Көзбе-көз кездесуді ешбір бейнеқоңырау толық алмастыра алмайды.
Online емес: психологке бетпе-бет барудың 5 пайдасы
istockphoto.com
1,535
оқылды

Қазір көп адам психологке онлайн қаралады. Үйден шықпай-ақ сөйлесуге мүмкіндік бар, уақыт пен жол шығыны азаяды. Бірақ нағыз тиімді психологиялық көмек көбіне офлайн, яғни бетпе-бет қабылдауда алынады. Себебі көзбе-көз кездесуді ешбір бейнеқоңырау толық алмастыра алмайды.

1. Тірі сөйлескенде көзқарас, дауыс ырғағы, ым-ишара секілді ұсақ-түйек белгілер психологке сізді тереңірек түсінуге көмектеседі. Ал сіз өзіңізді қауіпсіз сезініп, шынайы ашыла аласыз.

2. Үйде отырып онлайн сөйлескенде телефон, хабарлама, отбасы мүшелері секілді нәрселер алаңдатады. Ал психологтің кабинеті – тыныш әрі сенімді орта. Онда тек өзіңізге, сезіміңізге және мәселеңізге көңіл бөле аласыз.

3. Бетпе-бет кездесуде маман сіздің сөздеріңізді ғана емес, дене қимылыңызды, тынысыңызды, эмоцияңызды да байқайды. Мәселен, көзқарас пен отырыстың өзі ішкі күйіңізді білдіреді. Мұндай ақпарат онлайнда көрінбейді.

4. Нағыз қабылдаудың өзі психологиялық қолдау болып саналады. Сіз жалғыз емес екеніңізді сезесіз, жанында отырған маманға сенім артып, мәселені ашық айта аласыз. Бұл терапияның тиімділігін арттырады.

5. Депрессия тереңдегенде немесе психологиялық дағдарыс болғанда, тірі қабылдау маңызды. Себебі психолог жағдайды толық бақылай алады және қажет болса, дереу қосымша көмек көрсете алады.

 

Онлайн сеанс ыңғайлы болғанымен, ол тірі қабылдаудың орнын баспайды. Шынайы қолдау мен нәтижеге жету үшін психологке офлайн барған дұрыс.