Алматылық бизнеске қандай көмектер көрсетілуде?
Алматылық бизнеске қандай көмектер көрсетілуде?
232
оқылды
Алматы қаласында 30 наурыздан 5 сәуірге дейін барлық ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмысы уақытша тоқтатылады. Тек қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар жалғасады. Осындай жағдайда Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы қалай жұмыс істеуде? Дағдарыс құбылыстарын еңсеру үшін бизнеске қандай көмектер көрсетілуде? Алматыда 2020 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 106 007 жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғалар бар. Онда қызметкерлердің нақты саны 346 899 адам. Олардың көпшілігі уақытша жұмысын тоқтатуда. «Палатаға түскен бизнес өтініштердің талдауы көрсеткендей, салықты кейінге қалдыру, тауарларды қала шекарасы арқылы өткізу, сондай-ақ табысынан қағылған жеке тұлғалар мен қызметкерлерге ең төменгі жалақы төлеу – өткір мәселелердің бірі» деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директоры Нариман Әбілшайықов. Жедел штаб құрамына кіретін Палата қызметкерлері күн сайын «жедел желі» телефондарына түсетін қоңырауларға жауап беріп, толыққанды кеңестер беруде. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда қала шекарасы арқылы көлікті өткізу мәселелерін шешу үшін, блокпосттарға шығуда. Бүгінде «жасыл дәліз» арқылы азық-түлік тауарларын өткізу мәселелері бойынша 700-ден астам қоңырау келіп түсті. «Қызметкерлеріміз күн сайын, демалыссыз, кәсіпкерлерге телефон арқылы салық заңнамасының ережелерін және салық төлемдеріндегі өзгерістерді, төтенше жағдайлар кезінде жалдау мерзімін кейінге қалдыру туралы мәліметтерді, форс-мажорлық жағдайлар бойынша куәліктер алу, ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді беру, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің негізгі қарызды және барлық бизнес несиелері бойынша сыйақыны төлеуді тоқтата тұру жөніндегі ақпаратты түсіндіруде» деп атап өтті Нариман Әбілшайықов. Ағымдағы жылдың 20 наурызынан бастап мемлекеттік, квазимемлекеттік жылжымайтын мүлік нысандары бойынша, бизнесмендер үшін үш ай мерзімге жалдау төлемдерін есептеу тоқтатылды. Қазіргі таңда Палата мен қала әкімдігі бірлесе коммерциялық үй-жайларды жалға алатын шағын және микробизнес субъектілерін жалдау төлемінен босату мүмкіндігіне көмектер көрсетуде. Осыған орай, Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанынан сауда және қызмет көрсету салаларын талдау бойынша жұмыс тобы құрылды. «Наурыз айының 27 күні кешке дейін 150 кәсіпкермен кездесіп, сөйлестік. Олардың барлығы деректерді толтыру туралы кестелерді алды. Көпшілігі жалға алушылармен келісімге келді. Мысалы олардың қатарында «MEGA», «Москва», «Авто сити» бар. Үлкен жалға алушылармен шешілуі қажет мәселелерді біз бірден «Атамекен» Ұлттық палатасына жібердік» деді ол өз сөзінде. Кадр мәселесі бойынша Палата төтенше жағдай кезіндегі кадрлық мәселелерді анықтау мақсатында, 874 кәсіпорынның жұмысшыларын жұмыстан босату туралы онлайн-сауалнама жүргізді. Осы кәсіпорындардағы 16 869 жұмысшының 7 202 қызметкері немесе 25,4% еңбекақысыз демалысқа жіберілді, 1617 қызметкер босатылады деп жоспарлануда. Кәсіпкерлер палатасы карантин кезеңінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға да ықпал етеді. «Алматыға қала маңындағы жұмысшылардың кіруіне тыйым салынуына байланысты кейбір компанияларда жұмысшылардың белгілі бір саны тапшы болуда. Біз жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша 16 компаниямен байланысқа түстік, бүгінгі таңда 254 өтініш беруші жұмысқа жіберілді» деді ол. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын көтеру мәселесі қазір Жұмыс тобының бақылауында. Олардың мәліметтері бойынша, бүгінде Алматы базарларында бағаның 5-7 % өсуі байқалуда. Бағаның өсуі сәбіз (10%), қарақұмық (13%), күріш (14%), қант (12%), картоп (10%) және ұннан (5%) байқалуда. Сонымен қатар, басқа тауарлардың бағасы салыстырмалы түрде тұрақты. «Белгіленген шектеулерге қарамастан, кейбір нысандар жұмысын жалғастыруға ниетті деген ақпарат бар. Кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту, оның ішінде қамауға алу жағдайлары бар. Біз бизнестегілерге жауапкершілік туралы ескертеміз және режимдегі заң талаптарын сақтауға шақырамыз» деді Нариман Әбілшайықов. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының «Жедел желі» телефондары: 8(727) 3310133 ішкі байланыс.7555, call-center: +7 708 178 61 08. «Атамекен» ҚР ҰКП «Сall-орталығы» - 1432   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