Анна – чемпион
Анна – чемпион
395
оқылды

Алматыдағы №70 мектепте оқитын балалар үйінің тәрбиеленушісі Анна Водолазова Біріккен Араб Әмірліктерінде джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында топ жарды.

Қаладағы №1 балалар үйінің дирек­торы Гүлмира Қоңдыбаеваның айтуынша, Анна спорттың осы түрімен апта бойы тынбай дайындалады екен. 
– Аннаның осында келгеніне бес жыл болды. Әкесі де, шешесі де жоқ. Сабақ үлгерімі жақсы. Оның әлем чемпиона­тында жеңіске жеткеніне қатты қуаныш­тымыз. Оның бұл спортпен айналысқа­нына бір жылдан енді асса да, жүлделі орындар алып жүр. Осы жетістік үшін Samurai академиясы мен бапкер Альберт Алдияровқа алғысым зор, – дейді Гүлмира Қоңдыбаева. 
Бірнеше ай бұрын Анна қолын жара­қаттап алып, бар күшімен жаттығу жұ­мыстарын істей алмаған. Сондықтан бапкерлер штабы оның жеңіске жетеріне сене қоймаған екен. 
– Джиу-джитсу – бұл бірінші кезекте өз-өзіңмен күресу. Қиындыққа қарсы жүрсең, бәрін жеңесің. Біз оларға кілемде де, өмірде де қалай қиындыққа қарсы тұруды үйретуге тырысамыз. Сондықтан жеңілсе де, еңсесін түсірмейді. Осы жа­рыста медальдан бұрын олардың потен­циалын көргіміз келді. Жаңа ортамен таныстырғымыз келді. Ал мақсатымыз орындалды, – дейді бапкер.  
Анна әлем чемпионатында бес кез­десуге шығып, екеуін мерзімінен бұрын аяқтапты. 
– Кәдімгі балаларға қарағанда балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін мұндай жарысқа қатысу, спортпен мұқият айна­лысу мүмкіндігі төмендеу. Балалар маған келіп жаттыға бастағанда-ақ олардан чемпион жасаймын деп серт бердім. Әлем чемпионатына дейін ел ішінде оншақты жарысқа қатыстық. Біздің балалар әлемдік додада өздерінен деңгейі жоғары спорт­шылармен жекпе-жекке шықты. Бірақ өздерінің рухы, ұмтылысы да биік екенін дәлелдей алды, – дейді Альберт Алдияров. 
Аннадан бөлек тағы бір тәрбиеленуші Любовь Темникова қола жүлдені жеңіп алған.