Сыр сүлейлерінің ішіндегі шандоз шайыр, танымал тәржімашы Тұрмағамбет Ізтілеуов, «Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім, аралап жердің жүзін жүрер сөзім, көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп, арманда болмай-ақ қой екі көзім», деп жырлаған шайыр ақиқатында туған халқымен бірге жасасып келе жатыр.
Қасиетті Сыр елінде Қорқыт атадан бастау алатын рухани құндылықтардың мол қазынасы бар. Алайда, соның бәрі халық кәдесіне асып жатыр деп айту қиын. Өйткені, жаңа технологияларға телмірген жас ұрпақтың есіне бұл жәдігеріміз шуақ сәулесін берері анық.
Ел ішінде ұмытылып бара жатқан мәдени мұрамызды қайта жаңғыртып, келешек ұрпаққа табыстау мақсатында Тұрмағамбеттің соңында қалған бай мұрасы айрықша назар аударуға тұрарлық.
Мәселен, ақын киген тақия өзі аттас ауылдағы №29 орта мектеп музейінде сақтаулы. Фердоусидің «Шаһнамасын» қазақша сөйлеткен шайырдан қалған баға жетпес жәдігер 1990 жылдан бері тұр.
Таңды-таңға ұрып жырлаған шайырдың тер иісі сіңген тақияны мектепке ақынның ұлы Әбдірауық табыстапты. Екі мыңға жуық экспонаты бар музейде шайырдың тақиясымен бірге шапаны, көзілдірігі, пышағы, күл салғышы мен қыны да бар. Сонымен қатар, «Шаһнаманың» машинкаға терілген алғашқы нұсқасы да осында. Аталған руханият ордасын мектеп директоры З.Тасымова өз қаражаты есебінен 2015 жылы жаңа заманға сай қайта жабдықтаған.
Жалпы Тұрмағамбет Ізтілеуов қазақ әдебиетінде шығыс фольклорына, классикалық әдебиет үлгілеріне соны серпін әкеліп, дамытқан ерекше қабілетті тұлға. Сондай-ақ, жыр-дастандарды жазып әрі қағазға түсірген, мысал жанрының дамуына мол үлес қосқан ақындардың бірі.
Мектеп музейінен бастап облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Сыр сүлейінің 100-ге жуық үнтаспа, құжаттар, архив материалдары мен қолжазбалары сақталған. Бүгінгі таңда қала және қала қонақтары шайырдан қалған жәдігерді көзбен көріп, тамашалай алады.
Ақынның арғы тарихына үңілсек, азан айтып қойған аты Тұрмұхаммед болған деседі. Ол бұрынғы Түркістан өлкесіне қараған Сырдария облысының Қазалы уезінде, қазіргі Қармақшы ауданының «Ақтайлақ кезең» деген жерінде дүниеге келген екен. Жасынан зерек боп өскен Тұрмағамбет есімі елге танымал Алдашбай ахуннан дәріс алған. Одан кейін Тапал, Қалжан ахундарға кездесіп, ілімін толықтырады. Тұрмағамбеттің тегін бала емес екенін Қалжан ахун да байқаған. Ол білімін кеңейту мақсатында 1896 жылы 13 жасында Орта Азияның Бұқара қаласындағы «Мир-Араб» медресесіне оқуға барады. Одан соң «Көкілташ» медресесінде 6 жыл оқиды. Онда жазушы, көрнекті ғалым Садриддин Айнимен танысып, сыйластықтары үлкен достыққа айналады. Медресені бітіргеннен кейін ауылға оралған ақын Тұрмағамбет ауыл балаларына дәріс беріп, сауаттандырады.
Тұрмағамбет Ізтілеуов ақындықпен қатар аудармашылықта да асқан шебер болған. Парсы әдебиетінің классигі Фирдоусидің мыңжылдық мерейтойы дүние жүзінде тойланып, «Шаһнама» әлем халықтарының тілдеріне аударыла бастайды. Осыған орай әйгілі шығарманы қазақ тілінде сөйлету мәселесі туындайды. Ол үшін шығыс тілдеріне жетік маман қажет. Сол кезде Қазақ ССР Халық ағарту комиссариатының басшылығындағы Т.Жүргенов Сыр бойынан Т.Ізтілеуұлын Алматыға арнайылап шақыртады. Сөйтіп, КазРайкомның секретары Л.Мирзоянның келісімін алған соң Т.Ізтілеуұлына арнайы штат белгілеп, ұстазын өз қарамағына – ағарту саласына қызметке орналастырады. Шығыс тақырыбына батыл барып, байсалды еңбек жасаған ол «Шахнаманың» 40 мың жолдық аудармасын жазып шығады. Осылайша, қазақ әдебиетінің қазынасын молайтады.
Тұрмағамбет білімдарлығы мен ойға жүйріктігінің арқасында талай түйінді жерлерде түйрей сөйлеген шешен де бола білген. Оның дауға нүкте қоя білер ақылмандығын Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіп арасындағы айтысқа тоқтау қойғандығынан анық аңғаруға болады. Қос ақын екі мың жолдан асатын жазба айтыс жүргізеді. Жеті жылға жуық уақыт сөз жарыстырған екі дүлдүлге тоқтау салып, татуластырған.
Ақынның бай біліміне замана ағымы кереғар ұшырасып, ақынға өз мақсатына жетуге көп кедергілер келтіреді. Қазан төңкерісінен кейін, ақынға «молда» деген атақ таңылып, ақын өмірінің «тар жол, тайғақ кешуі» басталады. Халық қамқорлығын көксеген ағартушылық идеясы үшін жергілікті жердің бай-феодалдары, ұлтшыл интеллигенттер Тұрмағамбеттің соңына түсіп, талай рет қуғынға ұшыратып, абақтыға жаптырады. Ол әр жылдарда Қармақшы, Қазалы, Шымкент түрмелерінде отырып, көп қиыншылықтар көргенмен, Алланың берген құдіретті өнері – ақындығын шексіз біліммен ұштастыра отырып, халыққа үгіт-насихат түріндегі өлең-жырларын үздіксіз жазып отырған.
Сыр бойы ақындарына ұстаздық жасап, қисса әдебиетіне жол салған, жазба әдебиетіміздің шығыспен байланысты екінші бір қанатын дамытқан, өлең мен термеге үлкен жаңалық енгізген тұлға – Тұрмағамбет Ізтілеуұлы ақын 1939 жылдың 15 мамыр күні қайтыс болады. Оның дәстүрін Сыр ақындары үлгі тұтқан. Сол себепті Т.Ізтілеуов өзіндік дәстүрін, мектебің тудырған поэзия дүлдүлдерінің бірі ретінде бағаланады.