Әлемде жаңа туған 160 баланың біреуі аутизммен өмірге келеді
Әлемде жаңа туған 160 баланың біреуі аутизммен өмірге келеді
426
оқылды
Әлем бойынша аутизмі бар балалардың саны артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша әлемдегі 160 баланың біреуі аутизм спектрінде дүниеге келеді екен. Аутизмге шалдыққан балалардың санының көп болуы мамандарды да алаңдатып отыр. Ресми деректер бойынша Қазақстанда аутизмі бар 5 мыңға жуық бала бар. Бұл орайда елімізде аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру ісі қолға алынды. 2015 жылы «Болашақ» корпаративтік қоры «Әр бала мектепке лайықты» жобасын бастады. Аталған бағдарлама аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру моделін әзірлеуге және жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда енгізуге бағытталған. Бұл жоба аясында мамандандырылған бейімдеу және балаларға арналған әлеуметтік 10 мекеме жабдықталды. Бүгінге дейін Қазақстанның 17 аймағында 41 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Соның арқасында аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар 380-нен астам бала күнделікті мектепке баруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ 2018 жылдың маусым айында «Болашақ» КҚ көзі көрмейтін және нашар көретін адамдарға арналған «Цифрлық кітап және оның кітапханадағы келешегі» дыбыс жазу студиясын ашты. Жұмыс барысында балаларында ерекше білім алу қажеттіліктері бар 1 200-ден астам отбасына консультация берілді. 1 250-ден астам білім беру маманы инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлықты талдау бойынша оқудан өтті. 420 жұмыс орны ашылды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды алаламау және сапалы білім алу негізінде қолданыстағы ҚР заңнамасына 70 өзгеріс енгізілді. Айта кетейік, «Әр бала мектепке лайықты» жобасы жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін қысқы қайырымдылық балынан жиналатын қаражат есебінен жүзеге асырылады. Сондай-ақ Nur Otan партиясы «Кедергісіз келешек» жобасының «Инклюзивті білім беруді дамытуға қолдау көрсету» бағытында «Болашақ» корпаративтік қорымен бірлесе жұмыс істеуде.   аутизм, науқас, Nur Otan Енді инклюзияны қолдау кабинеттері жайында аз-кем тоқталып өтейік. Инклюзияны қолдау кабинеті – бұл оқушылар жалпы білім беретін сыныптағы негізгі оқу үрдісін үзбестен өз қажеттіліктеріне сәйкес көмек алатын мектептегі қосымша бөлме. Кабинет 4 зонаға бөлінген: сенсорлық жеңілдеу зонасы, жеке сабақтар зонасы, топтық сабақтар зонасы және мұғалімнің жұмыс зонасы. Әр зона қажетті құрал-жабдықтармен және материалдармен жабдықталған. Жоба кураторлары балаларды жеке дамыту бағдарламасын әзірлейді, осы бағдарлама бойынша оларға жұмыс істеуді үйретеді. Оқушылар тьюторымен бірге кабинетке келіп, сабақ ала алады. Бір сөзбен айтқанда, жоба аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балалардың мінез-құлқының бұзылуын түзету үшін және білім беруде қолданылатын әдістердің жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Жыл сайын толерантты қоғамды қалыптастыру және инклюзивті білім берудің міндеттері мен артықшылықтары туралы азаматтарды ақпараттандыру мақсатында Қор журналистер мен әуесқойлар арасында инклюзивті білім беру туралы үздік материалға байқау өткізеді. Байқау 2016 жылдан бастап 5 номинация бойынша ұйымдастырылып келеді. Осы 4 жыл ішінде Қазақстанның 21 қаласынан қатысушылар 241 конкурстық жұмысты ұсынды. Байқау жылда 2 сәуірде Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні басталатын. Осы жылы елдегі жағдайды ескере отырып, байқаудың басталуын 2020 жылдың қыркүйегіне ауыстыру туралы шешім қабылданды. 2020 жылы жоба алғаш рет балабақшаларда іске асырылмақшы. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының №34 және №89 балабақшаларында балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу жоспарға енді. Жобаға 3-5 жас аралығындағы 10-ға жуық бөбек қабылданады.  