Робот күрделі хирургиялық отаны адам сияқты шебер орындаған. Адам хирургке ондай отаны жасауды үйренуге көптеген жылдар керек болса, робот видеолар көріп үйрене алады.
Робот видеоларды өз бетінше көріп, хирургиялық ота жасаған
Робот хирургиялық әрекеттерді адам сияқты жақсы орындап қана қоймай, өз қателерін түзетуді де үйренген. Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Amirhossein Kargarzadeh
1,239
оқылды

Арнайы түсірілген видеолармен үйретілген роботтардың ота жасау шеберлігі туралы жазған newatlas.com сайтындағы материалға сүйенген Aikyn.kz медицинада ЖИ-ді қолдану перспективаларын талдайды.

Da Vinci-дің бағасы 2 миллион АҚШ долларынан асады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Intuitive

Хирургиялық видеолармен үйретілген жасанды интеллект үлгісін пайдаланған роботтық жүйе күрделі хирургиялық тапсырмаларды адам сияқты шебер орындаған. Бұндай күрделі оталарды жасауға хирургтер көп жылдар бойы тәжірибе жинау арқылы үйренсе, роботтар заманауи жасанды интеллект технологиясының көмегімен ондай процедураны оңай меңгере бастаған.

Джонс Хопкинс (JHU) және Стэнфорд университетінің зерттеушілері роботты хирургиялық жүйеге медициналық процедуралардың видеоларын үйрету арқылы кәсіби хирургтер сияқты бірқатар оталарды тиімді орындауға үйреткен.

Команда бұл зерттеу үшін Da Vinci хирургиялық жүйесін пайдаланған. Роботтандырылған бұл жүйені әдетте кесу, сору және тамырларды жалғау сияқты тапсырмалар үшін хирург қашықтан басқарады. Мұндай жүйелер хирургтерге анағұрлым үлкен бақылау, жоғары дәлдік және операция үстеліндегі науқастарды жақынырақ қарауға мүмкіндік береді. Da Vinci-дің соңғы нұсқасының бағасы 2 миллион АҚШ долларынан асады және бұл сомаға керек-жарақтар, зарарсыздандыру жабдықтары немесе оқыту кірмейді.

Ұқсастыра (имитация) оқыту деп аталатын машиналық оқыту әдісін қолдана отырып, зерттеу тобы Da Vinci хирургиялық жүйесін үш тапсырманы адамның көмегінсіз дербес орындауға үйретті: инемен жұмыс істеу, дене тінін көтеру және кесілген жерді тігу.

Робот-жүйе хирургиялық әрекеттерді адам сияқты жақсы орындап қана қоймай, өз қателерін түзетуді де үйренген. 

«Мысалы, егер ол инені түсіріп алса, оны автоматты түрде алып, жұмысын жалғастырады. Мен оған бұны үйреткен емеспін», – дейді Джон Хэйзел университетінің доценті Аксель Кригер.

Зерттеушілер ЖИ моделін имитациялық оқытуды ChatGPT сияқты танымал чат-боттарды басқаратын машиналық оқыту архитектурасымен біріктіру арқылы оқытқан. Модель хирургиялық процедуралар кезінде Da Vinci роботтарының қолына орнатылған камералардан түсірілген жүздеген видеоларды көрсетіп оқытылған. Видеоларды көрсетіп оқыту роботты кез келген хирургиялық процедураны тез және оңай орындауға үйрете алады. 

Роботты бірнеше күнде әртүрлі хирургиялық оталарды жасауға үйретуге болады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Intuitive

Кригердің айтуынша, әртүрлі процедуралар үшін симуляциялық жаттығуларды біріктіру арқылы роботты бірнеше күн ішінде әртүрлі хирургиялық оталарды жасауға үйретуге болады. Бұл медициналық қателерді азайтып, дәл хирургияға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұл жаңалық – роботты хирургия әлеміндегі соңғы жылдардағы ең үлкен жетістіктердің бірі. Қазірдің өзінде Corindus CorPath жүйесі сияқты кейбір автоматтандырылған құрылғылар жүрек-қан тамырларына ота жасауда қолданылып келеді. Бірақ олар хирургиялық оталардың белгілі бір кезеңдерімен ғана шектеледі.

Джонс Хопкинс университетінің зерттеушілері қазір роботты толыққанды ота жасау үшін имитациялық оқыту әдісін қолдана отырып үйретумен айналысуда. Мамандардың айтуынша, бірнеше жылдан кейін роботтардың хирургтарды толығымен алмастыратынын көре аламыз. Мұндай инновациялар күрделі медициналық процедураларды бүкіл әлем бойынша пациенттер үшін қауіпсіз және қолжетімді ете алады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.