Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Орал қаласы Дерқұл ауылындағы «Жайлы мектеп» республикалық жобасы аясында салынған №51 жалпы білім беретін мектептің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
№51 орта мектептің директоры, «Білім берудегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы» бағдарламасының запастағы мүшесі Жақсығали Жұмабай білім ордасының жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, оқушылар көп болғандықтан, сабақ үш ауысымда жүргізілетін №49 орта мектептің оқушылары осында ауыстырылған. Бүгінде 1 200-ден астам бала жаңа, жайлы мектепте білім алып жатыр.
– Мектептің өте жақсы заманауи құралдармен жабдықталғанына, балаларға жайлы жағдай жасалғанына қуаныштымын. Мұндай форматтағы мектептер барлық қалада, ауылдық округтерде болуы керек деп ойлаймыз. Мемлекет басшысы жуырда «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтқандай, алдағы уақытта республика бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Депутаттар бұл құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін ерекше назарда ұстайды, – деді Снежанна Имашева.
Мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешу – «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасының бір тармағы. Әзірге бұл – Батыс Қазақстан облысындағы алғашқы жайлы мектеп. Облыс бойынша жаңа үлгідегі тағы бірнеше мектеп ашу жоспарда.
Жақында Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген кең көлемді сұхбаты жарияланды. Сұхбатта Президент әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылатыны жөнінде айтқан болатын. Осы ретте Мемлекет басшысы елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланғанын және оның 105-інің құрылысы аяқталғанын атап өтті. Басты мақсат – апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін, сондай-ақ мектептегі орын тапшылығына қатысты түйткілдерді толығымен шешу.