Мұнда біз Мәжіліс депуттаттарымен бірде сұхбат, бірде авторлық материал, бірде талдау түрінде заң жобаларын, депутаттық сауалдарды немесе сол кезеңдегі қоғамдық маңызды тақырыптарды екшеп береміз. Бүгін біз Мәжілісте қаралған заң жобаларының бірі – жемқорлық мәселесі туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарымнан сұраған едік.
Революциялық өзгерістер қабылданып жатыр
Соңғы өткен Жалпы отырыстың күн тәртібінде көңіліміз құлаған бір мәселе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қос заң жобасы болды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов баяндама жасады. Айтуынша, заң жобалары 3 кодекс (Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс, Еңбек кодексі) пен 5 заңға түзетулер және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізбек.
Соның ішінде бір-екеуіне қысқаша тоқтала кетсек. Ең басты жаңалық – көптен бері айтылып келгендей, заң қабылданғаннан кейін сыбайлас жемқорлардың тізімі жария болатыны. Профилактикалық құрал ретінде қолға алынғалы отырған бұл қадамның басты мақсаты – қоғам тарапынан мін тағу арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік сезімін қалыптастыру. Келесі бір жаңашылдық – сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту. Қазір ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша заңды тұлғалардың шенеуніктерге сыйақы бергені үшін 750 айлық есептік көрсеткіш айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заң қабылданғаннан кейін бұл көрсеткіш Қылмыстық кодекстегідей 30-дан 60 еселенгенге дейін көбеймек. Сонда сыйақы көлеміне қарай айыппұл мөлшері бұрынғы 2 миллион 949 000 теңгеден бастап 2 триллион 359 миллион 200 000 теңгеге дейін көтерілмек.
«Бұл шаралардың барлығын біз тек қазір ғана қабылданып жатқан дүние деп есептемеуіміз керек. Бұл мемлекетте жасалып жатқан негізгі үлкен жұмыстардың бір бөлігі ғана. Мәселен, декларация тапсыру, заңсыз активтерді қайтару, ФАТФ ұйымына, басқа да халықаралық ұйымдарға мүшелік – бұлардың барлығы біздің VIII шақырылымның соңына дейін тиянағын табуы тиіс дүниелер. Ал бүгінгі заң жобасының ішінен мен көп өзгерістерді баса атап өткім келеді. Соның ішінде пара беруге ниеттенуді криминализациялау, мүдделер қақтығысы мен декларациясы және тағы басқалар. Бұлар Қазақстан үшін революциялық норма деп айтуға болды. Әлем, Еуропа елдеріндегі осындай өзгерістер біздің Қылмыстық кодекстің де концепциясына еніп отырған жаңашылдықтар. Бұл – жаңа құқықтық мәдениетті, жаңа жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін аса қажетті дүние. Бұл тәсіл Үкіметтің қорытындысынан да қолдау тауып бізге келіп отыр», – дейді қосымша баяндамашы, осы заң жобаларын қараған жұмыс тобының мүшесі, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
Ниетің үшін де айыптысың
Әрине, жемқорлық – қоғамның қай тобын болмасын бейжай қалдырмайтын құбылыс. Сондықтан аталған заң жобаларын даярлау барысы үлкен текетіреспен, мықты тайталаспен өткен болар деген ой келген. Өйткені заң жобаларын жан-жақты қарау мақсатында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұйғарымымен жұмыс тобы құрылып, оның құрамына барлық мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік және ғылыми қоғамдастықтың, коммерциялық емес және құқық қорғау ұйымдарының өкілдері енген. Заң жобаларының таныстырылымдары өтіп, жұмыс тобының 20-дан астам отырысы өткізілген. Бұдан бөлек, жекелеген нормалар бойынша сарапшылармен консультациялар жүргізілген. Мәжілістің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында бөлек те қаралған, әр бағыт бойынша жабық сипатта, үлкенді-кішілі қосымша семинарлар өткізілген. Тұтастай алғанда, қаралып отырған заң жобалары бойынша тұжырымдамалық және редакциялық сипаттағы 90-нан астам түзетулер мен ұсыныстар келіп түскен екен.
