Адам мен роботтар арасындағы жарыс қыза бастады. Өте үлкен табыс көзіне айналған жасанды интеллект жүйелері адамға ұқсас гуманоид роботтардың санын да, сапасын да өсіруде.
2040 жылы адамнан робот көбейіп, Қазақстан халқының саны 2100 жылға қарай 34 миллион болады
Бәрін жасайтын роботтың бағасы 20-25 мың доллар болады. Иллюстрация YouTube платформасынан алынды. Авторлығы: Dave Lee каналы
10,978
оқылды

Quartz сайтында жарияланған хабарлама негізінде Aikyn.kz Илон Масктің сенсациялық мәлімдемесінің себебін талдайды.

Илон Маск: «2040 жылға қарай адамдардан гөрі адам тәрізді роботтар көп болуы мүмкін». Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Samuel Corum 

Tesla-ның бас директоры Илон Маск сейсенбіде (29 қазан) гуманоид роботтар алдағы 20 жылда адамдардан асып түсетінін мәлімдеді. Оның ойынша, Tesla жасап жатқан Optimus роботтары бұл мәселеде көшбасшы болуға лайық.

«2040 жылға қарай адамдардан гөрі адам тәрізді роботтар көп болуы мүмкін», – деді Future Investment Initiative шарасында.

Бұл ұйым 2017 жылы Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қорының бастамасымен және тікелей қатысуымен құрылған Масктің болжамына сәйкес, бүкіл әлем бойынша шамамен 10 миллиард гуманоид роботтар жұмыс істейтін болады. Егер қазіргі ғылыми болжамдар бойынша планетамызда 2040 жылға қарай 9,2 млрд адам болса, бір адамға 1,2 робот келеді екен. Бұл аз ба, көп пе? Қиын сұрақ.

Миллиардер Маск болса «бәрін жасай алатын роботтың» бағасы 20-25 мың долларға дейін болуы мүмкін екенін айтады. Бұл Tesla Optimus компаниясы шығаратын гуманоид роботтардың бағасына сәйкес келеді. 10 қазанда жүргізушісі жоқ Tesla электр көліктері алғаш көрсетілген «We, Robot» атты шарада Маск Optimus роботтары «болашақта 20-30 мың долларға бағаланатынын» жариялаған болатын.

Масктің болжамына сәйкес, бүкіл әлем бойынша шамамен 10 миллиард гуманоид роботтар жұмыс істейтін болады. Иллюстрация morganstanley.com сайтынан алынды

«We, Robot» іс-шарасында роботтар қонақтарға сыйлық сөмкелері мен сусындар таратып, «тас, қайшы, қағаз» ойнап жарысқаны белгілі. Сол кеште роботтар би билеп, қонақтармен сөйлесіп, олардың көңілін көтерді. 20-ға жуық Optimus гуманоидтары бұл кеште инженерлердің көмегіне сүйенгенін, тіпті бір роботтың абайсызда сүрініп құлағанын да журналистерге компания өкілі Милан Ковак айтып берген. Кейінірек, компания роботтардың салмағы 10 кг жүкті тасымалдағаны, баспалдақпен көтеріліп, қызметкерлерге бөтелкелер мен попкорн таратқаны бейнеленген 90 секундтық әсерлі ролик жариялады.

Бүгінде екі Optimus гуманоид роботы Tesla зауытында жұмыс істейтіні белгілі болды, бірақ олардың қандай міндеттер атқаратыны хабарланған жоқ. 

Масктің айтуынша, Optimus келесі жылы өндіріске енгізіледі. Бұған дейін ол «бірнеше мың» робот 2025 жылы Tesla-да жұмыс істеуі мүмкін екенін де жариялаған. Оның айтуынша, жаппай өндіріс 2026 жылы басталуы тиіс. Бұдан кейін Optimus-тың саны да, сапасы да өсіп, роботтар Tesla-ны «25 триллион доллар» тұратын компанияға айналдырады.

Tesla гуманоид роботтарды дамытып жатқан жалғыз компания емес. Оннан астам компаниялар ұқсас технология бойынша Boston Dynamics, Figure AI, Apptronik және Toyota Research Institute нәтижелі жұмыс істеуде. Бұндай гуманоидтар туралы Aikyn.kz көптеген материалдарында жазған болатынбыз. Іздеу жолағына «гуманоид» деп теріп, оқи аласыз.

2040 жылға қарай Қазақстан халқының болжамды саны

Жынысы мен жасы бойынша топталған демографиялық пирамида. Скриншот populationpyramid.net сайтынан алынды

2100 жылға қарай Қазақстан халқының болжамды саны

76 жылдан кейін де бүгінгі Өзбекстан халқының санына жете алмайды екенбіз. Скриншот populationpyramid.net сайтынан алынды

Қысқаша тұжырым

Гуманоид роботтардың санын есептеу кезінде біз populationpyramid.net ресурсына жүгіндік. Ғылыми дереккөз ретінде қолданылатын populationpyramid.net сайтындағы демографиялық пирамидалар әлем халқының саны 2040 жылға қарай 9,2 млрд адам болады деп болжайды. Қазір 8,2 млрд.

Бізге Қазақстан халқының болжамды саны қызықты болып көрінді. Сайттағы диаграмма бойынша биыл қыркүйекте 20,2 млн адам болған. Салыстырмалы түрде 2024 жылы көршіміз Өзбекстан халқы 37 млн адам, Ресей халқы 144,8 млн, Қытайда 1,42 млрд адам өмір сүреді.

2040 жылға қарай Өзбекстан халқы 9 млн-ға өссе, Қазақстан 4,2 млн-ға ғана өсіп, 24,3 млн боламыз. Қытай халқы кемиді – 1,34 млрд, Ресей халқы да азайып, 138 млн адам болады. Бұндай кему екі үлкен мемлекет үшін алдыңғы 100-200 жылда үлкен проблема туғызбасы анық.

Ал бізге өсу керек. Пайызбен санағанда 16 жылда біздің еліміз 20,7%, Өзбекстан 25%-ға өседі. Неге біздің өсіміміз төмен? Бұның бәрі біздің үкімет мүшелері, депутаттар мен демограф ғалымдар үшін жасанды интеллект жүйесінің көмегімен бірлесіп тексеретін болжамдар деп ойламыз. Бүгінде ғылымсыз ешбір мәселе оң, дәл шешілмейді. Оны Қазақстан Президенті де жиі айтады.

Нақты мәліметтерді мына populationpyramid.net сайтынан алуға болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.