«Мемлекет жауып береді екен» деп кредит алатындар көбейген
«Мемлекет жауып береді екен» деп кредит алатындар көбейген
Фото: Интернеттен алынды
281
оқылды
Қазақстанның қарыз кешіру бастамасы өзге елдердің де зор қызығушылығын тудырды. Бұл шара бізде 2019 жылы аяқталғаны мәлім. Осы орайда Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга телеарналар арқылы таратылған жаңажылдық құттықтауында 2020 жылы өз еліндегі барлық зейнеткерлердің кредит бойынша қарыздары кешірілетінін жариялады.

Өзге елдерде толқын тудырдық

Моңғол жетекшісінің сөзі мемлекет басшысының ресми сайтында орналастырылған. «Мен Моңғолияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі берешек құрдымынан құтылуда көмектесу үшін барлық зейнет жасындағы азаматтардың несиелерін мемлекеттің өтейтіні туралы шешім қабылдағанын қуана хабарлаймын», – деп мәлімдеді Халтмаагийн Баттулга. Қазіргі кезде бұл елде 380 мыңнан астам адам зейнетақы алады екен, оның жартысынан астамы кредитке ие.
Таяуда РФ Мемдумасының депутаттары да бұқара өкілдерінің берешегін есептен шығару туралы ұсыныспен шықты. Бұл бастаманы көтерген – көптеген ойларын Қазақстан тәжірибесінен көшіретінін мойындаған ЛДПР партиясының және оның парламенттік фракциясының жетекшісі Владимир Жириновский. «Ресейдегі барлық микроқаржы ұйымдарын және коллекторлық агенттіктерді жабуды қолдаймыз. Олар азаматтарға жаппай қарыз қамытын кигізді. Ресейліктердің барлық 40 миллиард рубль қарызын есептен шығарып, жою керек», – деп жазды Жириновский Twitter-дегі ресми аккаунтында.
РФ Үкіметінің жаңа басшысы Михаил Мишустин қарапайым ресейліктер несиесін жауып беру идеясын қолдамайтынын білдірді. «Мұндай шешім банктер үшін жағымсыз салдар туындатады. Кредиттік міндеттемелерді есептен шығару банкрот болған жеке тұлғалар санын еселеп артырады. Бұл жағдайда еш кінәсі жоқ өзге тұлғалар ақшасын жоғалтып, зардап шегеді. Бұрынғы салықшы ретінде мұндай қадамды қолдай алмаймын», – деді Мемдума отырысында депутаттар сауалына жауап берген премьер М.Мишустин. Рунетте осы идеяны талқыға салған ресейліктер көрші Қазақстанда бұл тәжірибе табысты жүзеге асқанын алға тартады. Пікір білдірушілер Ресейдің Африка елдерінің 20 миллиард доллар қарызын кешіргені туралы хабарға сілтеме жасай отырып, неге билік қарапайым халықты осындай қайырымдылығынан қағатынына наразылық танытуда. Солтүстік көршіде банкрот болған азаматтар (оларда осындай рәсім қолданылады) саны 2019 жылы 57%-ға өсіпті. Ұлттық кредиттік тарихтар бюросы (НБКИ) дерегінше, банкроттық алдында тұрған ресейліктер қатары – 1 миллион 31,4 мың. Олар 500 мың рубльден артық, әрі 3 айдан бері төленбей келе жатқан проблемалы несиеге ие. РФ Орталық банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина жалпы, бұл идеяға оң қабақ танытпағанымен, Ресей банкі азаматтардың қарыздық жүктемесі көрсеткішіне бағалау жүргізуді жоспарлағанын жеткізді.

