Қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы
Қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы
1,139
оқылды
2000 жылғы Сидней олимпиадасында 20 жастағы Бекзат Саттарханов қазақ боксшыларынан бірінші болып Олимпиада жеңімпазы атағына қол жеткізді. Осыдан он тоғыз жыл бұрынғы тарихи жеңіс көкейде әркез қылаң береді. Ол кезде орда бұзар отызды молынан еңсеріп, жалындап тұрған шағымыз болатын.  ... Олимп шыңының ұшар басында екі-ақ батыр қалды. Бірі – 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес, екіншісі – қазақ баһадүрі, бұған дейін жалпақ дүниеге аты беймәлім Бекзат Саттарханов. Екеуі түйдей құрдас. Рикардо Хуарес Сидней рингінде 1996 жылғы Олимпиада чемпионы, тайландық Самлук Камсингті, Еуропа чемпионы, ресейлік Камил Жамалутдиновты тізе бүктірді. Рикардоға Олимпиада «алтыны» ауадай қажет. Сиднейде бас бәйге алса, Америка Құрама Штаттарында кәсіпқой ринг көкжалдары құшақтарын айқара ашып, қарсы алады. Яғни, Сиднейдің алтын жүлдесі өз елінде бірнеше миллион долларлық келісімге жол ашады. Әлемдегі ең азулы мемлекеттің бас батыры атанумен қатар, бір-ақ сәтте ауқатты спортшылардың сапына қосылады. – Рикардо Хуареспен қоян-қолтық айқасқа барма, – деді бас бапкер Тұрсынғали Еділов. – АҚШ-тың бокс мектебі бұл жағынан өте күшті. Өкпе, бауырыңды ат тепкендей қылады. Ұзақтан аңдысып ұрыссаң – тағы қиын. Рикардо ебін тауып, төпеп ұруы мүмкін. Ең ыңғайлысы – өзіңе қолайлы орта қашықтық. Қос қапталға бұлт-бұлт етіп, алдын орап айқассаң, Хуареске қиын соғады. – Бірінші, екінші раундтарда орта қашықтықтан ұпай жинап ал, – деді Ермахан Ыбырайымов ағасы. – Рикардо алғашқы екі раундта көсіле қоймайды. Ал үшінші, төртінші раундта рингте дауыл туғызады. Шүу дегенде есепті ұлғайтып алсаң, Хуарестің есі-дерті сені қуып жету болып, қателесуі мүмкін. Ағаларын мұқият тыңдады. Рикардоның айқасы басылған бейнетаспаны неше мәрте пысықтап көрді. Сөйтті де, Алла Тағаладан медет тіледі. Жаратқан Иеге ұзақ жалбарынып, өзін сабырға шақырды. Көңілі біртүрлі орнықты. Іші бір жақсылықты сезетін тәрізді. ...Тура Түркістаннан аттанар алдындағы түсі тағы да ойына оралды. Күмістей әппақ сақалы белуарына түскен қария алтын медальді мұның мойнына іліп жатыр екен. Алматы әуежайында бауыры Мақсатқа осы түсін айтып берді. «Құдай қаласа, олжалы қайтатын шығармын», – деген. Енді, міне, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков төртеуі Сидней олимпиадасының финалдық бәсекесіне келе жатыр. Төрт бірдей қазақ боксшысының Олимпиада финалына табан тіреуі – тарихта бұрын-соңды болмаған жағдай. Автобустан соңғы ұзынша орындығында көлденең жатқан Бекзат қалай ұйықтап кеткенін білмей де қалды. Бекзаттан бұрын финалдық сында Болат Жұмаділов бағын сынады. Қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Кейінгі төрт-бес жылда 51 кг. салмақ дәрежесі бойынша жұмыр жерде алдына жан салмаған саңлақ. Тайландық Вийджан Понлидпен айқасқан Болаттың бабы емес, бағы кем болды. Жұмаділовтің жеңілгеніне ішіміз күйіп, көзден ыстық жас парлады. Қырсыққанда, екі жағыма екі бірдей тай журналисі отыра қалыпты. Мен басымды төмен салып, көз жасымды сүрте бастағаным сол еді, екеуі екі жағымнан атып тұрып, тура маңдай тұсымда қол алысса болмай ма. Бір-бірінің қолын ұзақ қысты. Көз жасымды көрсеткім келмей, тұмсығымды столға тіреп отыра бердім. Үндері жарқын-жарқын шығады. Ішім оттай жанды. Бір сәт диктор Бекзат Саттарханов пен Рикардо Хуаресті ортаға шақырды. ...