Биыл – ақын, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл. Осыған орай оқырмандарға бір дүние ұсынсақ деп жүргенімізге көп болды.
Сәкен Сейфуллиннің «Ақан сері» өлеңіндегі қызық екі дерек
4,149
оқылды

Қарапайым оқырманға ұсақ-түйек ретінде көрінсе де, ғылым үшін осындай азғантай ақпараттар үлкен бір жаңалыққа жол ашуы мүмкін. Осы мақаланы жазғанымыздың себебі де сол.

Биыл – ақын, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл. Осыған орай оқырмандарға бір дүние ұсынсақ деп жүргенімізге көп болды. Дегенмен Сәкеннің көпшілік білетін «Тау ішінде» немесе  «Көкшетау» әндері жайлы қайта баяндап, басқаларды қайталағымыз келмеді. Сондықтан тың мәлімет іздеп жүрген едік. Әрі тапқандай болдық.

«Сенсация» деп атойламасақ та, қалың көпшілікке беймәлім өлеңдеріне кезіктік. Бұл өлеңдер 2004 жылы жарық көрген Сәкен Сейфуллиннің көп томдық шығармалар жинағында жарияланған. Қызыққанымыз 2-томда басылыпты. Ақын Арқаның маңдайалды тұлғаларына жеке-жеке өлең арнаған екен. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан шолақ, Қажымұқан сынды өнер иелеріне ондаған шумақ жыр жазып кеткен.

Біздің назар аударғанымыз – «Ақан сері» деген атпен жарияланған жыр шумақтары. Алдымен оқып көрейік:

...Тағы да үздік шыққан одан бері,

Зарланған «сырлы мінез» Ақан сері.

Зарлы әнмен, көркем күймен, сырлы өлеңмен,

Шарықтап өрлеп көкке шыққан шері.

 

Әнінен исініп жұрт таң болатын,

«Түскен деп әнін тыңдап көктен пері».

Жатқа алып қыз-бозбала құмарланып,

Жайылған Сарыарқаға «Құлагері».

 

Құбылған әні көркем гауһар түрлі,

Күйлеген нәзік сезім «жұмбақ» жырлы.

Махаббат, қасіретін күй ғып шерткен,

Әндері, өлеңдері нәзік сырлы.

 

ЬІрғалтып шырқағанда көркем әнін,

Келтіріп нәзік нақыс әннің сәнін.

Әндері «Сырымбет» пен «Үш тоты құс»,

Елтіткен тыңдаушының жан мен тәнін.

 

Шырқайды Ақан әнін ой мен қырда,

Жайылған қазақ түгіл, қыр мен сырға.

Ақанның «Сырымбетін» башқұрт қызы,

Ырғалтқан Мәскеуде үлкен театрда.

 

Мәскеуге көрнекке жұрт барысқанда,

Әр жақтың бар өнері жарысқанда.

Әр елдің әншілері театрда,

Әндерін көп алдында салысқанда.

 

Көпшілік талай әнге онша бақпай,

Отырған талай әннің бірі жақпай.

Салғанда Ақан әнін башқұрт қызы,

Әлеумет тыңдай қалған кірпік қақпай.

 

Сол сында Ақан әні пар іздеді...

Көлдегі аққу әні тәрізді еді.

Ақанның «Үш тоты» мен «Сырымбетін»,

Таңғалған естігенде Парижде де.

Біз ақын да, сыншы да емеспіз. Өлеңнің құрылымы мен ішкі сипаты жайлы ештеңе айта алмаймыз. Ондай керек те емес. Біздің бұл жерде назар аударғанымыз – басқа жайт. Нақтырақ айтсақ, екі деталь (екі тұсы).

Алдымен, бесінші шумаққа назар салайық. Сәкен былай дейді: “Ақанның «Сырымбетін» башқұрт қызы, Ырғалтқан Мәскеуде үлкен театрда”. Және жетінші шУмақта тағы қайталайды: “Салғанда Ақан әнін башқұрт қызы…”. Енді кеңінен тарқатайық.

