Бидайдың бағасы қымбат, ал орамжапырақ өтпей тұр
Бидайдың бағасы қымбат, ал орамжапырақ өтпей тұр
533
оқылды
28 сәуір күні Үкіметтің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде өткізген селекторлық отырысында екі мәселе ерекше көзге түсті. Ол Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың онлайн режимдегі сөз таластыруы. Премьер-Министр Асқар Ма­мин­нің төрағалығымен өтіп жат­қан отырыста Түркістан облыс­ы­ның әкімі бидай сапасы мен орам­жапырақ мәселесін көтерді. «Азық-түлік келісім шарт кор­пора­­­циясы арқылы 7 мың тонна би­дай сатып алуымыз керек еді. Бірақ олардың ұсынып отырғаны 4-сыныпты бидай. Біздің об­лыс­та­ғы операторлар бидай сатып алудан бас тартып отыр. Білмей­мін, кезінде Азық-түлік кор­пора­циясында 1,5 млн тонна жақсы би­дай болатын. бұл қайдан шы­ғып жатқан өнім, мен түсін­беймін? 4-сыныпты бидаймен біз қалай нан жабамыз? Ешқандай ло­гикаға сыймайды. Одан кейін оны бізге 88 теңгеден сатып ж­а­тыр. Теміржолмен 98 теңге бо­ла­ды. Мұның да бағасы көтеріліп кет­ті. Сондықтан аталған кор­пора­ция мен министрлікке тап­сыр­ма беруіңізді сұраймыз. Біз­бен отырып, бидайдың сапасы мен бағасы туралы мәселенің ше­шімін табуға көмектесіңіз, Ас­қар Ұзақбайұлы!», – деді Түр­кіс­тан облысының әкімі Ө.Шөкеев. Онлайн режимдегі отырыста іле жауап қатқан министр С.Омар­ханов облыс әкімінің сө­зіне қарсы уәж келтірді. «Бидай бойын­ша айтып кетсем, Өмірзақ Естайұлына дұрыс түсіндірмеген шы­ғар, бізде Азық-түлік кор­пора­ция­сында бидайдың 3-сыныбы да, 4-сыныбы да бар. Ұн да бар. 3-сыныпты бидайдың бағасын 88 теңгеден беріп жатырмыз, қазір на­рықтағы баға 95 теңгеге жетіп қалды. Сондықтан сіздерге 4-сы­нып­ты бидай берді деген ақпа­ра­тыңыз дұрыс емес. Қала­ға­ныңыз­ды алыңыз. 3-сынып та бар, 4-сы­нып та бар, ұн да бар» деп қай­талап айтты министр. Ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімінің арасындағы он­лайн-даудан кейін мәселенің мә­нісін білмек болып «Азық-тү­лік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-на хабарластық. Азық-түлік корпорациясының «Айқын­ға» жолдаған мәліметіне сүйенсек, өңір­лерді азықтық бидай және ұн­мен қамтамасыз ету мақсатында кво­таны иеленген экспорт­таушы­лар ішкі нарыққа кепілді жеткізу туралы міндетті де өздеріне алған. Осылайша, сәуір айында бидай­дың кепілдендірілген жеткізілім кө­лемі 60 мың тоннаны құрап отыр. Яғни, 3-сыныпты бидай – 38 мың тонна, 4 сыныпты бидай – 22 мың тонна, 1 сұрыпты ұн – 21 мың тонна. «Астықтың көрсе­тіл­ген көлемі бір ай ішінде Азық-тү­лік корпорациясының кепілінде бо­лады және ұлттық компания­ның меншігі болып есептелмейді. Корпорация жергілікті атқарушы органдардың, астық өңдейтін кә­сіпорындар мен астық экспорт­тау­шылардың қолда бар көлемін бөлу бойынша жұмыстарды үй­лес­ті­реді» делінген хабарламада. Сонымен корпорацияның мә­­ліметінше, бидайды ішкі на­рық­қа сатудың белгіленген баға­сы: 3-сыныпты азықтық бидай­дың тоннасы 88 мың теңге болса, 4-сыныптың тоннасы – 84 мың теңге. 