Университет қабырғасында электроникаға арналған микрочиптер жасауға мүмкіндік беретін, аймақтағы бірегей нанохаб құрылды. Республикадағы ғылыми әлеуетті қалпына келтіру үшін тағы қандай әрекет ету керектігі туралы NU Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебіінің профессоры Александр Тихонов баяндап берді.
– Назарбаев университетінде немен айналысасыз?
– Мен физика профессоры ретінде жұмыс істеймін, Назарбаев университетінде оның негізі қаланған кезден, 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келемін, университеттің қалыптасу процесінің көптеген кезеңдеріне қатыстым. Кезінде Мәскеудегі МФТИ-ді бітірдім, кейін 15 жыл АҚШ-та жұмыс істедім. Назарбаев университетінде көптеген жобаларға қатыстым. Атап айтқанда, мен белгілі бір деңгейде жетекшілік ететін жоба – біздің стратегиялық серіктесіміз, АҚШ-тағы Беркли университеті және Калифорния университетіне қарасты ұлттық зертханамен, Кремний алқабындағы серіктестік жобамыз. Біздің стратегиялық серіктесіміздің көмегімен бірнеше өте жақсы жобаларды жүзеге асырып жатырмыз.
Мысалы, Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет біз нанофабрикация зертханасын құрдық. Бұл – электрондық және басқа да чиптерді жасауға мүмкіндік беретін зерттеу деңгейіндегі нанохаб. Олардың қатарына компьютерлер мен смартфондарда қолданылатын чиптер де кіреді.
– Шын мәнінде, университетте ел үшін мүлдем жаңа сала құрылды ма?
– Бүгінгі таңда микроэлектроника өте дамып кеткен. Әрине, Қазақстанда әзірге наночиптер шығаратын фабрика салу міндеті тұрған жоқ, бірақ біз зерттеу процесіне қатыса аламыз. Зертхана мен қажетті технологиялар бар, мұндай зертханалар Батыстың ірі университеттерінде де жұмыс істейді.
Бұл не үшін қажет? Ғылымда материалтану деп аталатын ауқымды сала бар. Бұл – жаңа материалдар туралы ғылым, бірақ бұл материалдарды зерттеу толыққанды болмайды, егер оларды жаңа технологияларда пайдаланбасақ. Наноқұрылғылар мен девайстар жасау қажет, ал микроэлектроникада бұл құрылғылар нанодеңгейінде болуы керек. Айта кету керек, Қазақстанда материалтану жаман дамымаған. Дегенмен, біздің елде нанофабрикациялар әлі болған жоқ, себебі қажетті мүмкіндіктер болмады. Сол себепті мұндай зертхананы салу қиын болды – бағыт жоқ, мамандар да жоқ.
Дәл осы жерде біздің Берклимен көпжылдық өзара әрекетіміз маңызды рөл атқарды. Көп жылдар бойы біздің мамандар олардың нанофабрикация зертханаларында жұмыс істеп, қажетті тәжірибе жинақтап, технологияларды меңгерді. Уақыт өте келе Берклидің нанохаб бойынша тәжірибесі Қазақстанға енгізіліп, сол арқылы біздің зертханамыз құрылды. Қазір бұл өте табысты жоба, ол бүкіл елдің ғалымдарына өз зерттеулері үшін нанотехнологиялық құрылғылар жасауға мүмкіндік береді.
– Қандай табысты жобаларды мысалға келтіре аласыз?
– Бүгінгі таңда зертханада бірқатар нақты ғылыми жобалар жүзеге асырылуда, біз елдегі ғылыми қауымдастық өкілдері үшін алаң ашуға тырысамыз. Біз оқытамыз, процестерді түсіндіреміз. Мысалы, биология саласынан бір оқиғаны қарастырайық. Электрондық өнеркәсіпке электрондық чиптер енгені сияқты, биология мен медицинаға микрофлюидті чиптер келуде. Мысалы, қан талдауын жасау керек делік. Қазір қанның едәуір үлкен көлемін алып, оны бөліп-бөліп әртүрлі құрылғыларға талдау үшін жібереді. Ал микрофлюидті чипті қолдану арқылы қанның кішкентай тамшысын алып, оны чипке енгізіп, барлық талдауларды бірден және тез жасауға болады. Бұл – заманауи медицинаның бағыттарының бірі. Сонымен қатар, мұндай микрофлюидті чиптерде тірі организмдерде жүретін процестерді модельдеуге болады.
