Jingle Bells пен Happy New Year әндерінің мағынасын білесіз бе?
Жаңа жыл үшін жазылмаған әндер қалайша мерекенің символына айналды?
1,011
оқылды

Жаңа жыл - күнтізбедегі дата ғана емес, ортақ көңіл күй. Әлемнің әр түкпірінде бұл сәт бірдей әуендермен қарсы алынады. Тілі, тарихы, мәдениеті бөлек халықтарды біріктіретін әндер бар. Солардың ішінде ең танымал екеуі - Jingle Bells пен Happy New Year. Бұл екі ән жаңа жылды әртүрлі сезіммен көрсетеді. Бірі мерекелік шаттықты, екіншісі үмітке жетелейді. Бірақ екеуін біріктіретін нәрсе бар. Ол уақыт өте келе олар жеке ән емес, жаһандық жаңажылдық белгіге айналды.

Жаңа жылға арналмаған ән 

Jingle Bells 1857 жылы АҚШ-та жазылды. Авторы Джеймс Лорд Пирпонт. Әннің алғашқы атауы One Horse Open Sleigh (сөзбе-сөз аудармасы “Бір ат жегілген ашық шана”). Ол Рождествоға да, Жаңа жылға да арналмаған, АҚШ-та қарашаның төртінші бейсенбісінде атап өтілетін “Алғыс айту күні” мерекесіне байланысты орындалған.

Мәтінінде діни мазмұн жоқ. Қысқы жол, шана, ат, қоңырау үні бәрі де күнделікті өмірдің көрінісі ғана. Бірақ дәл осы қарапайым сюжет әнді уақыт өте келе кез келген мәдени ортаға оңай бейімделетін етті.

Ән жаңажылдық емес бола тұра, XIX ғасырдың соңына қарай қысқы мерекелермен берік байланыса бастады. Радио, мектеп, қоғамдық мерекелер арқылы ол біртіндеп мерекелік символға айналды. Бүгінде бұл әнді естіген сәтте жылдың ауысатынын көп адам автоматты түрде сезеді.

Jingle Bells неге 100 жылдан аса уақыт бойы ұмытылмай келеді? Оның құпиясы музыкалық қарапайымдылығында. Яғни, әуені қарапайым, ырғақ анық, қайырмасы бірден есте қалады. Әнді кәсіби орындаушы да, бала да оңай айта алады. Кез келген музыкалық аспаппен ойнауға болады. Бұл оны жаппай орындауға қолайлы етті. Мәтіні нақты бір идеологияға, елге немесе оқиғаға байланбаған. Қысқы қозғалыс, күлкі, жол… Сондықтан бұл әнді тыңдау үшін арнайы дайындық та, түсіндіру де қажет емес.

Jingle Bells әнінің мазмұндық аудармасы:

Қар үстімен шана сырғып барады,
Алда — жол, артта — із ғана.
Қоңырау сыңғыры күлкіге қосылып,
Қысқы сарынға басады.

Бұл — асығыс емес, еркін қозғалыс,
Суықта да жылынған сәт.
Жол үстіндегі қарапайым қуаныш,
Қысқа тән жеңіл шаттық күйі.

Көңіл күй емес, үміт сыйлайтын жаңа жыл әні

Happy New Year 1980 жылы шықты. Бұл кезең ABBA үшін шығармашылық тұрғыдан қиын уақыт еді. Ән жаңа жылды шаттықтың шегі ретінде емес, өткенге қарайтын, болашаққа болжайтын сәт ретінде көрсетеді.

Мәтінінде салтанат жоқ. Керісінше, белгісіздік, үміт пен күмән қатар жүреді. Қырғиқабақ соғыс, ядролық қауіп, болашаққа сенімнің әлсіреуі, бәрі де сол дәуірдің жалпы көңіл күйі әнде сезіледі. Сондықтан бұл ән би үшін емес, тыңдау үшін жазылғандай.

Happy New Year мерекелік фон емес, жаңа жылдағы символға айналды. Әннің әлемге таралуы да осыдан шығар, ол әр адамның жеке ой-сезімімен, жеке үмітімен үндеседі.

Happy New Year неге әлемге тарады? Happy New Year әлемдік жаңа жыл әніне айналуына оның салтанатты емес сипаты әсер етті. Әуені баяу, сөздері анық, қайырмасы қарапайым. Әнді түсіну үшін белгілі бір мәдени код қажет емес. Мәтіндегі негізгі сезім - үміт. Ол нақты уәде емес, тек мүмкіндік ретінде айтылады. Сондықтан ән әр елде, әр кезеңде жаңаша қабылданады. Біреулер үшін бұл жаңа бастауға сенім, біреулер үшін өткен жылмен қоштасу.

Happy New Year әнінің мағыналық аудармасы:

Жаңа жыл келді,
Бірақ ол тек қуаныш емес.
Өткенге қарап,
Алда не күтіп тұрғанын ойлайтын сәт.

Үміт бар, бірақ сенім толық емес,
Армандар бар, бірақ бәрі орындалар ма — белгісіз.
Адам жаңа жылды қарсы алып тұрып,
Өз-өзімен үнсіз әңгімеге кіріседі.

Бұл — дабыралы мереке емес,
Ішкі есеп, іштей тілек.
Жаңа жыл — уәде емес,
Тек тағы бір мүмкіндік.

Бұл екі ән жаңа жылды екі түрлі жағынан көрсетеді. Jingle Bells - қозғалыс болса, Happy New Year - рухани әңгіме. Бірі жаңа жылды басталатын думан ретінде сездірсе, екіншісі оны сезініп қарсы алуға мүмкіндік береді. Осы айырмашылық оларды қарсы қоймай, керісінше бір мерекенің ішінде қатар жүруіне жол ашады.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz  сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.