Кипр елшілігін ашпақ
Кипр елшілігін ашпақ
439
оқылды

Парламенттің Жоғарғы палатасының басшысы елімізге келген мәртебелі меймандарды қабылдады. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Кипр сыртқы істер министрі Никос Христодулидиспен кездесті. Д.Назар­бае­ва сапар барысында қол қойылған үкіметаралық құжаттар екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстан мен Кипрдің көп­те­ген өңірлік және халықаралық мәселені шешу әдістерінің ұқ­сас­тығына назар аудартқан Се­нат басшысы еліміздің халықа­ралық және өңірлік бастама­ларын қолдағаны үшін кипрлік әріп­тестерге ризашылығын біл­дірді. Та­рап­тар парламентара­лық байла­ныстарды нығайтуға уағдаласты. Дариға Назар­баева Кипр депутаттарын Қазақстанға келуге шақырды.

– Парламент делегация­лары­ның сапарлары саяси үнқаты­суымызды кеңейтіп, өзара іс-қимылдың барлық саласы бо­йынша екіжақты қарым-қаты­настарды ілгерілетуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Бұдан бөлек, сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Жүздесушілер өзара сауда көле­мін арттыру және оны әртарап­тандыру үшін барлық алғышарт бар екеніне тоқталды. Дариға На­зарбаева Кипрге бірлескен инфрақұрылым жобаларын жү­зеге асыруға қатысуды ұсынды, жұмысы ағылшын құқығына негізделген АХҚО алаңында ашылатын қаржы және инвес­тициялар сала­сындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең мүм­кіндіктері туралы жан-жақты әңгімеледі. «Қазақстанда шетел­дік инвесторлар үшін жақсы заңнамалық база құрылды», – деді ол.

Никос Христодулидис елін­дегі экономикалық ахуал жа­йында хабардар етіп, Қазақстанда Орталық Азия елдеріне арналған Кипр елшілігін ашу ниеттерін жеткізді. Дипломаттың айтуын­ша, «Кипр Қазақстанның Еуро­палық одақтағы елшісі болуға дайын».

Сенат төрағасы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасын­дағы Кеңей­тілген әріптестік және ын­тымақтастық туралы келісімді ратификациялағаны үшін Кипр­ге алғысын айтты. Қазіргі кезде құжатты ЕО-ға мүше 27 елдің пар­ламенттері рати­фика­циялады.

Н.Христодулидис Д.Назар­баеваны Кипрге сапарлап келуге шақырды.

Грузияның премьер-ми­нис­трі Мамука Бахтадземен кез­дескен Сенат басшысы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқыға салды. М.Бахтадзе екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытудағы Елбасы Н.Назар­баевтың рөлін жоғары бағалады.

Әңгіме барысында сауда-экономи­калық әріптестікті кеңейту, маңызды инфрақұры­лымдық және логистикалық жобалар жайын тілге тиек ете келе, Да­риға Назарбаева көлік-транзит сала­сын­дағы өзара іс-қимылды өрістету қажетін нық­тады. «Транзиттік мүмкін­дік­терді пайдалану тиімділігін артты­руда Қазақстан мен Гру­зияның мүдде­лері сәйкес келе­ді. Мемлекет­теріміздің аумағы арқылы ірі трансқұрлықтық көлік дәліздері өтеді. Бұл зор артықшы­лықты пайдалану керек», – деді ол.

Тараптар туристік әлеует пен гу­ма­ни­тарлық ынтымақтас­тық­ты ке­ңей­тудің келешегін талқы­лады. Грузия премьер-министрі өз елінің ЖІӨ-сінің 6 пайызын білім беруді дамытуға бағыттауды көздейтін жаңа заң туралы ақпа­раттандырды. Ол қос мемле­кеттің жоғары оқу орындарына ынтымақ­тастықты белсенді дамытуды ұсынды.

Сенат төрағасы еліміздегі маңызды ішкі саяси оқиғалар, қазақстан­дық­тардың келешекке зор сеніммен қа­райтыны жө­нінде мәлімдей келе, алдағы президенттік сайлау науқа­нының барысы туралы әңгімеледі. Д.На­зарбаева Грузияны алдағы тә­уелсіздік күнімен құттықтады: «Гру­зия халқының өркендеп, дамуына тілек­теспін! Бұл мақ­сатқа еліңіз таяу болашақта қол жеткізеріне сенім­дімін», – деді ол.