Ақтөбе қаласындағы балалар ауруханасында туберкулез дертіне шалдыққан медбике жұмыс істеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Реанимация бөлімі қызметкерінің жұқпалы дертке шалдыққаны желтоқсан айында анықталыпты. Ол соңғы 4-5 ай бойы пневмонияға қарсы ем-дом шараларын алып жүрген. Бірақ сырқаты меңдеген соң өкпесін компьютерлік томографияға түсіреді. Құрт ауруына шалдыққаны да сол кезде белгілі болады.
Осы уақыт аралығында облыстық балалар ауруханасының реанимация бөлімінде 769 бала емделген. Қазір олардың барлығы тиісті медициналық тексеруден өтіп жатыр.
– Медбикемен байланыста болған балалардың барлығы бақылауға алынды. Емханаларға тіркелді. Аурухананың 55 қызметкері тексеруден өтті. Барлығы да жұқпалы дерттен дін аман, – дейді облыстық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Қожин.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.