Рикардо құлжаның асығындай шымыр. Қоңырқай жүзі айбынды. Айдыны асқан алып елдің ұланы екені анадайдан көзге ұрады. Өз күшіне, бабына бек сенімді. Көзінен от ұшқындап, жер тарпып тұр. Бекзат та тас-түйін. Екеуі оңды-солды аңдысып, сатыр-сұтыр ұрысқа кірісті. Тұла бойы тарамыс, сұңғақ келген Бекзат санамалап ұрып жүр. Іштен, тұмсықтан дәл соғып, әлем чемпионын тықсыра түсті. Рикардо сасатын емес. Болаттай берік. Жанкешті. Бекзатты бетпе-бет, ашық айқасқа шақырады. Бекзат сарт-сұрт ұрып, оңға орғиды, көзеп ұрып, солға орғиды. Бір сәт Рикардоны шықшыттан оңдырмай соқты да, шегіне бере қайта шүйілді. Рикардо тізгіннің қолдан сусып бара жатқанын түсініп, белсене түскен. Жоқ. Мына қазақ тым сезімтал екен. Бұл жұдырығын ыңғайлағанша, екі-үш мәрте сілтеп үлгереді. Ойлануға мұрша беретін емес. Ойсыз бокс – орға жығады. Мына қазақтың ойы да, жұдырығы да оқтай ұшқыр. Рикардо аңдысқан айқаста ұтыларын сезіп, Бекзатты бұрышқа қамауға әрекеттенді. Жоқ. Саттарханов болат құрсауды сетінете сөгіп, сытылып кете берді. Бұл қазақ шегіне басып жұдырық сілтеуге, діңкелете қуып жүріп қайқайта сабауға аса шебер екен. Рикардо арыстанша атылып, соққы жаудырған. Еңбегі еш кетті. Жұдырығы Бекзаттың қолғабының сыртынан қайтты. Ал Саттархановтың оң жұдырығы Хуарестің шықшытына жанай тиді. Көзіне қан толған Рикардо жұдырығын тағы біледі. Төпей ұрып, таптап өтпек болған. Саттархановтың оң қолы иек астынан сарт ете қалды. Айтып-айтпай не керек, екінші раунд біткенде Саттарханов оқ бойы озық тұрды – 15:4. Әлем чемпионы үшінші раундта есін жиғандай болды. Есебін тауып, Бекзатты қара қабырғаның астынан әлденеше рет қаусата ұрды. Бекзаттың Ермаханнан сұрап киген қызыл майкісі қақ айырылар дегенбіз. Екі-үш соққысы шықшытқа, иекке тиді. Саттарханов қайысқан жоқ. Ал рингтен қол созымда отырған біздер Хуарестің сұрапыл қимылына шыдамай, орнымыздан тұрып кеттік. Саттарханов сатыр-сұтыр жауған жойқын жұдырықтың астынан асқан ептілікпен сытылып шықты. Жай кеткен жоқ, Хуаресті тура тұмсықтан оңдырмай түйіп кетті. Раундтың соңына қарай Рикардо тұсалған аттай күй кешті. Бекзаттың тасқамал қорғанысын Америка батыры бұзып өте алған жоқ. Маңдайы тасқа тиіп, амалсыздан Саттархановтың ыңғайына көнген. Хуарес төртінші раундтың алғашқы секундтарында тізгінді қолға алғандай еді. Жұдырықтың астында қалған Бекзат хас батырларша айқасты. Құр қорғанбай, қарымта соққыны үсті-үстіне жұмсады. Хуарестің сағы сынбаса да, амалы таусылып еді. Бәсекенің соңына қарай екеуі де шалдыға бастады. Жан алып, жан беріскен жекпе-жектің саябыр тапқаны көңілімізді сабасына түсірді. Бізге керегі осы. Алаш жұрты жиырма жыл сарыла күткен алтын медаль жылжыған секунд тілімен бірге жақындай түсті. Ал азуын айға білеген АҚШ-тың 300 миллион жанкүйері Сидней рингіндегі жалғыз «алтыннан» – Рикардоның жеңісінен күдер үзе бастаған. Соңғы 15-20 секундты, бәлкім, жұмыр жердегі он үш миллион қазақ бір адамдай сыбырлап, күбірлеп бірге санаған шығармыз. Міне, гонг! Бекзат Саттарханов – Олимпиада чемпионы! Көз шарасына ыстық жас тұнды. Жанарым жасаурап тұрып, көрші тай журналистерін Понлидтің жеңісімен құттықтадым. Сосын өзімнің қазақ екенімді айттым. Бекзат пен Болатты бауырым, дедім. Екеуінің ауызы ашылып қалды. Содан Бекзатқа қарай құстай ұштым...  

