Тамыз айы Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстықпен басталады.
Бүгін Қазақстанда +44 градусқа дейін ыстық болады
501
оқылды

Ал елдің батысы, солтүстігі мен шығысында нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Қазгидрометтің» 1–3 тамызға арналған ауа райы болжамына сәйкес, республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы құбылмалы болады. Соның салдарынан қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді. Солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі.

Ал еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Иран өңірінен келетін құрғақ ауа массаларының әсерінен жауын-шашынсыз ыстық ауа райы сақталады. Синоптиктердің мәліметінше, оңтүстік облыстарда күндіз ауа температурасы +35...+44 градусқа дейін көтеріледі. Орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде де ауа температурасы +33...+41 градусқа дейін жетеді.

Ал батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде 1 тамыздағы аптап ыстықтан кейін ауа температурасы біртіндеп төмендеп, күндіз +25...+35 градус шамасында болады.

Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт ашық күн астында жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге және балалар мен қарт адамдардың денсаулығына ерекше көңіл бөлуге кеңес береді. Сондай-ақ найзағай, қатты жел және бұршақ кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, ағаштар мен электр желілерінің маңында тұрмаған жөн.

«Қазгидромет» тамыз айының алғашқы күндерінде ауа райының күрт құбылуына байланысты азаматтарға күнделікті болжамдарды бақылап отыруды ұсынады.