Мерекелік кеште «Динамо» аула клубы бір жылдық жұмысын қорытындылап, үздік спортшыларды марапаттады. Сонымен қатар еліміздің чемпиондары мен түрлі республикалық байқаулардың жеңімпаздарына мерекелік құрмет көрсетілді. Мейрам қарсаңында спорт пен дене шынықтыруды дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлестері үшін алғысхаттар табысталды, түрлі сыйлықтар үлестірілді. Ән мен би, әсем күй төгілген салтанатты жиында кадет сыныбы оқушылары ұсынған әскери патриоттық қойылым көрерменнің ықыласына бөленіп, кеш шырайын аша түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы спорттық бәсекелерден жағымды жаңалық көп. «Динамо» аула клубының 5 тәрбиеленушісі таэквондодан ұлттық құрама сапына алынды.
– Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының және қалалық Полиция департаментінің қолдауымен «Динамо» аула клубында жастар мен бүлдіршіндерге, Астана қаласы аула клубтарының тәрбиеленушілеріне арнап, әскери патриоттық бағытта жылдық қорытынды және жаңа жыл құрметіне мереке өтті. Көзге түскен үздіктерді жеке марапаттадық. «Динамо» аула клубы бұл спорт қана емес, тағы әлеуметтік дағдыны дамытатын үлкен орта саналады. Мәселен, робототехника, тауға өрмелеу және нысана көздеу сияқты үйірмелер де бар. Кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспекциясының есебінде тұрған жасөспірімдер де осында дене шынықтырады. Саламатты өмір салтын ұстанады. Қазіргі күні клуб бірқатар федерациямен ынтымақтастық орнатты. Бұл арқылы болашағынан көп үміт күттіретін жастардың шеберлігі шыңдалады, – деді қала әкімдігі жанындағы «Астана жастары» ЖРО» КММ аула клубтарын дамыту бөлімінің басшысы Олжас Хамитов.
Олжас Хамитов «Динамо» аула клубында қоян-қолтық ұрыс бойынша спорт шеберлері мен үміткерлер бар екенін айтты. Жалпы, бұл аула клубындағы 12 үйірмеге 500-ге жуық бала қатысады. Оның ішінде 120-ға жуық бала әртүрлі үйірмелерде тегін тәрбиеленеді. Олардың арасында болашағынан үміт күттіретін жасөспірімдер көп.
– Мен 10 жылдан бері таэквондо спортына қатысып, жаттығып келемін. Қара белбеу екінші дан иегерімін. Жетістіктерге жеткізген бапкеріме рақмет айтамын. Жаңажылдық кеш өте көңілді болды. «Динамоға» сыйлықтары үшін рақмет айтамын, – деді «Динамо» дене шынықтыру және спорттық қоғамының тәрбиеленушісі Әдемі Жалғасбаева.
Ал каратэ үйірмесіне қатысушы Руханиятқа жаңажылдық кеш қатты ұнады. – Кеш өте көңілді болды. Каратэде жеткен жетістіктерім бағаланып, сыйлықтар алдым. Ұйымдастырушыларға көп-қөп алғыс айтамын. Келе жатқан жаңа жыл барлықтарыңызға құтты болсын, – деді ол.
Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі көптеген аула клубтары жұмыс істейді. Олар жасөспірімдерді спортқа баулып, саламатты өмір салтын сақтауға, қабілеттерін шыңдауға және шығармашылық бастамаларына қолдау көрсетіп, идеяларын жүзеге асыруға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағыт-бағдар береді. Әдетте, мұндай клубтар бір ауданда тұратын оқушыларды топтастырып, жасөспірімдердің уақытын тиімді жоспарлауға үйретеді. Бүгінгі күні Астанада 13 аула клубы, 4 коворкинг орталығы жұмыс істейді. Онда 7 000-ға жуық жасөспірім түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысып жүр. Мұнда әсіресе аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар үшін, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін тегін үйірмелер бар.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