Музыканы қатты қойып тыңдау саңыраулыққа әкелуі мүмкін. Жаңа зерттеу мұндай болжамды тағы бір дәлелдеді.
Қорқынышты зерттеу: 1 миллиард  жас адам кереңдікке ұшырауы мүмкін
1,4 млрд жасөспірім мен жастардың музыканы қатты қойып тыңдау дағдысы есту қабілетінің жоғалуына алып келуі мүмкін. Фото snexplores.org сайтынан алынды. Getty Images / AaronAmat
1,373
оқылды

Aikyn.kz жақында BMJ Global Health Journal журналында жарияланған зерттеуге сүйеніп, музыканы қатты дыбыспен тыңдау мен саңыраулықтың арасындағы байланысты түсіндіреді.

Дыбысы жоғары музыканың әсер етуі құлаққаптар мен жеке тыңдау құрылғыларын қолданудан болады. Фото shutterstock.com сайтынан алынды. Авторлығы: Zdan Ivan

Америкалық пен еуропалық зерттеушілер тобының жүргізген зерттеу нәтижелері 1,4 млрд жасөспірім мен жастардың музыканы қатты қойып тыңдау дағдысы есту қабілетінің жоғалуына алып келуі мүмкін екенін көрсеткен. Зерттеу дизайны мен қорытындылары BMJ Global Health Journal журналында жарияланған.

Бұл талдау жұмысында 12 мен 34 жас аралығындағы 19 мыңнан астам адам қатысқан 33 зерттеудің деректері талданған. Зерттеушілер тобы қатты музыканың әсер етуінің екі негізгі себебіне назар аударған: құлаққаптар мен құлаққап сияқты жеке тыңдау құрылғылары және жанды музыкалық іс-шаралар.

Талдау барысында жастардың шамамен 24%-ы музыканы өз құрылғыларында есту қабілетіне зиян келтіретіндей жоғары дыбыстық жиілікте тыңдайтынын анықталған. Сонымен қатар жастардың 48%-ы музыканы концерттерде, клубтарда және театрларда қауіпті дыбыс деңгейінде тыңдайды екен. Осындай екі сценарий қосыла келе құлақта пайда болатын шуылға немесе есту қабілетінің мүлдем жоғалуына алып келеді.

Қатты қойылған музыканы тыңдау тиннитус және NIHL сияқты өмір бойы есту проблемаларына алып келеді. Фото hindustantimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock

Жоғары дыбыс деңгейінде тыңдау құлақтың ұдайы шуылдауы (тиннитус)  және NIHL сияқты өмір бойы есту проблемаларына алып келетінін ғалымдар дәлелдеген. Әлемде 12 мен 34 жас аралығындағы шамамен 2,8 миллиард адам бар.  Зерттеушілер осы жастағы адамдарға есту қабілетінің тұрақты жоғалу қаупі төнгенін ескертіп, дабыл қағуда.

Бұл жаңа зерттеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) 2015 жылғы есебіне негізделген. Онда да шамамен 1 миллиард жасөспірім осындай тәуекелге ұшырағаны  айтылған еді. Мәдени, қоғамдық іс-шараларда қатты дыбыс үдеткіш құрылғыларды және қауіпті тыңдау әдістерін қолданудың көбеюі кереңдік тәуекелін күшейтуде.

Зерттеушілер тобы әлемдік көшбасшыларды қауіпсіз тыңдау әдеттерін ынталандыру үшін әрекет етуге шақыруда. Адамның есту қабілетін сақтау қарапайым жолмен іске асырылады. Ол үшін әрбір адам өзі қолданатын құрылғылардағы дыбыс деңгейін төмендетіп, бұқаралық іс-шараларда құлақтарын арнайы құлаққаппен сақтаса жеткілікті.

Бүкіл әлемді қазақ әуеніне ғашық еткен Димаш Құдайберген үшін де ұлт композиторлары есті әндерді көбірек жазса екен!  Фото en.dimashnews.com сайтынан алынды

Жақсы музыка адамның рухани кеңістігін ашады, тәрбиелі тұлға болып қалыптасуға көмектеседі. Бұл туралы ұлы Абай атамыз да ескерткен:

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар...». Дәл айтылған сөздер емес пе?!

Бүгінде ғалымдар Альцгеймер ауруын да музыкамен емдеуге болатынын көрсетіп берді. Қазақ жастарының да ақылды, тәрбиелі болып қалыптасуында олардың тыңдайтын музыкасының мазмұнына ғана емес, дыбысының құлаққа жағымды деңгейде болуын да қадағалау керек. Қатты дыбыстар бірнеше жылда кереңдікке алып келуі мүмкін екенін замандастар білгені жақсы.  

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.