Байқағанымыз, Анталия көне мен жаңаны, ескі мен заманауиді сәтті ұштастыра білген екен. Сан ғасырлық тарихы бар тастардың жанында коммерциялық нысандар өзара үйлесімді.
Көне мен жаңаны ұштастырған Анталия
Фото: автордыкі
2,903
оқылды

Өткен аптада Түркияның Анталия қаласына сапарлап қайттым. Бір аптаға жетер-жетпес уақыттың көбі жергілікті Ақдениз университетінің қалашығында өтті. Бұл шаһарға жолымыз күнде түсе бермейтіні белгілі. Сондықтан үйге қайтар күннен бір күн бұрын шаруамызды аяқтап, қаланы көріп шығуға ниеттендік. Осы көргенімізді Aikyn.kz оқырманымен де бөлісуді жөн санадық. 

«Анталия» сөзінің түп-төркіні ертеде болса керек. Қаланы б.з.д. 150 жылы Атталос есімді патша құрып, соның есімімен аталып кеткен дейді. Жылдар өтіп, ғасырлар жылжып соғыстың сан түрін көрген бүгінгі Түркия жеріне ХIII ғасырдың басында Орта Азиядан селжүктер барып, атой салған екен. Осы кезде «Атталия» атауы «Адалия» деп өзгеріп, бүгінгі атауы қалыптасқан деген аңыз бар. Екі ғасырдай түрлі түркі тайпаларының қолында болып, XV ғасырда толықтай Осман империясының қарамағына өтеді.

Анталия – демалуға арналған қала. Қысы-жазы туристердің легі толастамайды. Біз барған желтоқсан айының екінші аптасының өзінде шетелдік туристер толып жүр. Ауа температурасы шамамен +15°C. Түріктердің өздері «қазіргі ауа райы өте суық» деп налыса, біз үшін кәдімгі қоңыр күз. Бұлт арасынан күн көрінсе тіпті ысып кетеді.

 

Желтоқсанда теңіз суы салқын болған соң жағажайда адамның қарасы аз. Суға түсіп жатқан тіпті ешкім жоқ. (Суын қайдам, жағасын өзіміздің Алакөлге ұқсаттық). Көкжиекке ұласқан көк теңізден басқа көзге ілінер ештеңе көрінбейді. 

Шамаман екі шақырым жаяулатқан соң, кемелер айлағына да жетесіз. Жол бойы пальмалар жайқалып, мандарин пісіп өсіп тұр. Айлаққа жеткенде жүздеген кемеге көз түседі. Таңдаған кемеңізге отырып (әрине ақылы), Ақденизді (Ақ теңізді) шарлап шығуға мүмкіндігіңіз бар. Халықаралық атауы бар Жерорта теңізін өздері солай атайды.

Дем аламын деген адамға дүниенің бар қызығы осы маңға әдейі жинастырылғандай. Ойын-сауыққа қызыққан адам да, елден жырақ кетіп, өз-өзімен ғана қаламын деген адам да қажетін табады. 

Сөз басында жаздық, Анталия курорттық аймақ болғанымен, тарихы тереңге кетеді. Сол ертеден қалған жәдігерлер көп-ақ. Мысалы, Адриан қақпасы деген ескерткішке назар салайық. 

Салынған уақыты 130 жыл (иә, қате кетпеді, бір жүз отызыншы жыл, яғни екінші ғасырдың үшінші он жылдығы). Сол кездегі Рим императоры Адриан Атталияға қонақ болып келгенде, қарсы алу үшін әдейі салған дейді. Археологтардың жазуы бойынша, қақпаның осындай сапалы қалпында сақталуының бір сыры бар. Өткен ғасырдың ортасына дейін Адриан қақпасы қаланың жалпы қорған-қақпасының ішінде қалып, көп өзгеріске ұшырамаған екен. Тек қазба жұмыстары нәтижесінде табылып, бүгінде Анталияның көрікті мекендерінің біріне айнала білді. 

Бұл қалаға солтүстіктен келгендерге арналған қақпа. Теңіз жақтан (яғни оңтүстіктен) келгендер де биік дуалдарға тіреледі. Қазіргі уақытта дуалдардың арасынан небір жол салып алған екен. Ертеректе тек мынадай сатылармен ғана жоғары көтерілуге мүмкіндік болған.

Байқағанымыз, Анталия көне мен жаңаны, ескі мен заманауиді сәтті ұштастыра білген екен. Сан ғасырлық тарихы бар тастардың жанында коммерциялық нысандар өзара үйлесімді. Бұл сәйкестік пе, қала жоспары солай жасалған ба, оны білмедік. Тек көзге анық көрініп тұрғаны - сол.

Көзбен көрген, сондағы білгендерден естіген бір қызықты әңгімені жаза отырайық. Анталияның көз тартар ескерткіштердің бірі – «Сағат мұнарасы». Бұл сағатты ХХ ғасырдың басында Осман империясы соңғы сұлтандарының бірі Абдулхамитке неміс патшасы сыйға тартса керек. Кейін 40-жылдары Анталияда дүлей дауыл болып, күмбезін ұшырып әкеткен дейді. Тек 2022 жылы ғана қала әкімшілігі мұнараның күмбезін орнатып, қайта қалпына келтірген екен. 

 

Құрметті оқырман, бұл шағын жазбамыз осымен тәмам. Әрине, көргенімізден көрмегеніміз көп. Мысалы, Анталияның атақты археология мұражайына кіре алмай кетсек (біз барған уақытта жабық болды), көпшігілі аңыз ретінде айтып жүретін Анталия сарқырамасына да жете алмадық. Сонымен қатар Жамбыл атындағы саябаққа, биыл ғана сол жерге орналастырған домбыра ескерткішіне барып көруді де келесі бір сапарға қалдырдық. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, Астана – Анталия – Астана