Өткен аптада Қытай сирек кездесетін металдарды АҚШ-қа экспорттауға тыйым салды. Сарапшылар жағдай нашарлауы мүмкін екенін айтуда.
Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы күшейді
АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс күшейіп келеді. Фото Financial Times басылымынан алынды. Авторлығы: AP/Andy Wong
1,467
оқылды

Aikyn.kz екі ірі мемлекет арасындағы шиеленістің саудаға әсерін technologyreview.com сайтының мақаласына сүйеніп талдайды.

Галлий мен германий экспортына тыйымнан кейін келесі шектеулер электр көліктерінің батареяларына қажетті материалдарға енгізілуі мүмкін. Сурет Financial Times басылымынан алынды. Авторлығы: Ingram Pinn

Галлий мен германий жартылай өткізгіштер өндірісінде қолданылады. Келесі тыйым электромобильдерге қажетті батареялар жасайтын материалдар болуы мүмкін. Қытайдың өткен аптада галлий мен германийді АҚШ-қа экспорттауға тыйым салуы бұның ықтималдығын күшейтті. Екі ел арасындағы сауда шиеленістері күшейіп келеді.

Жаңа экспорттық тыйымдар үлкен экономикалық салдарға әкелуі мүмкін болса да, бұл даулы мәселенің бастамасы ғана болуы мүмкін. Қытай тек сирек материалдарда ғана емес, сонымен қатар таза энергияда, әсіресе аккумулятор жеткізу тізбегінде әлемдік көшбасшыға айналған. 

Бейжіңнің мұндай қатал шешімге баруы Байден әкімшілігінің озық жартылай өткізгіштерді дамытуға көмектесетін чиптер мен басқа технологиялардың экспортын Қытайға шектеуіне жауап сияқты. Жаңадан сайланған президент Дональд Трамп та Қытай тауарларына баж салығын енгізуге дайындалуда.

Қытай өндірісте қолданылатын галий, германий, сурьма және өте қатты материалдарды экспорттауға тыйым салды. Фото 3dnews.ru сайтынан алынды. Авторлығы: CNN

Осыған жауап ретінде Қытай өндірісте қолданылатын галий, германий, сурьма және өте қатты материалдарды экспорттауға тыйым салып, графит сатуды одан әрі шектемекші. Бұл материалдардың барлығы әскери және азаматтық технологияларда, ең бастысы, галий мен германий жартылай өткізгіштерде қолданылады. Сауда мен технологиялық соғыстар өткен жылдың шілдесінен бері АҚШ пен оның батыстық одақтастары Қытайға озық технологияларды сатуға тыйым салғаннан кейін күшейді.

Бұл металдар кездейсоқ таңдалған жоқ. Мысалы, галлий – боксит кенінен алюминий алғаннан кейін қалатын жанама өнім. Қытай әлемдегі ең ірі алюминий өндіруші ретінде бұл материалды өндіретін негізгі ойыншы болғысы келеді. Бірақ басқа елдер де галлий өндіре алғанымен, Қытайдың артықшылығы бар, өйткені Бейжің галлийді бөлу және тазарту технологияларын жетілдіруге мол инвестиция салған.

Бұған ұқсас жағдай батарея шығаруда да бар. Қытай литий-ионды аккумуляторларды жеткізудің бүкіл тізбегінде басым ойыншыға айналды. Осының бәрі бұл елде қажетті металдар қоры болғандықтан емес, соңғы онжылдықта Қытай тау-кен өндіру және өңдеу технологияларына салынатын инвестиция көлемін бірнеше есе арттырған.

Қытай сирек металдар қолданылатын өндірістік процестерді басқа елдер үшін әп-сәтте қиындата алады. Иллюстрация scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: Craig Stephens

Электрлі көліктерге қажет батареялар жасауда литий маңызды орынға ие. Әлемдегі литий қорының шамамен 8%-ын иемденген Қытай, әлемдегі өндіріс үшін өңделген литийдің 58%-ы осы елдің еншісінде. 

Басқа металдарға қатысты жағдай да осыған ұқсас. Индонезияда өндірілген никель Қытайға өңдеуге жіберіледі, Конго Демократиялық Республикасынан алынған кобальт та қытайлық зауыттардың еншісінде.

Бұл – германий, ол әскери және азаматтық технологиялар үшін керек жартылай өткізгіштерде қолданылады. Фото electricalschool.info сайтынан алынды

Соңғы екі онжылдықта Қытай ақшаны, ресурстарды және саясатты электрлі көліктерге құйып келеді. Қытай қазір электр көліктерін шығару бойынша әлемде көш бастап тұр. Ірі электр көліктерін өндірушілердің барлығы қытайлық компаниялар.

Литий бағасы өткен жылы 80%-ға арзандады, оның бір себебі электр көліктеріне сұраныстың бәсеңдеуі болса, екіншісі Қытайдағы литий өндірісіндегі өсім. Нарықтың сұранысын осылайша қанықтыру бағаның төмендеуіне себеп болды. Сондықтан Қытай басқа литий қолданылатын өндірістік процестерді басқа елдер үшін қиындата алады.

Қытай енгізген графитке шектеулер де аккумулятор нарығына әсер етуі мүмкін. Графит литий-иондық батареялар өндірісінде өте маңызды компонент. Carbon Brief баяндамасына сәйкес, жаңа тыйымдар батарея индустриясына немесе әскери мақсатта қолданылатын таза материалдарға қаншалықты әсер ететіні белгісіз.

Сауда мен технологиялық шиеленістер АҚШ пен Қытай арасындағы жағдайды қаншалықты өзгертетіні белгісіз. Фото 3dnews.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters 

Әзірге Қытай аккумулятор шығаруға қажетті негізгі материалдарды экспорттауға тыйым салған жоқ. Жаһандық сауда бүгінде өте саясаты нәзік әрі күрделі болып тұр. Қытайдың аккумуляторды жеткізу тізбегіндегі кез келген қадамы өзінің экономикасына да зиянын тигізуі мүмкін.

Бірақ материалдық саясаттың жаңа дәуірі басталған сияқты. Литийге, никельге немесе мыс пен графитке қосымша шектеулер жаһандық климаттық технологияға әсер етуі мүмкін. Өйткені батареялар тек электр көліктері үшін ғана емес, сонымен бірге болашақ жасыл энергия желілерінде де маңызды рөл атқарады.

Сауда мен технологиялық шиеленістер күшейіп жатқанымен, АҚШ пен Қытай арасындағы жағдай қандай болатыны белгісіз. Бұл белгісіздік технологиялық саланың жаһандық жеткізу тізбектерін бір ғана мемлекетке тәуелді етпей, әртараптандырудың қажеттігін туғызды. Саясаткерлер мен экономистер жеткізу тізбектерінің шын мәнінде қаншалықты күрделі екенін және олардың бұзылуы барлық тараптар үшін ауыр салдарларға әкелетінін жақсы түсінеді. Сондықтан мемлекеттік мүдде, геосаясат пен экономиканың арасалмағын табу қиындаған сайын, есті, парасатты шешімдерге сұраныс та күшейгені байқалады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.