ChatGPT-дегі сіздің бір ғана сұрауыңыз Google іздеу жүйесіндегі сондай сұрауға қарағанда 10 есе көп электр қуатын қажет етеді. Сәуір айында британдық чип дизайнері Arm компаниясының маркетинг жөніндегі бас директоры Ами Бадани OpenAI-дың ChatGPT-і сияқты ЖИ чат-боттарына қуат беретін деректер орталықтары жаһандық электр энергиясының 2% тұтынады деп мәлімдеді. Бұл сұмдық мол энергия көлемін білдіреді. Мұндай сұраныс, Баданидің айтуынша, ақырында ЖИ-дің жылдам прогресіне тұсау болуы мүмкін.
ChatGPT-дегі сіздің бір ғана сұрауыңыз Google іздеу жүйесіндегі сондай сұрауға қарағанда 10 есе көп электр қуатын қажет етеді. Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Cam Parsfield аккаунты
Шілдеде Google 2019 жылдан бері көміртегі шығарындылары 48%-ға өскенін мәлімдеді, бұл негізінен деректер орталығының энергия тұтынуы мен жеткізу тізбегінің шығарындыларына байланысты болған. Компанияның 2024 жылғы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі есебіне сәйкес, 2023 жылы компанияның көміртек шығарындылары өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға өскен.
Google есебінде компания «бұдан былай өзінің операциялық қызметінде көміртегінің бейтараптығына ұмтылмайды» және «өзінің бүкіл операциялары мен құн жасау тізбегінде 2021 жылы жетуге тиіс болған мақсатын – таза нөлдік шығарындылар – енді 2030 жылға ауыстырған».
2020 жылы Microsoft онжылдықтың соңына қарай теріс көміртекті компанияға айналуды мақсат еткен еді. Бірақ мамыр айында компания 2024 жылға арналған тұрақтылық есебіне сәйкес көміртегі шығарындылары 2020 жылға қарағанда 31%-ға жоғарылағанын мойындады. Бұндай секіріс негізінен ЖИ үшін салынған деректер орталықтарының құрылысы мен жартылай өткізгіштер мен серверлер сияқты ЖИ-дің аппараттық құралдарына байланысты болған.
«Біздің қиындықтарымыз деректер орталықтарын кеңейтуді қажет ететін бұлттық қызметтер провайдері ретіндегі ұстанымымызға ғана тән. Бірақ ең бастысы, біз жасыл бетон, болат, жанармай мен чиптерді әзірлеу және пайдалану үшін бүкіл әлем алдындағы тосқауылдарға тап болдық», – делінген Microsoft мәлімдемесінде.
Компаниялар үлкен әрі қуатты ЖИ үлгілерін әзірлеуді жалғастырғандықтан, сұранысы күннен-күнге артып келетін деректер орталықтары 2030 жылға қарай АҚШ электр қуатының 9%-ын тұтынуы мүмкін. Электр қуатын зерттеу институтының мәліметтеріне сәйкес, мұндай энергия көлемі қазіргіден екі есе көп болмақшы.
Microsoft осы Three Mile Island АЭС қайта іске қосылса, 20 жыл бойы ядролық электр қуатын осы стансадан сатып алуға келісімшарт жасады. Фото nbcnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Jeff Fusco
Google болса Kairos Power компаниясына 6-7 шағын модульдік ядролық реакторларға (SMR) тапсырыс берді. Ол деректер орталықтарын төмен көміртекті электр қуатымен қуаттандыру үшін жаңа атом электр стансаларына қаржы салған алғашқы технологиялық компания болды.
Google және Kairos жалпы қуаты 500 мегаватт болатын SMR реакторларына тапсырыс бергенін мәлімдеді. Бұл келісім кұрылғанына 7 жыл ғана болған Kairos стартапына өзінің алғашқы коммерциялық реакторын 2030 жылға қарай және қосымша реакторларды 2035 жылға дейін желіге шығаруға көмектеседі. Келісім 500 мегаватт (МВт) 24/7 көміртексіз энергияны АҚШ электр желісіне қолжетімді етеді.
«Бұл келісім - Google үшін біздің 15 жылдық таза энергия жолындағы маңызды кезең. Атом энергиясы біздің сұранысымызды қанағаттандыруда және оны тәулік бойы таза етуде маңызды рөл атқара алады деп сенеміз», – дейді компанияның энергетика және климат жөніндегі аға директоры Майкл Террелл.
«Реакторлар желіге немесе тікелей деректер орталықтарына қосыла ма?» деген сұраққа Террелл «Google барлық нұсқаларды қарастырып жатыр» деп жауап берді. Екі компания да келісімнің құны туралы немесе Google компаниясының SMR құрылысын алдын ала қаржыландыратыны немесе салынғаннан кейін электр қуатын сатып алатыны туралы түсініктеме беруден бас тартқан.
