Көпбалалы аналарға коучинг өткізді
Көпбалалы аналарға коучинг өткізді
462
оқылды

Nur Otan партиясының XVIII съезінде Елбасы халықтың тұрмыс сапасын одан ары жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл орайда тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру жергілікті атқарушы органның басты міндеті саналатынын айта кеткен жөн.

Бүгінде Елбасы тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру мақсатында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар басты назарға алынып, оларға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған жаңа жобалар да іске аса бастады. Аталған мақсатты жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік органдар да халыққа әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.

Соның бірі – Қазақстан Прези­дентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы қызметкерлерінің Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбалалы аналарға арнап өткізген арнайы коу­чинг-сессиясы. Академияның өңір­лік филиалдарында ұйымдасты­рылған іс-шарада 25 көпбалалы анаға кәсіби 25 коуч қызмет етті. Сессия кезінде коучтар аналармен диалог құрып, олар­дың өмірінде кездескен кедер­гілерін тыңдап, кеңес берді. Тұрғындар бұл кездесуден керемет әсер алғанын жасырмады.

– Күш-қуатым арта түскендей болды. Алда қолға алғалы отырған ісімді тиянақты орындап, аяғына дейін сәтті жеткізгім келеді. Бастысы бұған дейінгі басымдағы барлық проб­леманы реттеп, шаруаларым жүзеге аспай қалады-ау деген қорқыныштан арыл­дым. Көп мәселені нақты әре­кеттер жоспарын жасап, оның шешілу жолдарын ойластырып шешуге бо­лады. Барлы­ғы да өз қолымда, – дейді сессияға қатысушы.

Коучтар командасын халықаралық деңгейдегі ICU-дің сертификатталған коучтары құрады. Олардың ішінде Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары мен қызметкерлері де бар. Сессия соңында коучтар да өз әсерлерімен бөлісті.

Қазақстан коучинг орталығының басшысы Ғалия Нұрбекова өмірде қиын жағдайларға тап болған аналарға қазір нақты көмек пен жеке көзқарас қажет дейді. Ол сондай-ақ коучингтің тамаша әдіс екенін атап өтті.

– Академия өзінің 25 жылдық ме­рейтойында ардагерлерді, көпбалалы отбасыларды, белгілі бір қажеттіліктері бар адамдарды және жастарды қолдауға бағытталған 25 әлеуметтік жобаны жү­зеге асыруды бастап кетті. Коучинг – бұл адамның қиындықтарды жеңуге, қалаған мақсатқа жетуіне көмектесетін және ол үшін ең жақсы болатын ше­шімдер, жолдар, қадамдар табуға кө­мек­тесетін технология. Осы техно­логияның арқасында көп мәселе оңтайлы шешімін тапты. Ал коуч дегеніміз – психолог емес, «дұрыс сұ­рақтар» қою арқылы клиентке жаңа мүмкіндіктерді, оның міндеттерін ше­шу үшін ең жақсы нұсқаларды табуға, әрекет етуге шабыттандыруға, нақты жоспарды белгілеуге, қалағанды іске асыру қадамдарын көрсетуге көмек­тесетін маман. Маманның кеңесіне жүгіну біраз жайттардың көлеңкелі тұстарын ашып береді. Сондықтан бұл бастама тұрғындар үшін пайдалы боларына сенімдімін, – деді Мем­ле­кеттік басқару академиясының қыз­меткері Әлібек Мұқашев.

Кездесуде ата-аналар коучингте жұмыс істеп жатқанда, кішкентай бүлдіршіндер аниматорлармен ойнап, көңіл көтерді. Ал олардың үлкен бала­лары ағылшын тілі бойынша тесті­леу­ден өтті. Оның қорытындысы бойынша Мемлекеттік басқару академиясында ақысыз негізде ағылшын тілінен 25 са­бақ өтуге мүмкіндік алған 15 бала ірік­тел­ді. Тәжірибелі лингвист-сарапшылар бүлдіршіндерге арнайы ойын түрінде 5 апталық оқу бағдарламасын әзірледі. Балаларға арналған оқу бағдарламасын іске асыру барысында ана тілінде және ағылшын тілінде дыбыстандырылған түрлі-түсті иллюстрациялар мен түрлі оқу роликтері пайдаланылды