Қайталап айтайын, Қазақстанда микрофлюидті технологиялар іс жүзінде болған жоқ, олармен ешкім айналыспады. Егер микрофлюидті чип жасай алмасаңыз, мұндай зерттеулерді қалай жүргізесіз? Біздің нанофабрикация зертханамыз дәл осы чиптерді жасауға мүмкіндік береді. Мысал ретінде нақты жағдайды айтайын: биологтар бізге қан жасушаларын сұрыптау әдісін әзірлеуді ұсынды, оны кейін диагностика мен емдеуде қолдануға болады. Біз екі жыл жұмыс істеп, осындай құрылғыларды жасауды үйрендік. Яғни, енді биологтар немесе дәрігерлер бізге келіп: «Біз микрофлюидті құрылғы жасағымыз келеді», – десе, біз бұл жұмысқа кірісеміз. Мұндай мүмкіндіктер енді Қазақстанда пайда болды.
– Көпшілік әдетте нәтижені «жылдам» алғысы келеді. Мұндай сұраныстарға қалай жауап беруге болады?
– Негізгі ғылым өзінің дамуында жаңа технологиялардың пайда болуына және дамуына алып келеді. Сол нанофабрикация технологиялары қазірдің өзінде стартаптарға, коммерцияландыруға бағыт алуда. Бірақ стартап фундаменталды база болмаса пайда болмайды, ал біз дәл осы базаны қалыптастырып жатырмыз. Сонымен қатар, тек жабдықты ғимаратқа орналастыру жеткіліксіз, ғылыми капитал қажет. Ең маңыздысы – бұл адамдар. Назарбаев Университетінде болып жатқан негізгі процесс – бұл мамандарды тәрбиелеу, оның ішінде, серпінді жобалар арқылы. Университетте жұмыс істеу мүмкіндігі және осы жерден Кремний алқабына барып, Батыстың ең ірі университеттерінің бірі – Берклидің атмосферасына ену адамның көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Әлемдік ғылымның жетекші ұйымдарымен өзара байланыс процесінің маңызы өте жоғары, оны үнемі қолдап отыру қажет.
Айта кету керек, Назарбаев университеті қабылдау процесіне елеулі өзгерістер енгізгенін жариялады, талаптарды жеңілдетіп, білім беру бағдарламаларының таңдауын кеңейтті. Бұл жаңалықтар сапалы білімді Қазақстан мен басқа елдерден келетін студенттер үшін қолжетімді етуге бағытталған. Негізгі өзгерістердің қатарында коммерциялық негізде оқуға түсу процедурасының жеңілдетілуі бар. Енді кейбір бағдарламалар үшін мотивациялық хат талап етілмейді, ал ағылшын тілі деңгейіне қойылатын талаптар икемдірек болды.
NU білім беру мүмкіндіктерінің тізімін кеңейтіп жатыр: ерекше қызығушылық тудыратын бағдарлама – Медицина мектебінде ұсынылатын алты жылдық негізгі медициналық білім беру бағдарламасы. Бизнес жоғары мектебі алғаш рет «Бизнес әкімшілігі» бакалавриат бағдарламасына қабылдау ашты. Сонымен қатар, қаржы және бизнес әкімшілігі саласындағы магистрлік бағдарламалар үлкен сұранысқа ие. Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі Орталық Азиядағы ең үздік болып саналатын компьютерлік ғылымдар, деректер ғылымы (Data Science), механикалық және аэроғарыштық инженерия бойынша жетекші бағдарламаларды ұсынады.