Балабақшалардағы кабинеттер елде төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін ашылады деп күтілуде. Өткен жылдан бастап Қор мінез-құлықты қолданбалы талдау саласындағы шетелдік сарапшылардың кітаптарын қазақ тіліне аудару бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізіп жатыр. Биыл Ю.Эрц пен О.Мелешкевичтің «Ерекше балалар. Қолданбалы мінез-құлық талдауына кіріспе» кітабы және доктор Дж. Партингтонның ABLLS-R арнайы білім беру қажеттіліктері бар балалардың дағдыларды бағалау құралы қазақ тілінде жарық көреді. «Ерекше балалар. Қолданбалы мінез-құлық талдауына кіріспе» кітабы аудармасына – «Шеврон» компаниясы демеушілік танытып отыр. Алдағы уақытта кітаптың 3 мыңнан астам данасы білім беру ұйымдарына тегін беріледі. Қор жыл сайын инклюзивті білім беру және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын іске асыру саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне ұсыныстар жасайды. 5 жыл ішінде еліміздің қолданыстағы заңнамасына 70-тен астам өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, қор Үкімет жанындағы Қайырымдылықты дамыту жөніндегі кеңес отырыстарына, Парламент Сенаты жанындағы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырыстарына, БҒМ жанындағы инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырыстарына тұрақты түрде қатысады. Жоба аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балалардың мінез-құлқының бұзылуын түзету үшін оңтайлы әрі білім беруде қолданылатын әдістердің жоғары тиімділігін көрсетіп қана қоймай, адамдардың өміріне де өзгеріс әкелді. Жоба туралы біліп, көптеген отбасылар басқа қалалардан, тіпті шет елдерден көшіп келуде. Мәселен, 2019 жылы бір отбасы Ресейден Қазақстанға қоныс аударған. Жоба алғаш рет өңірлерде жүзеге асырыла бастаған кезде мамандардан қажетті көмек алу үшін Жаңаөзен қаласынан 5 отбасы Ақтауға көшіп келді. Солардың бірі – Әскерова Бибігүл.
– Бұл оқыту орталығына келген соң көп өтпей нәтижесі де көріне бастады. Бір жыл ішінде балам сөйлей, оқи, жаза бастады. Мінезі де өзгерді, аз ашуланатын болды. Ұлым екеуміз бір-бірімізді еркін түсіне бастадық. Қазір ол өз бетінше мектебіне бара алады, қалада еркін жүріп-тұра алады. Бұл жобаның қанаты кеңінен жайылса деймін. Өйткені кейбір шалғай аймақтардағы ата-аналар әлі де осындай жобаларға мұқтаж. Жоба аутизмге шалдыққан баласы бар әрбір ата-ананың жүрегіне үміт отын жақты, – дейді ол.
Бір жыл бұрын қор Қазақстанда алғаш рет «Астана Опера» астаналық театрында аутистік спектрі бұзылған және менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған «Жануарлар карнавалы» атты музыкалық-поэтикалық концерт өткізді. Симфониялық оркестр жануарлардың дыбыстары мен дауыстарын кнақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ Қор Қазақстанда алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделген кинокөрсетілімдер ұйымдастырды. Оған 769-дан астам бала келді. Айта кетейік, қазіргі уақытта «Болашақ» корпоративтік қорының инклюзивті білім беру жобасына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Жобаға аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар 7 мен 11 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Жобаға қатысу үшін www.bolashakcharity.kz сайтындағы сауалнама-өтінімді толтыру маңызды. Сауалнамада баланың диагнозына, білім деңгейіне, дағдыларына және вербалды коммуникацияға қатысты сұрақтар бар. Баланың оқуға және әлеуметтенуге қабілетін бағалау мақсатында анкетаға баланың мінез-құлқы туралы бейнематериалдарды қосу қажет. Өтінімдер осы жылдың 7 сәуірінен 4 мамырына дейін www.bolashakcharity.kz сайтында қабылданады. Бір сөзбен айтқанда, аталған жоба аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балалардың мінез-құлқының бұзылуын түзететін және білім беруде қолданылатын әдістердің жоғары тиімділігін көрсетіп отыр.