Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығының қаты­суымен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Елдегі кәсіпкерлікті дамыту маңызды
325
оқылды

Жиында кәсіпкерлік саласындағы қа­зір­гі жағдай, салық реформасының алдын ала нәтижелері және бизнес субъектілерінің қызметін әділ реттеуді қамтамасыз ету ша­ралары қаралды. Сондай-ақ іскерлік бел­сен­ділікке, салалық және өңірлік көрсет­кіш­терге назар аударылды.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің баян­дауынша, І жартыжылдық қорытын­дысы бойынша республикалық бюджетке кор­поративтік табыс салығынан түсетін түсім­дер 15,7%-ға артқан. Салалар арасында оң серпін, әсіресе қаржы секторында және өңдеу өнеркәсібінде байқалады. 

Сондай-ақ бірінші жартыжылдық қо­ры­тын­дысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 550 мыңға артты. Қаржы министрлігінің дерек­те­ріне сәйкес, бұл көрсеткіш өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған азаматтардың қызметін заңдасты­ру жұмыстарының нәтижесінде қалыптасты. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тек әлеуметтік төлемдерді жү­зеге асыра оты­рып, салық төлеуден боса­тылады. Сонымен қатар жалданбалы жұ­мыс­керлері жоқ 260 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъек­тісі өз қызметін тоқтатқан, бұл биз­нес­тің жасанды түрде «бөлшектеу» тәжі­ри­бесінің айтарлықтай қысқарғанын көрсетеді.

Сонымен қатар Салық кодексіне енгі­зілген өзгерістерді ескере отырып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлем­дерді төлеу шегі 325 мың АЕК-тен (1,4 млрд теңге) 600 мың АЕК-ке (2,6 млрд теңге) де­йін көтерілді. Нәтижесінде, жаңа талап­тар­ға сәйкес келетін кәсіпорындар корпо­ративтік табыс салығы бойынша түпкілікті есеп айырысуды жылына бір рет жүргізеді. Осыған байланысты 2026 жылдың қоры­тын­дысы бойынша түсетін тиісті түсімдер 2027 жылдың бюджетінде көрсетіледі (бұған дейін олар есепті жыл ішінде ай сайын түсіп отырған). Бұл бизнеске есептілік көлемін қысқартуға және айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП төрағасы Қанат Шар­лапаев бизнеске қатысты бірқатар мәселені көтеріп, іскер қоғамдастық атынан ұсы­ныс­­тар айтты. Сондай-ақ ұлттық экономика бірін­ші вице-министрі Азамат Әмрин пікір білдірді.

Талқылау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету жөніндегі ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында ынтымақ­тастықты жалғастыруды тапсырды. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіпкерлік сектордың жай-күйіне салалық және өңір­лік бөліністе кешенді талдауды ай сайын жүргізіп, оның нәтижелері бойынша тиісті ақпаратты енгізіп отыру тапсырылды.