Жаңа өндіріс ошағы ашылды
Жаңа өндіріс ошағы ашылды
449
оқылды

Облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Архимед Мұхамбетов Қостанайдағы «Агромашхолдинг KZ» АҚ базасында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Өткен жылдан бастап Lovol маркалы тракторлар шығара бастаған компания бүгінге дейін 100-ге тарта трактор құрастырыпты. 2019 жылдың алғашқы тоқсанында конвейерден шыққан 28 трактор да аз уақыттың ішінде өз иесін тауып үлгерді.

Ауыл шаруашылығына қажетті техника «Агромашхолдинг KZ» АҚ мен қытайлық Shandong Lovol Heavy Industry International Trading CO.LTD-ның бірлескен жобасы. Жобаның құны – 3,6 млрд теңге.

Lovol – дүниежүзіндегі ауыл шаруашылығы техникаларын шы­ғарумен айналысатын жетекші компаниялардың бірі. Ол жыл сайын 70 мың трактор, 50 мың комбайн, басқа да техникаларды құрастырады. Компания өнімдерін Қытайда ғана емес, әлемнің 50 еліне экспорттайды.

Алдағы уақытта «Агромашхолдинг KZ» АҚ базасында 4,5 мың шаршы метрлік цех іске қосылмақ. Онда жы­лына 3 000 тракторға дейін шыға­ры­латын болады. Жаңа жоба 180 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

– Бұл – облыс үшін маңызды оқиға. Біз өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру саласын дамыту шеңберінде қытайлық әріптестерімізбен бірлесіп, жаңа өндіріс ошағын ашып отырмыз. 130 аттың күшіне тең тракторлар облыста ғана емес, елімізде үлкен сұранысқа ие. Алдағы уақытта кәсіпорын өз өнімдерін ішкі нарықпен қоса, көрші мемлекеттерге де экспорттауды жоспарлап отыр, – деді облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Архимед Мұхамбетов жаңа жобаның ашылу салтанатында.

Келешекте трактордың кейбір бөлшектерін зауыт өз ішінде жа­сай­тын болады. Бұл – машина құрас­тыруда үлкен жетістік. Өндірістің керме жібі қиылған соң Shandong Lovol Heavy Industry International Trading CO. LTD басқарма төрағасы Ван Гуй Минге сөз алды.

– Бірлескен жобаны ашу құр­метіне ие болғаныма қуаныштымын. Біз «КазАгроФинанс» АҚ, «БРК-Лизинг» АҚ, Қазақстан Үкіметі мен Қостанай облысының басшыларына сенімді серіктестігі үшін алғыс біл­діреміз. Алда кәсіпорынмен көптеген жұмыстарды бірлесе атқаратын бо­ламыз, – деді ол.

Кездесу соңында «Аллюр» ком­паниясы директорлар кеңесінің төра­ғасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңе­сінің мүшесі Андрей Лаврентьев Қа­зақстандағы ауылшаруашылық техникасын құрастыратын кәсіп­о­рын­дар отандық аграрлық сала жұ­мысының ерекшеліктерін ескеретінін айтты.

Айта кетейік, «Агромашхолдинг KZ» АҚ ауыл шаруашылығы техни­каларын өндіруші, Қазақстандағы «Гомсельмаш» ААҚ (Белорусь) дис­трибьюторы. Астық жинау комбайн­дарын шығару бойынша «Агромаш­холдинг KZ-ның» өндірістік қуаты жылына 1 000 комбайнды құрайды. Өнім желісі LOVOL – 354, 604, 904, 1304 үлгілерінен тұрады.