Өткен айда Microsoft АҚШ-тың Three Mile Island АЭС қайта іске қосылса, онда 20 жыл бойы ядролық электр қуатын осы стансадан сатып алуға міндеттеме алғанын мәлімдеді.Google-дың Kairos-пен келісімі технологиялық компанияның атом электр стансасын іске қосуға көмектесетін алғашқы келісімі. Соңғы 20 жылда АҚШ тек үш реакторды пайдалануға берді. Калифорния штатында орналасқан Kairos стартапы сумен емес, балқытылған фторид тұзымен салқындатылатын жаңа реактор жасап шығарды. Желтоқсан айында стартап Теннесси штатында Hermes деп аталатын 50 мегаватт демонстрациялық реакторды салуға АҚШ-тың Ядролық реттеу комиссиясынан рұқсат алды.
Бұл Америка Құрама Штаттарында жарты ғасырдан бері алғашқы реактордың жаңа түрін мақұлдау болды. АҚШ Энергетика министрлігі Жетілдірілген реакторды көрсету (Advanced Reactor Demonstration) бағдарламасының бір бөлігі ретінде Kairos-тың Hermes жобасына шамамен 300 миллион доллар инвестициялайды.
АҚШ шығындарды азайту және электр стансаларының құрылысын жеделдету үшін зауыттарда салынып, жергілікті жерде жиналуы мүмкін кіші ядролық реакторларды салуға ұмтылатын компанияларға қолдау көрсетуде.
Kairos-тың балқытылған тұз реакторы керамикамен қапталған TRISO отынын пайдаланады және атмосфералық қысымға жақын жағдайда жұмыс істейді, бу шығару және турбинаны айналдыру үшін тұздың жылуын пайдаланады. Компания Hermes жобасының құрылысын шілде айында бастады және оны 2027 жылға дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Қыркүйек айында ол Альбукеркеде (Нью-Мексико штаты) тұз зауыты мен екі отын зертханасын салатынын жариялады.
Kairos-тың бас директоры Майк Лауфер компанияның Google үшін жобалаған коммерциялық SMR-дің қуаттылығы 75 МВт болатынын және компания АҚШ нарығына бағытталғанын айтқан.
Жылдам дамып келетін ЖИ технологиялары энергияға деген сұранысты күшейтті, компаниялар қуаттың барлық көздерін пайдалануға ұмтылуда. Фото dsmedia.pro сайтынан алынды
Жылдам дамып келетін технологиялық орта энергияға деген сұранысын қанағаттандыру үшін қуаттың барлық көздерін пайдалануға ұмтылуда. Дегенмен халық арасындағы (тек бізде ғана емес, АҚШ пен Жапония, Оңтүстік Корея мен Еуроодақ елдерінде) АЭС-қа деген үрей мен сенімсіздікті бірнеше факторлармен түсіндіруге болады.
Бірінші, Чернобыль және Фукусима сияқты ірі апаттар, қазақ халқы үшін Семей полигоны қоғамдық санада терең із қалдырды.
Екінші, радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму мәселесін әлемнің ешбір мемлекеті шеше алмауда. Әлем жұртшылығы қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ететін ұзақмерзімді қауіптерден алаңдайды.
Үшінші, ядролық энергия мемлекеттің жоғары ғылыми әлеуетін, ғалымдар мен мамандардың тәжірибесі мен біліктілігін, жоғары дәлдік пен сенімділікті қажет етеді. Басқарудағы қателіктер, адами факторлар ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Атом электр стансалары лаңкестік әрекеттер жасауға өте ыңғайлы объектілер, әсіресе жаһандық тұрақсыздық кезінде қосымша қорқыныш туғызатын фактор.
Бұл факторлардың барлығы Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылағанда анық байқалды. Халық арасында ядролық энергияға деген сенімсіздік пен үрей жоғары.
АЭС салудан бұрын осындай таза қоршаған ортаны сақтау саясаты керек. Иллюстрация aussiedlerbote.de сайтынан алынды
Қорытынды тұжырым
Қазақ елінде өткен референдум нәтижелері жарияланды, дауыс беруде қоғам өз көзқарасын, пікірін білдірді. Бірақ бүгінгі күні ешкім Үкіметті атом реакторларын салуға асықтырып, мәжбүрлеп отырған жоқ.
Жойқын жылдамдықпен өзгеріп жатқан технологиялар «энергетика саласында да тың жаңалықтар алып келеді» деп болжануда. Мысалы, термоядролық синтез немесе сутегі технологиялары адамзаттың сұранысын толық қанағаттандыратын қауіпсіз энергиямен қамтамасыз ететін болашақтың энергия көздері бола алады.
Бізге әлі де ойланып, біраз үзіліс алып, осы жаңа технологиялар қолданысқа енгізілгенге дейін 10-15 жыл (АЭС салуға да 10-15 жыл уақыт керек) энергия тапшылығына жауап ретінде басқа қуат көздерін дамыту әрі арзан, әрі қауіпсіз болар ма еді?
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.