«Заң жобаларын дайындау барысында қиындықтардан бұрын түсініспеушіліктер болды. Өйткені жұмыс тобы құжатта пара беруге ниет етудің өзін қылмысқа жатқызуды ұсынған еді. Талқылаулар кезінде көп депутат «бұл заң қарапайым азаматтарға қарсы тоқпаққа айналып кетпей ме?» деген алаңдаушылық білдірді. Мәселен, бір әріптесіміз: «Айналайын, құлың боп өтейін, мына мәселемді шешіп берші! Жақсылығың қайтады ғой, бірдеңе қылам ғой» деп біреу айтып қалуы мүмкін, ешқандай ақша бермей, ауызша өтініш жасаса да оны күдікті ретінде жауапқа тарту керек пе?» деп сұрады. «Бұл жерде ниет бар ма, жоқ па? Оны қалай анықтаймыз?» деген сауал қойды. Міне, бұл мәселені біз әзірге басы ашық қалдырдық, әлі де болса талқылаудамыз», – дейді ол.
Депутат: «мысалы, банк тонаушылар бірден баса-көктеп кіріп барып, банк тонамайды ғой. Ол оның сызбасын, картасын, ақшалар қайда жатқанын, кассаның, сейфтердің орналасуы, қызметкерлердің келіп-кететін уақытын, күзетшілердің ауысымын зерттейді ғой. Міне, осы дайындықтың өзі ниетке, қылмысқа жатады» деп уәж айтады.
«Сондықтан болашақта біздің Қазақстанда пара ұсынуға талап ету әрекеттері пара берумен бірдей қылмысқа жататын болады. Бәлкім, жазасы жеңіл болу керек шығар, біз оны талқылап жатырмыз, екінші оқылымға дейін пысықтаймыз немесе екіге бөлеміз. Бастапқыда Қылмыстық кодекске параға келісім бергені, пара сұрағаны және талап еткені үшін жаңа 366-1-бапты енгізу, сондай-ақ параны уәде еткені және ұсынғаны үшін жаңа 367-1-бапты енгізу ұсынылған болатын. Олар қылмыстық теріс қылықтарға және ауырлығы төмен қылмыстарға жатқызылуы туралы мәселе қойылды. Ұзақ пысықтау процесінде және халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, жұмыс тобы параны талап етуді, уәде етуді және ұсынуды жаңа қылмысқа жатқызу қажет деген қорытындыға келді және оларды тиісінше Қылмыстық кодекстің 366-бабында (пара беру) және 367-бабында (пара алу) көзделген қылмыстар құрамында қарастыру керек деп ұйғарды. Енді баяғыдай сенің қалтаңа келіп конверттің түскені шарт емес, біреуге «маған осынша ақша әкеліп бер» деп SMS немесе қағаздың шетіне жазып берген болсаңыз, сол айғақ болып саналады да, ол әрекет қылмысқа жатады», – дейді депутат.
Оның айтуынша, құқықтық жүйеде «аяқталған қылмыс» және «аяқталмаған қылмыс» деген ұғым бар екен. Егер пара алып тұрып заттай айғақтармен құзіретті органдарға ұсталсаң, ол – аяқталған қылмыс. Ал сол параны алуға дайындалып, жоспар құрған кезде, түрлі схемаларды ойластырған кезде, әшкере болып қалып ұсталсаңыз, ол да қылмыс емес пе? Сондықтан да қалай болғанда да ниеттің өзі қылмыс категориясына жатқызылуы керек.
