Бүгінгі әлемнің ең басты тауары – ақпарат. Өзіне қажет контентті табу үшін адамдар неге көп уақыт жұмсайтыны туралы bgr.com сайты арнайы мақала жариялады. Aikyn.kz осы мақалаға сүйеніп, мол ақпараттың ортасында адамдар неге тұншығатынын талдайды.
Адамның қолында тым көп ақпарат болған сайын, оның ішінен керегін таңдау үлкен проблемаға айналды. Фото cmphmao.ru сайтынан алынды
Адамдар әрбір тамшысы өте маңызды болып көрінуі мүмкін ақпарат мұхитында жүргендей сезінеді. Бірақ оның бәрі сіз үшін маңызды емес. Ал өзіңізге қажеттісін табу үшін адам миллиардтаған террабайт деректерді сүзгіден өткізіп, талдап отыруы керек. Ғалымдар бұған бір адамның ғұмыры жетпейтінін айтады.
Стримингтік қызметтер (ағынды видео) дәуірі тұтынушылар мен көрермендерге бұрын болмаған артықшылықтар әкелді. Олар кез келген уақытта сұраныс бойынша жоғары деңгейлі контентті таңдай алады. Netflix сияқты стримерлер мыңдаған телешоулар мен фильмдер бар керемет үлкен көлемдегі кітапханаларын ұсынады. Олар күн сайын, апта сайын жаңарып отырады. Бұндай молшылық парадоксальды түрде өз проблемасын тудырады.
Бұрын ақпарат сирек және құнды ресурс болған кезде (2-3 телерадио арна, 3-4 газет-журнал), ақпаратты іздеушілер маңызды ақпараттар мен деректерді іздеу, жинау және талдауға көп уақыты мен күшін жұмсамайтын. Бүгінгі «ақпараттық аңшылар» мүлдем басқаша жағдайда өмір сүруде. Қазіргі адамдар ақпаратқа тұншыға бастады. Адамның қолында тым көп контент болған сайын, оның ішінен керегін таңдау үлкен проблемаға айналды.
UserTesting тапсырысы бойынша,Talker Research жүргізген зерттеу көрермендер қызықты жаңа контент іздеуге жылына 110 сағатын (бес тәулік) жұмсайтынын анықтаған. Осынша уақытын әртүрлі стримингтік қолданбаларды ақтарумен ғана өткізеді екен.
Көрермен қызықты контент іздеуге жылына 110 сағатын (бес тәулік) жұмсайды. Фото bgr.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Becon
365 күннен тұратын бір жылда бес күн ұзақ болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ дүйсенбіден сенбіге дейін басқа ештеңе істемей тек Netflix, Hulu, Max және Disney+ сияқты қолданбаларды айналдырып отырғаныңызды елестетіп көріңізші.
«Ағынды ландшафт контентке қол жеткізу мәселесін шешуден жаңа фильм табу проблемасына айналып барады», – дейді UserTesting-тің аға директоры Бобби Мейкснер.
Бір сөзбен айтқанда, молшылықтың өзі жақсы емес екені белгілі болды. Ақпараттың шамадан тыс көп болуы «ақпараттық тұншығу» деп аталатын құбылысқа әкелді. Біз жаңалықтар, мақалалар, хабарламалар, ұсыныстар ағынына батып барамыз. Психологиялық тұрғыдан бұл сезім жүйкеге шамадан тыс салмақ салады.
Ақпаратты шамадан тыс қабылдау, оны ұдайы түсінбей тұтыну – айналасында болып жатқан процестерді түсінбейтін, сын-қатерлерді ажырата алмайтын «пассивті пайдаланушыларды» жасайды. Смартфоннан көздерін алмайтын жастар осының дәлелі. Контентке тұншыққан олар ойлау, талдау, терең түсіну қабілетін жоғалтуда. Сондықтан ғалымдар ақпаратқа қанығу, деректердің үлкен ағынына «тұншығу» проблемасын қазіргі қоғамдардың «өте өзекті проблемасы» деп дабыл қағуда.
Өйткені тым көп ақпараттың ішінен пайдалысын, тұлғаны тәрбиелейтін контентті табу мәселесі тек технологиялық ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-психологиялық проблемаға айналды. Қазақ ұлтының цифрлық әлемде сақталуы да, шайылып, жойылып кетуі де жаңа жағдайға бейімделу қабілетімізге байланысты болып қалды. Бізге ақпараттың саны мен көлемінен гөрі оның сапасы маңызды екенін түсіну керек.
Адамның миы тым көп ақпаратты талдай алмаған кезде дұрыс шешім қабылдай алмайды. Фото dzen.ru сайтынан алынды
Психологтер бүгінгі адамдарға «ақпараттық шаршау» жаңалықтарды үздіксіз тұтынудан, подкастар тыңдап, әлеуметтік медиаға тәуелді болудан туындайтынын айтуда. Бұл – зейін мен мотивацияны жоғалтуға, ашуланшақтық және депрессияға алып келеді. Мамандар адам тым көп ақпаратпен бетпе-бет келген кезде, оның миы стресті сезіне бастайтынын айтады. Осылайша, адам ақпараттан пайдалы мағына табу және шешім қабылдау мүмкіндігін жоғалтады.
Біздің ойымызша, өзіміздің адами қасиетімізді жоғалтпауда бізге ЖИ (жасанды интеллект) көмектесуі мүмкін. Арнайы алгоритмдермен үйретілген ақылды машиналар адамның миы сұрыптап үлгермейтін үлкен деректерді автоматты түрде өңдеп, бізге шағын қажетті түйінін ұсынады. Болашақта бұндай құралдар көп болғанымен, олар жаппай бұқара аудиторияға қолжетімді болмайды деп ойлаймыз.
Бұның екі түрлі себебі бар: бірінші, оны қолдану бағасы жоғары болады; екінші, саяси билік ондай құралдардың қарапайым халыққа қолжетімді болғанын қаламайды. Өйткені билікке ақылды қоғамды, білімді адамдар тобын басқару қиын.
Биыл Америкада өткен президент сайлауы кезінде қоғамдық пікірді қажетті арнаға бұру үшін білікті мамандар ғана ажырата алатын «нәзік технологиялар» қолданылды. Ақпараттың молдығы, бұқара халықтың оған «тұншығуы» сайлау кезінде саяси күштерге олардың санасын бұрмалауға мол мүмкіндік береді. Қарапайым сөздермен айтсақ, ақылды топтан гөрі, ақылсыз тобырды басқару әлдеқайда оңай. Сондықтан интеллектуалды ұлт тәрбиелеу – қазақ қоғамы үшін өте өзекті мәселе.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.