Жаңа 2025 жылы еліміздің спортшыларын үлкен жарыстар күтіп тұр. Халықаралық, олимпиадалық турнирлерде ұлттық құрамамыздың асығы алшысынан түссе дейміз.
2025: Жеңісті күндер жалғассын!
267
оқылды

Биылғы жылдың күнтізбесі ұлттық құрамамыз үшін халықаралық ірі жарыспен басталмақ. Қытайдың Харбин қаласында IX Азия ойын­дарының жалауы желбірейді. Дода ақпан айының 7-14-і аралығында өтеді.

Қысқы Азия ойындарын ең көп қабылдаған мемлекет – Жапония. Күншығыс елінде құрлық бәсекесі төрт рет өткізілген. Ал Қытай ірі спорттық жарысты өз жерінде үшінші рет ұйымдастырады. Нақтылай түсер болсақ, қысқы Азиада Харбин төрінде екінші рет өткізілмек (бір рет ойындар Чанчунда ұйымдастырылған).

Азия ойындарында спорттың 6 түрі мен 11 дисциплина бойынша 64 спорттық оқиға өткізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, спортшылар коньки түрлері (шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау), шайбалы хоккей, керлинг, шаңғы жарысы түрлері (тау шаңғысы, сноубординг, фрис­тайл, шаңғымен жарысу), биатлон және шаңғы альпинизмінен сынға түседі.

Ел құрамасынан Харбиндегі жарысқа спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады.

1. Биатлон – 10 спортшы;

2. Кёрлинг – 12 спортшы;

3. Конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы;

4. Мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы;

5. Шорт-трек – 12 спортшы;

6. Шаңғы жарысы – 12 спортшы;

7. Шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы;

8. Шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы;

9. Тау шаңғы спорты – 8 спортшы;

10. Фристайл-акробатика – 7 спортшы;

11. Шаңғы жарысы – 8 спортшы.

Еске сала кетейік, Қазақстан қысқы Азия ойындарын бір рет өткізген. 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында өткен кешенді жарыста Ұлттық құрама 32 алтын, 21 күміс және 17 қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте алғаш рет 1 орын алған еді. Осыған дейінгі VI қысы Азия ойындары 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өтті. Қазақстан 32 медальмен (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) төртінші сатыға тұрақтаған.

Сонымен қатар осы жылы Жасөспірімдер арасындағы III Азия ойындары өтеді. Бас­тапқыда көпсалалы жарыс Ташкентте (Өз­бекстан) өтуі керек еді. Енді Бахрейн 2025 жылы Жастар арасындағы Азия ойындарын қабылдайды.

Айта кетейік, жастар арасындағы бірінші Азия ойындары 2009 жылы Сингапурде өткен болатын. Ал 2013 жылы Қытайда өткізілді.

Бұдан бөлек, елімізде фристайл-могул және фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді. 

Бапкерлер штабы елдегі әлем чемпионатында жүлде үшін таласатын қазақстандық могулшылардың есімдерін атады. Олардың қатарында Анастасия Городко, Юлия Феклистова, Анастасия Ларионова, Виктория Кузнецова, Юлия Мокина, Семён Русаков, Ильнар Ибрагимов, Данил Коротков,  Алексей Дениярёв, Денис Раструба.

Айта кетсек, өткен әлем чемпионатында Анастасия Городко алтын және күміс медаль жеңіп алып, 2022 жылы көрсеткен нәтижесін қайталады.

Осы жылдың тағы бір айтулы спорттық жарыстарының бірі – Ислам ынтымақтас­тығы ойындары. Өз кезегінде VI рет өткізілгелі деп жатқан доданы Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қабылдайды. Жарыс 7-21 қараша аралығына жоспарланған.

Жарыс бағдарламасына 13 олимпиадалық, 4 олимпиадалық емес, 3 паралимпиадалық, сондай-ақ 1 ұлттық спорт түрі кіреді. 

Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ойын­дарына 2005 жылдан бері қатысып келеді. Бүкіл Ойындар барысында Қазақстанның спортшылары барлығы 42 алтын, 36 күміс және 56 қоламен жалпы 134 медаль жеңіп алды. Жалпымедальдық есепте 7-ші орынға ие болды. 

