Ататүрік тағылымы
Ататүрік тағылымы
613
оқылды

Түркияда 19 мамыр – «Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні». Бұл күн түрік елінде мереке. Биыл – Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің 100 жылдығы. Мерекенің мәні де осында. Айтулы күн қарсаңында Түркияда түрлі шара өтті. Әлеуметтік желіде #19Mayıs1919, #100Yılında19Mayıs, #gençlikvar хэштегімен пікірін білдіріп, бір-бірін құттықтағандардың саны миллионнан асып жығылды.

1919 жылы 19 мамырда тәуел­сіздік үшін күрескен ұлттық қоз­ғалыстың көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрік Самсунға келіп, шетелдік интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Түркия тарихында бұл күн – азаттық үшін күрестің басталған күні.

Мейрам алғаш рет 1935 жылы 24 мамырда «Ататүрік күні» ретінде тойланып, Стамбұлда спорт күнін ұйымдастырды. Сол жылы өткізілген спорт конгре­сінде «Ататүрік күнін» Жастар және спорт мейрамы деп атау ту­ралы шешім шығарылып, заңды түрде бекітілді. Мерекені тойлау датасын 19 мамырға ауыс­тырды. 1980 жылы 12 қыркүйектегі мемлекеттік төңкерістен кейін мерекеге «Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні» деген ресми атау берілді.

Мереке қарсаңында Түркия­ның жастар және спорт министрі Мехмет Мухаррем Касапоғлу Аныткабірге барды. Ататүрік мавзолейіне гүл шоғын қойып, жүрекжарды сөзін жеткізді. «Соңғы деміміз қалғанша Отаны­мызды қорғаймыз және сіз тұ­татқан тәуелсіздік рухын мәңгі сақтауға уәде береміз», – деді. Өткізілген іс-шаралардың ішін­дегі ерекшесі «Жастар және байрақ шеруі» болды. Шеру кезінде ұзындығы 1919 метр түрік байрағы ашылды. Түркияның әр жерінен келген жастар рухты әуен ырғағымен ай бейнелі қызыл ту астында бірікті.

Қазақстанда да Ататүрікті еске алу күні айрықша аталып өтті. 17 мамыр күні Ұлттық ака­демиялық кітапханада «Тарихтан тағылым: Түрік ұлт-азаттық күресі және Ататүрік» атты кон­ференция өтті. Конференция қатысушылары Ататүрікке арнал­ған көрмені тамашалауға мүм­кіндік алды. Шараға Қазақстан­дағы Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Мажарстан және Түркіменстан елшілері, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, көрнекті қоғам қай­раткерлері мен ғалымдар қа­тысты.

Халықаралық Түркі акаде­мия­сының президенті Дархан Қыдырәлі Ататүріктің түркі жұрты үшін ортақ тұлға екенін айтып, Самсунда басталған ұлт азаттық күрестің маңызына тоқталды. Түркияның Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык мерекемен құттықтап, елеулі күнді өз дең­гейінде қарсы алуға атсалысқан баршаға алғысын білдірді. Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Түркия жайындағы ыстық естелігімен бөлісіп, Ата­тү­рік аманаты жайында ой қоз­ғады.Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңе­сінің мүшесі Әділ Ахметов бауыр­лас мемлекеттердің қай­раткерін дәріптеп, біртұтас түркі жұртына айналғанына риза­шы­лығын біл­дір­ді. Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков Түркі акаде­миясы мен Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының қол­дауы­­мен өткізілген шара ұйым­дас­тыру­­шыларына алғыс білдіріп, ме­реке жайында ойтолғам жасады.

Конференциядан кейін Ата­түріктің «Жолдау» еңбегінің қазақ тіліндегі аудармасының тұсауке­сері өтті. Ататүрік 1927 жылы 15-20 қазан күндері Анкарадағы Ұлттық мәжілісте 36,5 сағат бойы баяндама жасаған. Сондағы айтқанын «Жолдау» деп жүйелеп, өз қолымен жазып шыққан. Жолдау Ататүріктің тәуелсіздік жолындағы күрес философиясы жайында мағлұмат береді. Кітапта Османлы мемлекетінің ыдырауы, Ататүрік басшылығымен жүр­гізіл­ген ұлт-азаттық күрес және Түркия Республикасының жа­рия­ланып, қалыптасуына қатыс­ты құнды мәліметтер бар. «Жолдау» еңбегі көне османлы ті­лінде жазылған. Кейіннен аудар­машылар қазіргі түрік тіліне ыңғайластырған. Академиясы аудармашылары екі нұсқаға да көңіл аударып, толымды дүние жасап шығарған.

«Жас кезде жетіліңдер. Түрлі идеяны ойлап, білім қайнарына бойлаңдар. Сонда жастық ай­дынында жарқын болашақпен қауышасыңдар». Ататүрік бұл күнді тегіннен тегін жастар мен спорт­қа арнамаған сыңайлы. Мемлекеттің тірегі – жастар. Жас­тарды отансүйгіштікке, сын­бас рухқа тәрбиелеу арқылы елінің ыдырамасына кәміл сен­ген. Содан болар Ататүріктің түрік жастарына деген өсиет-тәмсілдері көп.

«Тәрбиенің екі түрі болады: діни және ұлттық. Біз діни тәрбие беруді отбасына тапсырдық. Ұлт­тық тәрбиені мемлекет беруі қа­жет». Мемлекеттің негізі – 
ұлт­тық ­санада. Ататүріктің «Ұл­тымыз – үлкен. Ешқашан қорық­паңдар. Ол құлдық пен тойым­сыздықты қабыл етпейді» дегені – ұлтын тәрбиелегені. Қай сөзін алып қарасаңыз да тұтастыққа, тәрбиеге, мемлекет құндылығын қадірлеуге негізделген үндеуіне жолығасыз. «Ең үлкен соғыс – на­дандыққа қарсы соғыс». Ата­түрік Түркияның білімді, озық ойлы жастарын тәрбиелеуге атса­лысты. Надандықпен өмір бойы күресті.

Түріктер Мұстафа Кемал Ата­түрікке шексіз риза. Түркия үшін Ататүрік Отанға деген махаб­баттың, ұлттық рухтың, мұқалмас жігердің, сенімнің символы.«Тас жарылады, күміс балқиды, ал түріктік – мәңгілік» деген Кемал паша сөзі түріктерді игі бастамаға жетелейді.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