Әр үміткерге – 7 млн теңге
Әр үміткерге – 7 млн теңге
542
оқылды

Алдағы сенбіде, яғни 11 мамырда сағат 18:00-де Қазақстан президенттігіне кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталуы тиіс еді. Алайда Орталық сайлау комиссиясы заң талабына сай келетін үміткерлерді 6 мамырға дейін тіркеп қойды. Үміткерлер осы мүмкіндікті пайдаланып, үгіт-насихат жұмысына 5 күн бойы дайындала алады. Ел қазынасынан әр үміткерге үгіт жүргізуі үшін 7 млн 331 200 теңге беру көзделген. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды.

Сөз басында айтқанымыздай, ОСК ел басқарудан дәмелі үміт­кер­­лерді тіркеуді заңда қарасты­рыл­­ған мерзімнен 5 күн бұрын аяқтады.

«ОСК-ның кандидаттың заң талабына сәйкестігін анықтау туралы мәліметтерді уәкілетті мемлекеттік органдардың 2 күн ішінде ұсыну мерзімін қысқарту, қол қою парақтарын беру мерзі­мін 2 күнге дейін, сондай-ақ АСК қол қою парақтарын тексеру мерзі­мін 5 күнге  қысқарту туралы   шешімдері кандидаттарды тіркеу кезеңін мерзімінен бұрын аяқтау­ға себеп болды. Босатылған уақыт кандидаттарға штаб қызме­тін ұйым­дастырумен айналысуға, сай­лау қорында қаражатты жи­нақ­тауға және үгіт кезеңіне неғұр­лым сапалы дайындалуға мүм­кіндік береді», – деді ОСК төра­ғасының орынбасары Констан­тин  Петров.

Ал ОСК хатшысы С.Мұста­фи­наның айтуынша, «ҚР Сайлау туралы» туралы конституциялық заңға  сәйкес, мемлекет прези­дент­тікке кандидаттарға өз  бағ­дар­ламасымен бұқаралық ақпа­рат құралдарына шығу үшін қара­жаттың тең бөлігіне кепілдік беретінін жеткізді. 

«Кандидаттарға БАҚ-қа шығу үшін қаражат бөлу қағидалары мен көлемі туралы 2018 жылғы 25 тамыздағы №12202 қаулыға сәй­кес, кандидаттарға теледидар­да – 15 минут, радиода – 10 ми­нут, мерзімді баспасөзде немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа парақтан аспайтын екі мақала жариялау үшін бірдей көлемде қаражат бөлу көзделген.

 Сондай-ақ «Сайлау туралы» конс­титуциялық заңның 33-бабы 2-тармағына сәйкес, республи­калық бюджет қаражатынан кан­ди­даттың сайлау алдында көпші­лік шараларын  өткізу, үгіт мате­риал­дарын шығару, сондай-ақ көлікке жұмсайтын шығын­дары жабылады. Осыған орай, ОСК қаулысының жобасы әзірленді. Ол құжатта кандидаттың шығын мөлшері 7 млн 331 200 теңге көле­мінде белгіленіп отыр», – деді ол.

Кандидаттың сайлау қорында оның өз қаражаты және үміткерді ұсын­ған республикалық қоғам­дық бірлестіктен бөлінген қара­жат­тың жалпы сомасы   ең төменгі жалақының 12 000 есе мөлшерінен аспауы тиіс, ол – 510 000 000   тең­ге. Екіншіден, республика аза­маттары мен ұйымдарының ерікті қайы­рымдылығының жалпы со­ма­сы заңнамада белгіленген ең тө­менгі жалақы мөлшерінен 15 000 еседен аспайды, бұл – 637 500 000 теңгені құрайды.  Бел­гі­­ленген мөлшерден тыс түскен ар­тық ақша қаражаты сайлау қорларына есеп­телуге жатпайды және олар­ды енгізген азаматтар мен ұйым­дарға қайтарылады. Жасы­рын қайырымдылық қара­жа­ты рес­пуб­ли­калық бюджет кірісіне аударылады.

«Сайлау қорларына тек заңды жолмен алынған қаражат қана жіберіледі. Сайлау қорының қаражатына билік ету құқы кан­ди­даттарға ғана тиесілі», – деді  ол. Егер кандидат өз канди­да­турасын алған немесе кан­ди­датты тіркеу туралы шешімнің күші жойыл­ған жағдайда сайлау қоры­на түскен ақша оларды енгізген аза­маттар мен ұйымдарға қайта­ры­лады. Бұл ретте көрсетілген қаражатты қайтаруға байланысты шы­ғыстар оларды енгізген аза­мат­тар мен ұйымдардың есебінен өтеледі.

Сайлау қорытындылары анық­талғаннан кейін кандидат күнтізбелік 5 күннен кешіктірмей ОСК-ке сайлау қорына аударыл­ған ақша түсімдерінің көзі және барлық шығындар көрсетілетін өз сайлау қорының қаражатын пай­да­лану туралы есеп беруі қажет. ОСК сайлау қорытындысы жа­рия­­ланғаннан кейін 10 күн ішінде БАҚ-та сайлау қорына келіп түс­кен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпа­рат­ты жариялайды.

Бұл ретте Халықтық Жинақ Банкі Ортсайлаукомға арнайы шотқа қаражаттың келіп түскені туралы және олардың жұмсалғаны туралы апта сайынғы есепті ұсы­на­д­ы. Аталған есепті ОСК БАҚ-та айына екі рет жария­лайды. Ар­найы шоттар бойынша барлық қаржылық операция сайлаудан бір күн бұрын 18:00-де тоқтаты­ла­ды.

Егер үміткер сайлау туралы заң нормаларын және арнайы уақыт­ша шот ашу, сайлау қоры­ның қаражатын жұмсау қағидала­рын бұзатын болса, ол кандидатты тіркеу туралы шешімнің күші жойылады.

ОСК төрағасының орынба­сары Константин  Петров  мемле­кет азаматтарға, қоғамдық бірлес­тік­терге сол немесе өзге канди­дат­ты, саяси партияны қолдап не­месе оларға қарсы сайлау ал­дын­­дағы кедергісіз үгіт жүргізу құқы­ғына кепілдік беретінін атап өтті.

«Заңда мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару орган­дары, сондай-ақ қызметтік мін­деттерін атқару кезінде олар­дың лауазымды адамдары; Қарулы күштердің, басқа да әскер­лер мен әскери құрылым­дар­дың әскери қызметшілері, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау ор­гандарының қызметкерлері және судьялар;  сайлау комиссия­лары­ның мүшелері; діни бірлес­тік­тер, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар және халықаралық ұйымдарға сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады», – деген ол  үгіт жұмыстары  бұқаралық ақпа­рат құралдары арқылы; сайлау алдындағы көпшілік іс-шаралар­ды, сондай-ақ канди­даттар­дың және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу арқылы;  баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы жүзеге асырылаты­нын жеткізді.

 

Айдана БЕГІМ