Жаңа маусым қазақстандық балуандар үшін де үлкен мүмкіндіктер мен маңызды сынақтардың кезеңі болмақ. Кезекті олимпиа­далық маусым бірқатар ірі турнирден басталады. Сонымен қатар жас спортшыларға өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді. 

Дәстүр бойынша маусымдағы алғашқы ірі турнирлердің бірі – Болгарияда өтетін «Дан Колов – Никола Петров» халықаралық жарысы болмақ. Ол 23-26 қаңтар аралығында Варнада өтеді. Медальдар еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресі бойынша сарапқа салынады.

Кейіннен рейтингтік маңызға ие Zagreb Open турнирі өтеді. Оны Хорватияның Заг­реб қаласы қабылдайды. Жарыс 5-9 ақпан аралығында өтеді. Айта кетсек, ақпан айы халықаралық күнтізбе бойынша қарбаласқа толы болады. Ай бойы бірқатар халықаралық жарыс ұйымдастырылады, сондықтан Қазақстан құрамасының бапкерлер штабына ұлттық құрамды сынақтан өткізу үшін мүмкіндік жеткілікті.

UWW күнтізбесіне Жақсылық Үшкемпіровтің құрметіне арналған турнир де енгізілді. Ол 9-13 сәуір аралығында Астанада өтеді. Бұл жарысқа тек қазақстандық грек-рим күресінің балуандары ғана емес, сонымен қатар басқа елдердің спортшылары да қатысады.

Одан кейін рейтингтік және халықаралық турнирлердің кезекті сериясы басталады. Кейбір жарыстарда қазақстандық спортшылардың да медаль үшін таласуға мүмкіндіктері жеткілікті. Маусым айында құрама Италияда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Маттео Пелликоне» мемориалына қатысуы ықтимал.

Сондай-ақ маусым айында 17 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионаты өтеді. Бұл жарыс 14-22 маусым аралығында Вьетнамның Вунгтау қаласында ұйымдастырылады. Ал 5-13 шілде аралығында U15 және U20 жас санатындағы құрлықтық біріншілік Қырғызстанның Бішкек қаласында өтеді.

UWW жарыс күнтізбесіне сәйкес, қыр­күйек айында басты назар екі жарысқа аударылады. 8 қыркүйекте Бахрейнде өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары аясындағы күрес турнирі басталады. Ал 13-21 қыркүйек аралығында Хорватияның Загреб қаласында ересектер арасындағы әлем чемпионатын өткізу жоспарланған.

Қазан айында Қазақстан құрамасы тағы бір әлем чемпионатына қатысады. Бұл жолы Сербияның Нови-Сад қаласында жастар арасындағы әлем біріншілігі өтеді. Жарыс 20-26 қазан аралығында болады.

Ұзақ маусым халықаралық жарыстармен аяқталады. Соның ішінде дәстүрлі түрде Тараз қаласында өтетін Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған турнир бар. Ол 3-5 қараша аралығында ұйымдастырылады.

Дзюдо спортынан жаңа маусымдағы ал­ғаш­қы ірі халықаралық жарыс Францияның Париж қаласында өтетін Grand Slam сериясының кезеңі болмақ.

Турнир 1-2 ақпан аралығында өтеді. Бұл турнир ерекше маңызға ие. Себебі дзюдошылар өткен жылдың желтоқсан айының ортасында ресми түрде енгізілген жаңа ережелер бойынша сынға түседі.

Қазір Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 12 орында тұр. Жинаған ұпай саны – 87 541. Көш басында Жапония (219 217 ұпай). Екінші орында Франция (184 924 ұпай). Үшінші орынды бейтарап тудың ас­тын­да өнер көрсететін спортшылар иеленуде (114 452 ұпай).

Әрине, құрамамыз үшін басты басымдық – әлем және Азия чемпионаттары бол­мақ. Балуандарымыздың дайындығына арналған бағдарлама күшейтілген жаттығу жиындарын, сондай-ақ халықаралық және рейтингтік турнирлерді қамтиды. Бұл жарыстар спортшылардың әлеуетін тексеріп, әлем­дік рейтингтегі орнын жақсартуға мүмкіндік береді.

Әсет ҚАЛИ