Жыл сайын швейцариялық Greubel Forsey сағат компаниясы өте сирек кездесетін Hand Made 1 Tourbillon сағатының екі-үш данасын шығарады. Соның бірін белгілі бай адам тағып алған.
Greubel Forsey: 900 000 доллар тұратын сағаттың артықшылығы неде?
Hand Made 1 Tourbillon сағаты қолмен 6000 сағат бойы құрастырылады, бағасы – 895 000 доллар. Фото greubelforsey.com сайтынан алынды
289
оқылды

Байлығын көп көрсеткісі келмейтін бұл адамның жақында өте қымбат сағат тағып, ел алдына шыққанын Quartz сайтына сүйеніп, Aikyn.kz хабарлайды.

Марк Цукерберг өзінің әлеуметтік медиа платформаларында фактчекингті тоқтататынын жариялады. Фото X әлеуметтік желісіндегі Kung-Fu Joe аккаунтынан алынды

Meta Platforms компаниясының бас директоры Марк Цукерберг өзінің компаниясының әлеуметтік медиа платформаларында көптен бері жалғасып келе жатқан фактчекинг тәжірибесін тоқтату туралы шешімін жариялаған кезде журналистер оның қолындағы құны 900 000 доллар тұратын сирек сағатты байқаған. Мәслихат кезінде Цукерберг өзінің дәстүрлі қарапайым қара қысқа жең жейдесін киіп, швейцариялық сағат жасаушы Грейбель Форсидің өте сирек кездесетін Hand Made 1 Tourbillon сағатын тағып шыққан.

Watchpro мәліметтері бойынша, бұндай қымбат аксессуардың жылына тек үшеуі ғана жасалады, олардың әрқайсысын қолмен құрастыруға шамамен 6 000 сағат уақыт кетеді екен. Салықтарға дейін бұл сағат шамамен 895 000 доллар тұрады.

Кейбіреулер миллиардердің имиджінің өзгеруін стилистикалық эволюциясы деп атаса, басқалары орта жастың күйзелісімен түсіндіреді. Марк Цукерберг биыл 14 мамырда 40 жасқа толады.

Психологияда орта жастың күйзелісі – бұл адамның 30-50 жас аралығындағы эмоциялық күйі, көбінесе өткен өмірі мен тәжірибесін қайта бағалаумен байланысты болады. Әртүрлі адам үшін бұндай күйзеліс түрі әртүрлі жаста болуы мүмкін, ол жеке қасиеттерге байланысты. Психологтердің айтуынша, орта жас – адамның өмірін қайта бағалауға, өзгертуге, жақсартуға деген ұмтылысымен байланысты.

Meta-ның фактчекинг жүйесі цензураға ұқсап кеткен. Фото france24.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Nicolas Tucat

Енді фактчекинг тәжірибесін доғару туралы. Марк Цукерберг Facebook, Instagram және Threads әлеуметтік желілерінде цензураның бар екенін мойындап, контент модерациясын бірден азайтатынын хабарлады. Ол осындай видео хабарламаны Meta Platforms Inc. сейсенбі (7 қаңтар) таратты.

Қазіргі уақытта Meta тобының әлеуметтік желілерінде фактчекинг жүйесі жұмыс істейді. Facebook сайтының хабарлауынша, бұндай тексерулерді «сертификатталған тәуелсіз халықаралық факт-тексеру желісі мен Еуропалық факт-тексеру жүйесі сияқты тәуелсіз үшінші тарап» жүргізеді.

Цукерберг бұл жүйенің жойылғанын жариялады. Оның айтуынша, бұндай тексерулер цензураға ұқсап кеткен. Өз кезегінде, кәсіпкер Илон Масктың X әлеуметтік желісінде қолданылатын Community Notes (Қауымдастық ескертпесі) жүйесін енгізуде. Онда пайдаланушылардың өздері орынсыз контент пен қателерді байқап, өздері өзгерте алады. Цукерберг жаңа жүйенің «X сияқты» болатынын ашық мойындаған.