Біздің заманымызда Қазақстаннан тыс тұратын адам қазақ әнін айтса «ойхойлап» шығамыз. Әлеуметтік желіге салып, «жарайсың» дегенге басамыз. Сәкен екі шумақта Ақан серінің «Сырымбетін» басқа ұлт өкілі Мәскеуде айтқан дейді. Түбіміз түрік десек те, бөтен жұрт, өзге ел өкілі екені белгілі. Сондықтан зер салғанымыз орынды деп санаймыз.

“Қашан айтты?” деген сұраққа жауап табу қиын емес. 1936 жылы Мәскеуде Қазақстан өнер мен мәдениеті күндерінің онкүндігі өткен. Өлеңде жазылған Үлкен театрда. Сәкен де делегация құрамында болғаны барлығымызға аян. Біздің пайымдауымызша, башқұрт қызының ән айтқаны дәл осы уақыт болуы керек. Ал өтініш жасаған А. Затаевич болуы әбден мүмкін. Өйткені 1923 жылы Мәскеуде алғаш концерт ұйымдастырғанда орыстың, белорустің небір мықты әншілеріне қазақша ән салдырған осы Затаевич болатын.

Өкінішке қарай башқұрт қызының есімі белгісіз. Бірқатар мұрағаттық құжаттардан іздеп тырысқанымызбен алдымыздан шықпады. Десе де осы тақырыптың артына түсіп, іздеген жан анық-қанығына жетеді деген сенімдеміз.

Жалпы Сәкен ән мен күйді өте жақсы көрген азамат еді. Оны көптеген көзкөрген естеліктен оқи аламыз. Мысалға, Елубай Өмірзақовтың Сәкен Сейфуллинге арналған көп томдық шығармалар жинағының 12-томында мынадай үзінді оқуға болады.

Елубай Өмірзақов: “Сәкен ағамен өткізген бір түн әлі есімде. Жаздың бір самалды кешінде біз терезені ашып тастап, ән шырқап ақын аға төрінде отырғанбыз. Күйші Әбікен Хасенов пен мені Сәкен қонаққа шақырған еді. Бізбен бірге менің институттағы ұстазым Молдағали Жолдыбаев та болды.  Сәкен: “Молдеке, сіз театрға көп бара бермейсіз, шәкіртіңізді тыңдап көріңіз” деп маған алдымен сүйікті “Сарыарқасын” айтқызған еді. Аяңшыл ақ боз атпен айлы түнде сылаңдатып келе жатқан жас жігіттің тау күңіренте салған махаббат әні Сәкен ағаның сұлу кескініне сүйкімді күлкі ұялататын. Өзіне ғана жарасты күлкі бар еді. Әбекең “Сарыжайлау” мен “Сылқылдақты” тартқанда, “Көкейкестіге” басқанда көңілі қатты толқып үнсіз отырып қалатын. “Күй төресі осы-ау, осы ғой” дей беретін, – деп жазады.

Құрметті оқырман, енді әуелгі айтпақ әңгімемізден алшақтап кетпей, Сәкен Сейфуллиннің «Ақан сері» өлеңіне оралайық. Бізге тағы қызығы бар ең соңғы екі жолы: «Ақанның Үш тоты мен Сырымбетін, Таңғалған естігенде Парижде де» деген жері. Бұл жерде Әміренің Парижге барып, ән айтқанына меңзеп тұрғаны анық. Әміретану ғылымында әншінің Парижде айтты деген әндерінің тізімі белгілі. Ішінде бұл екі ән жоқ. Сәкен де ойынан қосып, ұйқас үшін жаза салмағаны анық. Парижден келгенде Әміренің өз ауызынан «Үш тоты мен Сырымбетті Парижде айттым» дегенді естуі әбден мүмкін.

 

Қарапайым оқырманға ұсақ-түйек ретінде көрінсе де, ғылым үшін осындай азғантай ақпараттар үлкен бір жаңалыққа жол ашуы мүмкін. Осы мақаланы жазғанымыздың себебі де сол. Және де болашақ зерттеушілерге поэзия да дереккөз ретінде қолданылып, қызық мәліметтерді табуға болатынын көрсетпек ниетіміз бар еді.

 

Рүстем Нүркенов, өнер зерттеушісі