Еларалық байланыс қарқынды дамып келеді
Еларалық байланыс қарқынды дамып келеді
441
оқылды
Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин Ресей Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевпен келіссөздер өткізді. Кездесуде екіжақты ынты­мақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық саладағы, инвестициялық ынты­мақтас­тықтағы, өнеркәсіптік коопера­циядағы, көлік-транзит сала­сындағы, ғарыш қызметіндегі өзара іс-қимылды одан ары нығайту және арттыру, шекара маңы ынтымақтастығын және аймақаралық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды. «Екі ел арасындағы ашық сенімді қатынастар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президен­ті Владимир Путиннің страте­гия­лық бағдарына сүйене отырып, барлық салада қарқынды дамып келеді», – деді Асқар Мамин. Ол Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Мәскеуге жуыр­дағы ресми сапары және жоғары деңгейде өткен келіссөздер екі елдің стратегиялық өзара іс-қимылының одан ары дамуына қосымша серпін бергенін айтып, бірлескен белсенді жұмысқа бағытталған, қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызын, бүгінгі кездесудің аталған уағда­ластықтарды іске асырудың тә­жірибелік қадамдарын талқы­лаудың жақсы мүмкіндігі екенін жеткізді. Ресей үкіметінің төрағасы Д.Медведев Қазақстан Премьер-министрінің Мәскеуге сапа­рының бірқатар стратегиялық міндеттерді талқылап, шешудегі, тек екіжақты форматта емес, сондай-ақ ЕАЭО аясында күн тәртібінде тұрған ауқымды бағдарламаларды іске асырудағы маңызын атап өтті. Қазақстан Премьер-минис­трінің Ресейге жұмыс сапары аясында, Қазақстан Үкіметінің басшысы А.Мамин мен Ресей үкіметінің басшысы Д.Медве­девтің қатысуымен «КАМАЗ» көлік жабдықтары маркасы үшін техника және құрамдастарын өндіру жобасын іске асыру бо­йынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келі­сімге Ресей Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары А.Морозов, Қазақстан Индус­трия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ержанов, «КАМАЗ» ААҚ бас директоры С.Когогин, Қазақстандық авто­бизнес қауымдастығының пре­зиденті А.Лаврентьев, «БРК-Лизинг» АҚ басқарма төрағасы Н.Байбазаров, Tobolkz ЖШС басқарушы директоры Д.Шүкі­жанова қол қойды.