2020 жылдың 29 сәуіріндегі жағ­дай бойынша, Түркістан облысындағы операторлар 2 108 тонна 3-сынып бидайын, 1 303 тонна 4-сынып бидайын және 406 тонна ұн сатып алған. «Басқа аймақтардың операторларымен 3-сыныпты бидайды сатып алу­дан бас тартылатын жағдайда, Азық-түлік корпорациясы талап етіл­меген көлемді басқа облыс­тар­ға, соның ішінде Түркістан об­лысына қайта бөлетін болады»,  делінген хабарламада. Яғни, селекторлық отырыста әкім мен министрді дауластырған бидай бойынша деректер көр­сет­кіші осындай. Ал онлайн оты­рыс­та айтылған орамжапырақтың мә­селесі жөнінде жағдай күрделі. Түр­кістан облысының әкімі Ө.Шөкеев селекторлық жиында өңір­де 300 мың тонна ерте пісетін орамжапырақ өтпей жатқанын мә­лімдеді. Негізгі проблема – пан­демиядан кейін Ресейге жет­кізу қиындаған. «Біз барлық об­лыс­тармен меморандумға қол қойдық, олар да алмай жатыр. Сондықтан бізде проблема бар. Қазір 1 келісі 10-15 теңгеге дейін төмендеп кетті. Фермерлер үлкен шу көтеріп жатыр. Сондықтан ми­нистрліктермен бірге, мүмкін Ре­сейдегі логистикалық компа­ния­лармен бірге осы мәселені қа­­рау керек шығар. Дәл қазір біз­­де 250 мың тонна орамжапырақ дайын тұр. Соны шешпесек, бұл үл­­кен проб­лема болады, Асқар Ұзақ­­байұлы. Қазірдің өзінде шу­лап жатыр» деп ескертті Ө.Шө­кеев. Ал Ауыл шаруашылығы ми­нистрі С.Омаров қазір Қазақстан­ның Ресейдегі елшілігі арқылы келісім жүргізіліп жатқанын мә­лімдеді. Бүгінге дейін 4 мың тон­надай ғана орамжапырақ экс­порт­талған.    width= Иә, оңтүстіктің диқандары жыл сайын ерте пісетін өнімін негізінен Ресейге сатып келді. Түркістан об­лысы Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетовпен телефон арқылы байланысып, ауданда ерте пісетін орамжапырақ 1 100 гектар жерге егілгенін білдік. Әр жылы сәуір айында Ресейден келіп көтерме бағамен сатып ала­тындар коронавирус індетіне бай­ла­нысты келе алмай қалған. Осы­дан кейін өнім бағасы күрт түсіп кеткен. «Былтыр келісі 300 тең­геге дейін барған, биыл бас­тап­қы баға 140 теңгеден болды да, бір­ден 15 теңгеге түсіп қалды. Өйт­кені Өзбек­станның өнімі нарықтың барлығын тол­тырып тастады. Кеше Ресейдің ауыл шаруашылығы өкіл­дерімен Skype арқылы сөйлестік. Олар бізге тауар­ды шекарадан ­өт­кізу қиын екенін, базарлар жа­бық болғандықтан, әр дүкенге апарып, оның өткенін күту керек екенін айтты. Осылайша, фер­мерлер та­быссыз қалды», – дейді А.Маханбетов. Негізі, орамжапырақ Ресейдің өзінде де молынан өсіріледі. Алай­да әр жылдары өнім шығымды­лығына орай көрсеткіш ішкі на­рықты толық жаба бермейді. Мә­селен, 2017 жылы ішкі өндіріс қа­жетті­ліктің 62 пайызын ғана өтеген. Ал Қазақстан жеткізетін 250 мың тон­на бірен-саран облы­сына жетеді. Импортты негізгі жеткізушілері (80%) Қытай, Иран мен Беларусь мемлекеті. Орам­жа­пырақ – орыс халқының картоптан кейін сүйіп жейтін көкөнісінің бірі. Сол себепті көршіміз ерте пі­сетін өнімге тәуелді болғандықтан, сәуір айында Ресей­дің базарлары мен дүкендерінде баға біздегіндей шарықтап кетеді. Айтқандай, 29 сәуір күні Ре­сей­де білім жетілдіріп жатқан жер­ле­сіміз, жазушы Аягүл Мантай өзінің Facebook парақшасында «Қазір үйдің қасындағы «Атак» дүкенінен капуста сатып алдым. Килограмы 5 рубль, яғни 294 