«Трамп 2016 жылы сайланған кезде, негізгі БАҚ жалған ақпараттың демократияға қалай қауіп төндіретіні туралы үздіксіз хабарлар таратты. Біз бұл мәселелерді шындықтың төрешісі болмай-ақ шешкіміз келді. Бірақ фактілерді тексерушілер тым саяси біржақты болып, сенімді одан сайын жойды. Бұл, әсіресе, АҚШ-та қатты байқалды. Енді біз цензураның көлемін айтарлықтай азайтуды көздеп отырмыз. Біз қазір жаңа дәуірде тұрған сияқтымыз», – деп мойындаған Цукерберг, негізсіз шектелген саяси контентті қайтаруға уәде берді.

Meta контентті тексеруді доғару арқылы Дональд Трампқа ұнамды болғысы келеді. Фото mashable.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Beata Zawrzel

Meta-ның контентті тексеруді доғару туралы шешімі жаңадан президент болып сайланған Дональд Трампқа ұнамды болу әрекеті болуы да мүмкін. Компания ондаған тәуелсіз факт-тексеру компаниялармен серіктестігін тоқтататынын мәлімдеді. 

Иммиграцияға және гендерге қатысты контентті модерациялау саясаты оңтайландырылады. Бұл екі мәселе де қарашадағы сайлаудағы Трамптың жеңісінің негізін қалаған саяси мәселелер болатын. Meta-ның сенім және қауіпсіздік командасы біржақтылық туралы айыптауларды болдырмау үшін либералды Калифорниядан консервативті Техасқа ауыстырылады. Бұл да Трамп әкімшілігіне ұнамды болу әрекеті болса керек.

Цукербергтің айтуынша, Meta-ның Instagram, Facebook және Threads алаңдарында модерациялау «тым көп қателер мен цензураның тым көп болатын деңгейіне жеткен». Компания бұл қателіктерін енді түзетпекші.

Имидждік өзгерістер сәндік талғамының өзгеруімен емес, миллиардерді өз жасындағы адамдарға жақын көрсету үшін ойластырылған жоспар болуы мүмкін. Фотолар businessinsider.es сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Lluis Gene and Tom Williams; @zuck via Instagram

Бірнеше жыл бойы бірдей сұр жейде мен қара-сұр капюшондар киіп жүретін Цукерберг қазір классикалық нақыл сөздер жазылған өзінің жейделерін жасай бастаған. Өткен күзде Meta-ның негізгі баяндамасында оның қара футболкасында «aut Zuck, aut nihil» немесе «не Цезарь немесе ештеңе» деген латын тіліндегі сөз иірімі жазылған болатын.

2024 жылдың наурызында Цукерберг үнділік миллиардер Анант Амбанидің 1 миллион доллар тұратын RMS-10 Tourbillon Koi Fish сағатына қызығып қарап тұрған бейнесі желіде таралды.

Қыркүйек айында миллиардер бағасы 1,2 миллион доллар болатын 18 карат қызғылт алтыннан жасалған Patek Philippe Minute Repeater Skeleton 5303R тағып жүргенін көпшілік байқап қалған еді. Әр кездері фото журналистер оның қолында құны 95 700 доллар болатын De Bethune DB25 Starry Varius немесе шамамен 80 000 доллар тұратын FP Journe Chronomètre Souverain Havana сағаттарын түсіріп алғаны белгілі.

Цукербергтің қолындағы жақын күндері байқалған сағатқа байланысты оны жасаушы Greubel Forsey-дің бас директоры Мишель Нидеггер былай деп жауап берген: «Қазіргі заманғы цифрлық ландшафт пен өмір салтын қалыптастыруда маңызды рөл атқарған адамның ең дәстүрлі заманауи сағат жасау өнерін шынайы бағалайтынын көру – өте ғанибет». 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.