WhatsApp қосымшаңызды қазақша KazMessage-ге ауыстырар ма едіңіз?
WhatsApp қосымшаңызды қазақша KazMessage-ге ауыстырар ма едіңіз?
495
оқылды
Атыраулық оқушы Эльдар Құрмашев жаңа KazMessage мобильді қосымшасын іске қосты. WhatsApp әлеуметтік желісінің баламасы саналатын бұл бағдарлама смартфондарға арналған Android операциялық жүйесінде қолданылады. Жаңа жобаның ерекшелігі, ол- телефондағы мәліметтердің өзгенің қолдануына мүмкіндік бермейді. Жас өнертапқыш Эльдар Құрмашев қаладағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің оқушысы. Ол тынымсыз ойдың нәтижесінде ойлап тапқан жаңа қосымшаны жуырда ғана Playmarket-ке орналастырды. – Playmarket-ке тіркеген он төрт тәулікте бұл қосымшаны 265 адам ұялы телефонына жүктеп, оның 192 і тұрақты қолданып отыр. Жобамның атауын KazMessage деп атадым. Бұл атаудағы «Kaz» сөзін елімді шартарапқа таныту үшін әдейі қолдандым. KazMessage 55 тілге ауысады. Түнгі режимінен өзге бұл қосымшада әрбір адамның байланысы үшін бөлек-бөлек әуен қоюға болады. Қазір оннан аса қоңырау әуені бар. Бір топқа 250 адамды тіркеуге мүмкіндік берілген. Алдағы уақытта аталған қосымшаны бүкіл қазақстандық пайдаланса деп армандаймын. ІТ саласынан білімім болмағандықтан жаңа қосымшаның қолданыс аясын кеңейтуге әзірге мүмкіндігім болмай тұр. Енді жаңа қосымшаның App Store, Windows бағдарламаларына қолданатын нұсқасын қарастырудамын. Мақсатым пайда табу емес, қазақ баласының мұндай бағдарламаларды ойлап табуға мүмкіндігін дүйім елге паш еткім келеді. Енді қосымшаның арнайы сайтын ашып, кең қолданыста болуына бар күшімді саламын. Бұл үшін жаңа қосымшаның авторлық құқығын алуым керек» дейді Эльдар Артурұлы. Эльдардың жаңа KazMessage мобильді қосымшасының басты ерекшелігі, телефонды жоғалтып алған жағдайда, оның ішіндегі сақтаулы тұрған мәліметтерді телефонды тауып не ұрлап алған адам пайдалана алмайды. Өйткені бұл жаңа қосымшаға қосыларда әркім арнайы белгіленген 30 сан кодын алады және жаңа телефонына сол код арқылы жоғалған телефонындағы контактілердің смс-хаттары мен сурет, видеоларын қайта жүктеп ала алады. Сайып келгенде жас өнертапқыштың KazMessage мобильді қосымшасы, біз үшін әлдекімдер тарапынан болатын келеңсіздіктерді болдырмаудың төте жолын ұсынып отыр.

Тұрсын Жұмабекқызы, Атырау облысы.