Еуроодақ ғалымдары биылғы 2024 жыл әлемдегі ең ыстық жыл болғанын жариялады. Бірақ бұл «енді климат салқындайды» дегенді білдірмейді.
Ла-Ниниа келсе әлемдегі климат салқындай ма?
2024 жыл – ең ыстық жыл болған. Фото bobrcb.by сайтынан алынды
688
оқылды

Reuters агенттігі еуропалық ғалымдардың климатқа байланысты зерттеу нәтижелерін жариялады. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz «болашақта аптап ыстық бола ма?» деген сұраққа жауап іздейді.БҰҰ климаттың өзгерумен күреске 300 миллиард доллар бөлу туралы келісімге қол жеткізді. Кедей елдер бұл пакетті сынауда. Фото bobrcb.by сайтынан алынды

Дүйсенбіде (9 желтоқсан) Еуроодақ ғалымдары 2024 жыл ауа райын тіркеу басталғаннан бері адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болғанын мәлімдеді. Әлемнің бірнеше аймақтарында әдеттен тыс жоғары температура 2025 жылдың алғашқы бірнеше айында да сақталады деп күтілуде. Бұл тұжырымдар мен болжамдар Еуроодақтың климаттың өзгеруі жөніндегі Copernicus Climate Change Service (C3S) қызметінің деректері негізінде жасалған.

Осыдан екі апта бұрын БҰҰ-ның климаттың өзгерумен күреске 300 миллиард доллар бөлу туралы келісімге қол жеткізілген еді. Кедей елдер бұл пакетті климатқа байланысты апаттардың өсіп келе жатқан шығындарын жабуға жеткіліксіз деп сынауда.

Copernicus мәліметтері бойынша, қаңтар-қараша аралығындағы деректер 2024 жылдың рекордтық ең ыстық жыл болғанын және 1850-1900 жылдардағы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда орташа жаһандық температура Цельсий бойынша 1,5 градусқа өскенін көрсеткен. Биылға дейін ең ыстық жыл 2023 жыл болғанын ескерсек, жыл сайын жаңа рекорд жаңартылып отырғанын байқаймыз.Ғылыми зерттеулер климаттың антропогендік өзгеруінен апаттар көбейетінін болжауда. Фото euronews.com сайтынан алынды

2024 жылы экстремалды ауа райы жағдайлары әлемді шарпыды. Қатты құрғақшылық Италия мен Оңтүстік Америкада болды, қатерлі су тасқыны Непал, Судан және Еуропада тіркелді. Мексика, Мали және Сауд Арабиясындағы аптап ыстық толқындары мыңдаған адамның өмірін қиды, АҚШ пен Филиппинді жойқын циклондар соқты.

Жаңа ғылыми зерттеулер осы апаттардың барлығында климаттың антропогендік өзгеру іздерінің бар екенін растауда. Өткен ай да 2023 жылдың қарашасынан кейін рекордтық екінші ең жылы қараша болған.

«Біз әлі де рекордтық жоғары жаһандық температураға жақынбыз және кем дегенде келесі бірнеше ай бойы солай болуы мүмкін», – дейді Copernicus-тің климат жөніндегі ғылыми қызметкері Джулиен Николас.

Aikyn.kz әлемді шарпыған аптап ыстық туралы «100 градустан асатын аптап ыстық болады: миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді», «Калифорнияда топырақтың беткі қабатының температурасы 93,9°C болған»  және басқа да тақырыпта бірнеше материал жариялаған болатын.Ла Ниниа кезінде пассат желі күшейіп, мұхит тереңінен суық су жоғары көтеріледі, ауа салқындай бастайды. Фото viciebsk.cc сайтынан алынды

Климаттың өзгеруінің негізгі себебі қазбалы отындарды жағу кезіндегі көмірқышқыл газының шығарындылары болып отыр. Шығарындыларды таза нөлге дейін қысқартуды көптеген үкіметтер өздерінің бағдарламаларына қосуда. Бұл сәл де болса жаһандық жылыну процесін баяулатады деп болжануда. Дегенмен жасыл энергия көздерін дамыту уәделеріне қарамастан, жаһандық CO2 шығарындылары биыл рекордтық деңгейге жеткен.

Ғалымдар сонымен қатар мұхит бетінің температурасын салқындатумен байланысты Ла-Ниниа құбылысының 2025 жылы пайда болу мүмкіндігін зерттей бастады.

Ла-Ниниа (испанша La Niña)а –  Эль-Ниньоның суық аналогы саналатын мұхиттық және атмосфералық құбылыс. 

Ла-Ниниа Тынық мұхитындағы жел мен жерүсті сулары  температурасының өзгеруімен байланысты. Иллюстрация ecosphere.press сайтынан алынды

Ла-Ниниа Тынық мұхитындағы жел мен жерүсті сулары  температурасының өзгеруімен сипатталады. Ла Ниниа кезінде пассат желдері күшейіп, мұхит тереңінен суық су жоғары көтеріледі, ауа салқындай бастайды. Қысқамерзімді перспективада жаһандық температура төмендеуі мүмкін, дегенмен бұл шығарындылардан туындаған ұзақмерзімді жылыну үрдісін түбегейлі өзгерте алмайды.

«Ла-Ниниа орын алса, 2025 жыл 2024 жылға қарағанда сәл салқын болуы мүмкін. Бірақ бұл температура «қауіпсіз» немесе «қалыпты» болады дегенді білдірмейді. Біз қауіпті ыстық толқындарға, құрғақшылыққа, орман өрттеріне және тропикалық циклондарға әкелетін жоғары температура жағдайында өмір сүруге бейімделуіміз керек», – дейді Лондон Империал колледжінің аға оқытушысы Фредерик Отто.

Copernicus қызметінің жазбалары 1940 жылдан бері жүргізіліп келеді және 1850 жылға дейінгі жаһандық температура деректерімен салыстырылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.