Осыншалық байлықты ол аз уақытта қалай жинаған? Бәрі адал еңбекпен келген бе?
Бір адамның байлығы Қазақстанның барлық халықаралық резервінен 4 есе асып түскен
Қазақстанның таза халықаралық резервтері 105 млрд доллардан асады. Фото pikabu.ru сайтынан алынды
29,227
оқылды

Aikyn.kz беделді қаржы басылымдары жарыса жариялап жатқан мәліметтерді Quartz және Bloomberg материалдарына сүйеніп талдайды.

Tesla мен SpaceX бас директорының байлығы бүгінде 439 млрд доллардан асты. Фото wired.com сайтынан алынды. Авторлығы: Авторлығы: Getty Images / David MCnew

Бұл миллиардердің жанында Джефф Безос (244 млрд доллар) пен Марк Цукерберг (219 млрд доллар) өздерін тым кедей сезінуі мүмкін. Tesla және SpaceX бас директорының байлығы бүгінде 439 млрд доллардан асты. Ол адамзат тарихындағы ең бай адам саналады. Әрине, осынша ақша оның банктегі есепшотында немесе алтын құймаларында сақталмайды. Бұл оның иелігіндегі акциялар  нарығының өсімін, құнын көрсетеді.

Салыстыратын болсақ, Қазақстанның таза халықаралық резервтері 105 млрд доллардан асады. Бұл 2024 жылғы қыркүйектегі мәліметтер. Таза халықаралық резервтерге еліміздің валюталық активтері, монетарлы алтын және Ұлттық қордың қаржылары кіреді. Ал Илон Масктің байлығы бұдан 4 есе көп.

Tesla акциялары сәрсенбіде 415 доллар болып, жаңа рекорд жаңартты. Фото nbcnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Brandon Bell

Илон Масктың байлығының жылдам көбеюіне серпін берген SpaceX-тің нарықтағы құнының 350 миллиард долларға өсуі болды. Бұл өсім компанияны әлемдегі ең құнды стартапқа айналдырды. Сәрсенбіде (11 желтоқсан) SpaceX және оның инвесторлары компания қызметкерлері мен инсайдерлерден 1,25 миллиард долларлық акцияларды сатып алуға келісті.

«Шын мәнінде таңғаларлық нәрсе болды, инвесторлардың ешқайсысы 350 миллиард долларға бағаланған компания акциясын сатқысы келмеді! SpaceX жаңа инвесторлардың келуіне мүмкіндік беру үшін қызметкерлерден сатып алатын акцияларының санын азайтты», – деп жазды Маск өзінің X-тегі аккаунтында.

SpaceX-тен басқа, Илон Маск Tesla компаниясының бас директоры және X.Corp. қожайыны. Бұдан басқа Маск xAI жасанды интеллект стартапы, Neuralink ми чип фирмасы және The Boring Company туннель құрылысы сияқты бизнес құрылымдарға иелік етеді.

Tesla акциялары Дональд Трамптың президенттік сайлаудағы жеңісінен кейін күрт өсті. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Brandon Bell

Құрылғанына екі жыл болмаған xAI жақында 50 млрд долларға бағаланып, 6 млрд доллар инвестиция тартты. Бұл стартап мамыр айында 24 млрд долларға бағаланған болатын. Маск болса Tesla акцияларының 13%-дан астамына иелік етеді. Басқа да Масктің компаниялары сияқты Tesla да Дональд Трамп қарашада өткен президенттік сайлаудағы жеңісінен кейін күрт өсті. Сәрсенбіде (11 желтоқсан) оның бір акциясының құны 415 долларды құрап, жаңа рекорд жасады.

Инвесторлар соңғы апталарда Трамптың Илон Маск сияқты қолдаушысына көмектесетініне үміттенеді. Мысалы, Tesla автономды көліктерін басқару ережелерін жеңілдету мен электр көліктеріне 7 500 АҚШ доллары көлеміндегі тұтынушылық салық несиесіне шектеу қою сияқты шешімдер болатынына сенеді. Маск болса бұндай ынталандыруды жою Tesla-ға емес, оның бәсекелестеріне көбірек зиян тигізетінін айтуда. Сарапшылар да қысқа мерзімде біршама құлдырау болатынын күтуде. Дегенмен Tesla акцияларының құнының өсуіне компанияның өзін-өзі басқаратын көліктер мен гуманоид роботтар жасау жоспарлары да әсер еткен сияқты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.