Қарызды берген емес, алған – «батыр»

Президенттің «ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлығы былтырғы 26 маусымда қабылданды. Онда «қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өз отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру» мақсаты көзделді. Мемлекеттің бұл қолдауы негізінен, аз қамтылғанды, оның ішінде 6 санатын – көп балалы отбасыларды, асыраушысынан айрылуына байланысты төлем алатындарды, мүгедек балалы отбасыларды, АӘК алушыларды, жетім балаларды қамтыды. Жарлыққа түсініктемеде бұл шара «біржолғы акция» екені, яғни қайталанбайтыны нықталды. Содан жауапты органдар бұл міндет орындалғанын былтырғы қыркүйекте жария етті. Алайда қарыз кешіру талаптарына толық жауап беретін адамдардың біразы оған ілікпей қалғаны анықталды. Еңбек министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің басқарма басшысы Аяжан Жанғабылова бұған мемлекеттік ақпараттық жүйедегі ақау айыпты екенін айтты. Оның үстіне 2008 жылға дейін некеге отырған және бала туған адамдардың архивтік деректерін АХАТ органдары цифрландырмағаны әшкереленді. Ол құжаттарын «сканерлеу» халықтың өзіне жүктелді.
Сондықтан Үкіметке шараны қайталауға тура келді. 18 қарашада «ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» ел Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі қаулысына өзгеріс енгізген жаңа қаулы қабылданды. Ол қарыз кешіру мерзімін 26 желтоқсанға дейін ұзартты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қосымша тізім жасауға кірісті.
Мұны естіген кейбір бұқара өкілдері қайта басталған «қарыз амнистиясын» пайдаланып қалу үшін несиеге смартфон, тұрмыстық техника рәсімдеуге, банктерден қарыз алуға жүгірді. Ақпарат құралдары тіпті бұрын кредит алмаған адамдардың өздері «мемлекет жауып береді екен» деп, осы дүрбелеңге бой алдырғанын хабарлады. Бұл – жауапты құрылымдардың жұртшылық арасында тиісті түсініктеме жүргізбеуінің кесірі еді. Себебі, кредит рақымшылығының мерзімі ұзартылғанымен, оған сол бұрынғыдай тек 2019 жылғы 1 маусымға дейін рәсімделген несиелер ғана ілікті.

Мәселеден мәселе туады

Үкіметтің мәлімдеуінше, өткен жылдың көктемі аяқталғанша тұтынушылық кредит алып үлгерген 6 санаттағы азаматтардың 98,4%-ы мемлекеттік көмекке қол жеткізді. Алдын ала деректер бойынша 507,3 мың адамның 300 мың теңге несиесі бюджеттен өтелді. Оларға 105 млрд 174,6 млн теңге жұмсалды. Бұл ретте 263,5 мың адамның (51,9%-ының) банк алдындағы барлық берешегі толық жабылыпты. 2020 жыл басында да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке қазақстандықтардан несиесін өтеп беруді сұраған өтініш көп түсіп жатыр. Ведомство олардың бәріне: «Бүгінде азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы Президент Жарлығын орындау іс-шаралары аяқталды» деген бірдей жауап қайыруда. Жарлықтағы тағы бір тапсырмаға сәйкес, 2019 жылғы шілдеде банктер мен микроқаржы ұйымдары кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша барлық қазақстандықтың – 1 млн 192 мың 834 адамның 33 млрд 620 млн теңге айыппұлы мен өсімпұл-пенясын кешіріп, есептен шығарған. Алайда бұл азаматтардың біразы негізгі заемы мен пайыздық сыйақы сомасын ары қарай төлемеуі кесірінен айыппұл мен өсімпұл көлемі қайтадан шарықтай өсетін түрі бар. Сарапшылар азаматтардың несиелерін кешіру дамушы елдерге ғана тән тәжірибе санайды. «Әлемдегі озық дамыған елдердің бірде бірінде біздегідей кең ауқымды қарыз кешіру шарасы қолданылмайды. Дәрменсіз болған заемшылардың проблемасы жеке тұлғаның банкроттығы туралы арнайы заңнама аясында, құқықтық өрісте шешіледі», – дейді экономист, Мәжіліс депутаты Дания Еспаева. Оның байламынша, болашақта бізде де берешек батпағына батқан азаматтарға көмек рақымшылық аясына емес, банкроттық заңы арқылы көрсетілуге тиіс. Айхан ШӘРІП