х х х

Әне, алтын асықтай Бекзат батыр тұғыр төріне табан тіреді. Көз алдым буалдыр тартып, тұла бойым ала бөтен шым-шым етті. ... Айқас аяқталған бетте соңымнан қуған полицейге ырық бермей, керменің арғы бетіндегі Бекзатты еңкейтіп, маңдайынан сүйіп едім. Алтын татыған тері таңдайымда тұр. Батырды тағы да бауырыма бассам деймін. Аумағы ат шаптырым спорт сарайының төріне ілінген электронды таблодағы «Kazakhstan» деген жазу күн шұғыласындай нұрлана жарқырайды. ...Әлгінде ғана Американың аруағын асырамын деп, ринг төсін майдан қылған әлем чемпионы Рикардо Хуарес күміс белесті олқысынып, көз жасын тыя алмай тұр. Жылама, Рикардо! Жылама! Сенің елің алтын медальға кенде емес. Зәру де емес. Бұл алтын сенен гөрі бізге қымбат. Біз тұтас ұлт болып осы алтын медальді табаны күректей 20 жыл күттік. Түсінесің бе, Рикардо?! Шешуші сында өзіңнен айласын асырып, иығын оздырған Бекзат Саттарханов – қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы! Сен арман қылған Олимпиада алтынын дүниедегі бар қазақ Бекзаттай асылын қайрап салып, қолыңнан жұлып алды десек, сенесің бе, сенбейсің бе?! Дәл бүгін құдіретті күшті Жаратушы Иеміз бізді, алаш жұртын қолдады. Бекзат болса, алаштың арманынан туған ұл. Ондай ұлдан ұтылдым деп, қамықпа. Жылама. Иә, рингте жел аударған қаңбақтай алас ұрдың, Рикардо. Бірақ бойында бүтін бір халықтың дауылы бар Бекзат сені шыдатпады. Біздің Бекзат сенің өміріңде өшпестей із қалдырғанын амалсыз мойындайсың. Қазақ мұндайда «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді... Көңіл шіркін осылай шаттанады. Жалындай шалқып, толқындай тулайды. Бір сәт... қарсы алдымдағы теледидар көкбайрақты желбегей жабылған Бекзаттың жүзін ап-анық көрсетті. Самайындағы моншақ-моншақ тер жақұттай мөлдірейді. Арқасында «Қазақстан» деген жазуы бар көк байрақ түстес спорттық костюмді шаттана киіп, баспасөз орталығына қарай құстай ұшқан сәт күні кешегідей көз алдымда. Екінің бірі қолымды қысады. Екінің бірі «Kazakhstan! Boxing! О-key!» деп бас бармағын көрсетеді. Сарыарқаның сайын даласында тұлпар тақымдағандай бір ғаламат сезім. Алла Тағаланың қазақ қылып жаратқанына да мың да бір шүкіршілік айтып, алаштың ұлы болғаныма мақтаныш сезіммен алшаң басып келемін. Сидней көшесіндегі сеңдей соғылысқан халықтың тайлы-тұяғына дейін қазақты білетініне, бір адамдай мойындайтынына дәл қазір бәс тігуге әзірмін. Ерсілі-қарсылы ағылған халық Бекзат, Ермахан, Болат, Мұхтархандардың әр жекпе-жегін жыр қылып айтып бара жатқандай көрінеді маған. Не керек, бауырларымның ұлт тарихын өрге сүйреген ерлігі, алтынның буы көңіл шіркінді осылай шарықтатты. Енді бір сәт туған жерге деген сағыныштан көкірегім сыздап қоя берді. Ел дүркіретіп той жасап жатқан шығар. Мұрныма жусан исі келгендей. Көк майсалы, селеулі дала кең құшағын айқара ашып, тез жет дейтіндей. Құлақ түбінен шұрқырай-кісінескен жылқы үні естілгендей болды. ...Елге батырлардан төрт-бес сағаттай кейін жеттік. Қазақ арқа-жарқа. Халық шын қуанышты, нағыз жеңісті әбден сағынған екен. Елдің аузында – батыр боксшылардың теңдессіз ерлігі. Өзіміз көзбен көрген жекпе-жектерді мың құбылтып, түрлендіріп айта жөнелгенде аузың ашылып қалады. Кей тұсын ертегіше суреттейді. Ғажап! Халықтың жыр бесігінде баяғының батырлар жырындай болып боксшылар жыры тербеліп жатқандай әсерге бөлендік. Боксшыларды қарсы алуға Алматы әуежайына таңғы төртте төрт мыңдай жанкүйер жиналғанын ұшақтан түскен бетте кеденші жігіттерден естідік. Елдің рухы оянғаны, әр жүректе намыс оты алаулай жанғаны төбемізді көкке жеткізгендей болды. Қалың жанкүйер полицейлер тосқауылын бұзып-жарып, ұшаққа қарай лап қойыпты. Ұшақ табалдырығынан Ермаханы мен Бекзатын, Болаты мен Мұхтарханын тік көтеріп әкеткен халықтың махабатына тау-тау алтының өлшемі бола алмайды. Қазақты шаттыққа бөлеп, қанын қыздырған, жанын нұрландырған осы төрт оғланның ғажап жеңісі еді. Арада бірнеше күн өткенде «Егемен Қазақстан» газеті Бекзат пен Ермаханның қатар түскен суретімен 2001 жылдың күнтізбесін шығарды. О, құдірет! Көкөрім Бекзаттың мұң шарпыған жанары әлдебір сыр бүккендей...

Қыдырбек Рысбек.

https://www.youtube.com/watch?v=6-qlev0sVt4