Мүдделер қақтығысы – қылмыстық бап
Қазіргі уақытта мүдделер қақтығысын анықтау мен реттеуді регламенттеуге, жеке мүдделерді декларациялауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің тәуелсіздігін қамтамасыз етуді регламенттеуге байланысты заң жобасының нормаларын пысықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Оның талаптары бойынша бір мемлекеттік сатып алу немесе тендер бойынша топта бұрын бірге қызметтес болған немесе туыстық қатынасы бар тұлғалар болатын болса, олар бірден декларация жасап, мұндағы жұмыстарға қатысудан бас тартуға тиіс. Болмаған жағдайда мәміле жасалып, жоба жүзеге асып кеткеннен кейін де ол сот шешімімен бұзылуы мүмкін. Жұмыс тобы мұндағы «ескіру мерзімі» 1 жыл болса, соны 3 жылға дейін созуды ұсынып отыр. Бұлардың барлығы алдағы уақыт еншісіндегі шаруалар.
«Екінші оқылымға дайындық басталып кетті. Бізде «мүдделер қақтығысы» дейтін үлкен тарау бар. Соны Үкіметтің қарауына жібердік. Содан жауап күтіп отырмыз. Сол келген бойдан, егер дұрыс деп бекітетін болса, онда заң жобаларын екінші оқылымға қабылдаймыз. Менің жобалауым бойынша, наурыз айына дейін қабылданып қалуы мүмкін. Одан кейін ол Сенатқа, одан соң Президентке кетеді, сонда биыл жыл ортасында бұл жаңашылдықтар күшіне еніп қалуы мүмкін. Өйткені өзгерістер мен түзетулердің ішінде жекеменшік компаниялар бар, квазимемлекеттік сектор бар, солардың барлығын қамтитын дүние болғаннан кейін ұзақтау уақыт керек болады. Бұған қоса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты ілеспе заң жобасын да пысықтап жатырмыз. Ал мемлекеттік органдарға, мемлекеттік қызметке қатысты тұстардың барлығын басын ашып, талқылап, бірінші оқылымда өткізіп алдық», – дейді Айдос Сарым.
Тұрмыстық жемқорлық назардан тыс қалмауға тиіс
Мәжіліс депутаты жемқорлықты заңнан бұрын қоғамдық сана арқылы жеңу әлдеқайда нәтижелірек екенін айтады. Өйткені жазаны қатаңдатқаннан мәселе шешіле қалмайды. Азаматтар өздері белсенділік танытып, жемқорлыққа қарсы күреске азаматтық борыш ретінде қарап, осындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды анықтауға қатысуы керек. Мәселен, қазір елімізде Anticor-Volonter деген қозғалыс бар. Әр өңірде мемлекеттік сатып алу сайтына кіріп, онда шектен тыс белгіленген бағаларды анықтап, тиісті органдарға хабарлап отыратын қарапайым азаматтар бар. Бұл өте дұрыс! Қоғам ортақ – жауапкершілік ортақ. Осы сияқты қазақстандықтардың өздері де осындай санаттағы қылмысқа саналы түрде бармауы керек.
«Бұл құжаттың жалпы идеологиясы былай болды. Мәселен, Қазақстанда жемқорлықты шенеуніктердің жасаған қылмысы деп қарайды. Сонда жеке секторда жасалатын осындай қылмыстар қайда қалады? Солардың барлығы осы заң жобаларында қамтылуы керек деген мақсат тұрды. Айталық, «тұрмыстық коррупция» деген ұғым бар. Қарапайым азаматтардың дәрігерге, мұғалімге, тәртіп сақшыларына, банк менеджеріне, тағы да басқаға шаруасын шешу үшін немесе шешкені үшін беретін сый-құрметі. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Кеше Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов та өз баяндамасында айтып кетті. 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің call-орталығына 27 мыңнан астам қоңырау түскен екен. Оның 2 мыңға жуығы – eGov мәселелері мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне шағымдар, 1,5 мың өтініш медициналық қызмет көрсету, 940 қоңырау – білім беру саласындағы шағымдар. Сондықтан да жемқорлықпен күресті әркім өзінен бастау керек», – дейді ол.
Нұрлан ҚОСАЙ