теңге. Салыс­тырмалы түрде «Атак» дүкенінде өзге дүкендермен салыстырғанда көкөніс арзан» деп жазды. Бір қызығы, дәл қазір оңтүс­тіктегі ағайын орамжапырағын 10 теңгеге өткізетін жер таппай жатса, солтүстік облыстарда баға шарық­тап тұр. Елорданың дүкендерінде орам­жа­пырақтың келісі – 70-80 теңгенің аралығында. Яғни, ерте піскен отан­дық көкөністі өзімізге толық жеткізу жағы қарастырыл­мағандықтан, ба­ғасы шарықтап кеткен. Статистика комитетінің мә­ліметінше, 2019 жыл­дың І жар­ты­сында орамжапы­рақтың бағасы 54%-ға өскені белгілі болды. Айта кетейік, әлеуметтік желіде адамдар оңтүстіктегі фермерлерге қол­дау көрсетіп өнімін өткізуге кө­мек­тесейік деген үндеу тарата бас­тады. Алайда 250 мың тонна өнімді өңірлерге жеткізгенімен, оны сақ­тайтын орын жоқ, жол шы­ғы­ны және бар. Кеткен шығын өте­ле ме? Үкімет жауапты мекеме­лер­мен бірге қандай шешім қа­былдайды? Ол жағы әзірге белгісіз.   Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы: – Үкімет отырысында сөйлеген облыс әкімі Ө.Шөкеевтің де, министр С.Омаровтың да сөзін тыңдадым. Бұл мен айтып жүрген біздегі аграрлық саясаттың дұрыс жүргізілмей келе жатқанының нақты мысалы. Ең алдымен, өзіміздің тұрғындар орам­жапырақпен толық қамтылды ма? Өңірлердегі көрсеткіш қандай? Егер өзге облыстарда орамжапырақ жеткілікті болса, бағасы неге қымбат? Неге өз же­рімізде өсетін орамжапырақ республика тұрғын­да­рына тиімді бағамен сатылмайды? Демек, орамжапы­рақты Ресейге экспорттаудан бұрын ел тұрғындарын толық қамту керек қой. Ол үшін әбден өнім пісіп, өткізе алмаған кезде байбалам салмай, мәселенің алдын алған жөн. Мәселен, Түркістан облысының әкім­дігі күзде басқа облыстарға шығып, ерте көк­темде қанша орамжапырақ қажет екенін сұрап, ке­лісім жасасуы тиіс. Ал ол жұмыстың негізгі коор­ди­наторы Ауыл шаруашылығы министрлігі болуы ке­рек. Осылайша, бірлесе отырып, ішкі нарықты то­лығымен жапқан соң барып, артығын экспорттауға рұқсат. Азық-түлік қауіпсіздігі деген біріншіден – республика халқын жеткілікті қамту, екіншіден өнім бағасының қолжетімді болуы.   Теміржан АЙТБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы: – Орамжапырақтың тұтыну нормасы бір адамға жылына 30 кг болуы керек. Бұл меди­циналық норма. Енді осыны 18 млн тұрғынға шақсақ, Қазақстанға жы­лына 550 мың тоннадай өнім қажет. Себебі орам­жапырақ халық көп тұтынатын көкөніс. Оған қоса, қоғамдық тамақ­тану орындары, әскери мекемелер мен мектеп асханаларында да орамжапырақтан тағамдар дайындалады. Бұл жердегі мәселе – біздегі ішкі нарықта өнімді өткізу, өнімді қабылдау ісі жолға қойылмаған. Сондықтан біздің диқандар, фермерлер орамжапырақты бірден Ресейдің нарығына шығаруға үйренген, жылдам өткізу керек қой. Себебі Түркістан облысында ерте пісетін 250-300 мың тонна орамжа­пырақ бір мезетте біздің нарыққа сыймайды. Оны ұзақ уақытқа сақтайтын заманауи қоймалар да жоқ бізде. Өйткені ерте пісетін орамжапырақ өндірісі жалпы өнімнің 20-25%-нан аспауы тиіс. Яғни, бұл жергілікті әкімдіктер мен салаға жауапты министр­ліктердің бірлесе отырып реттейтін жұмысы.  

 width=Бауыржан БАЗАР