«Себебі тасқын су былтыр сай-саланың көп бөлігін «толтырып» тастады. Жерге сіңіп кеткен су көлемі аз, биыл енді қар көп түсіп, оған Ресейдің Иректі қоймасынан су жіберуді бастап кеткенін ескерсек, жағдай біз ойлағаннан да қиын болуы мүмкін», – дейді мамандар.
Ресми ақпаратқа сенсек, қазіргі уақытта Атырау қаласында, Махамбет және Жылыой аудандарында тасқыннан қорғану шаралары жүзеге асырылып жатыр. Белгілі болғанындай, бүгінде Жылыой аудандарында Қамыскөлдің жағалауы нығайтылуда. Жем өзенінің арнасы 23 шақырымы және Құрсай каналы 35 шақырымы тереңдетілген. Нысандарға 100-ден астам техника жұмылдырылып отыр.
«Сондай-ақ Махамбет ауылында 4,5 шақырымға созылған жағалау нығайтылып, Махамбет және Сарытоғай ауылдары арасындағы көпір құрылысы аяқталып отыр. Атырауда қауіпті учаске саналатын қала маңындағы Талғайран, Ақжар және Еркінқала ауылдарында қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстары жалғасып жатыр. Алмалы ауылында «Сарыөзек» каналының бойындағы 5,6 шақырым бөгеттер нығайтылып, Жайық өзенінің бойында ұзындығы 2,5 шақырым жаңа жағалау бекіткіштері салынуда.
Бұдан басқа, Жайық өзені, Соколок каналы мен Каспий теңізі арасындағы негізгі буын саналатын Гоголь каналын тазарту және кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жалпы ұзындығы – 30 шақырым, ені – 18 метр және тереңдігі 2 метр каналдың түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде, күні бүгінге дейін ұзындығы 9,5 шақырым учаскедегі жұмыстар аяқталды. Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Каспий теңізіне құятын жерде Жайық өзенінің сағасын тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жұмыстардың жалпы ұзындығы – 10 шақырым, оның 9,5 шақырымы аяқталды», – дейді Атырау облысы әкімдігінің ресми өкілі Руслан Жұмағазиев.
Дегенмен жылыойлықтар тасқынға қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға разы емес. Жақында бір топ жылыойлық жиналып, Президентке үндеу де тастады. Олар Жем өзенінің арнасын кеңейту жұмыстары сапасыз екенін айтады. Тұрғындардың уәжіне сенсек, Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай, Қарағай, Шоқпартоғай және Тұрғызба ауылдарының тұрғындары өзенді кеңейту бойынша жұмыстарды дереу тоқтату қажет деп санайды. «Себебі жасалып жатқан жұмыстар құмға сіңген су сияқты сапасыз», – дейді олар.
– Жем өзенін тереңдетеміз деген желеумен, қазып алынған өлі топырақты өзен арнасының екі жағына төсеп жатыр. Ол жерде нығыздау жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Борпылдақ топырақты жел ұшырып әкетуде. Желмен көшіп жатқан топырақ жайылымдарды бұзып, онсыз да оңып тұрмаған экологиялық ахуалды нашарлатуда. Салдарынан Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарын топырақ басып қалуда. Жем өзені тасыған уақытта тасқын су бес көпірден өтеді. Жабатай, Қоңырбай, Уықбай, Шоқпартоғай көпірі, Сарқырауық өзенінің көпірі бойынан өзеннің саласы шығады. Су тасыған кезде тасқын арналарды бітеп тастайды. Ескі көпірлердің жағдайы да сын көтермейді. Жемнің жағасына қазып алынған өлі топырақ төселмеуі керек.
Егер көктемде алапат су тасқыны қайталанатын болса, борпылдақ топырақ Құлсарыны қорғай алмайды. Құлсары тұрғындары қайтадан суға кету қаупіне ұшырайды. Біз бұл жұмыстарды мұқият қарауды және бақылауды талап етеміз, – дейді бастамашыл топ өкілдері. Жылыойлық шаруалардың айтуынша, өзен бойына төселген борпылдақ топырақ мал суаруға да кедергі болып жатыр.
«Біз биіктетіліп бөгет соғылған жерлерде суару орындарын қалдыруды сұрадық. Бірақ дәл қазіргі уақытта өзен бойынан мал суару мүмкін болмай отыр», – дейді фермерлер.
Жағдайға байланысты, Жылыой ауданы әкімдігіне хабарласып, мән-жайға түсінік беруді сұрадық.
Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар тарапынан Жем өзенінің түбін тереңдету, бөгет салу мәселелері бойынша су саласының арнайы институты «Казгипроводхоз» мекемесімен бірлесіп шілде, қараша, желтоқсан айларында шаруа қожалықтарымен бірнеше мәрте кездесулер ұйымдастырылған. Алайда тараптар ортақ шешімге келе алмаған.
«Су тасқынының алдын алу мақсатында Жем өзені арнасының өзен ағынын реттеу бойынша алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Жылыой аудан әкімдігі тарапынан, атқарылып жатқан жұмыстарға күнделікті бақылау жүргізілуде.
Жем өзенінің тереңдету, бөгет салу жұмыстарымен қазіргі уақытта Атырау облысы Құрылыс басқармасы, мердігер мекеме «Сап-Ин-Вэст» ЖШС айналысуда. Жоба бойынша түп-тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы 95 шақырымды құрайды», – делінген Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінде.
Бір қарағанда, жылыойлықтардың кұм көшкінінен де қауіптенуі тегін емес. Себебі Жылыойдағы Майкөмген ауылының жағдайы құм көшкінінің де оңай жау емес екенінің айқын дәлелі болып отыр. Қалай десек те, көшпелі құм мәселе-сі Атырауда әлі де болса өткір тұр. Жалпы, Атырау облысы бойынша құм басу қаупі жоғары 6 ауыл бар. Және соңғы он жылда сол ауылдарда құм көшкіні белең алып бара жатырғаны да шындық. Сондықтан тасқыннан қорғану шаралары өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жағдайда ұйымдастырылуы керек-ақ. Жылыой билігі мен халықтың екіжақты кездесулерде бір шешімге келе алмай жүргеніне бірнеше ай өтті. Ал көктемнің келуіне ай жарымға жетер-жетпес уақыт қалды....
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы