Дезинсекция жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды
Дезинсекция жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды
401
оқылды
Елордада 30 күнге со­зыл­ған дезинсекциялық жұ­мыс­тардың алғашқы кезеңі аяқ­талды. Аталған жұмыстарға екі ауысымда 150-ден астам маман қатысып, ондаған техника күші жұмылдырылды. «Астаналық дезинфекция» ЖШС директорының орын­басары Бекболат Талғарбеков Нұр-Сұлтан қаласында ма­салар, мүк және басқа да жән­діктерге қарсы жүргізілген кең ауқымды дезинсекция жұмыстарының барысы ту­ралы баяндап берді. Оның айтуынша, бірнеше ба­ғытты қамтыған атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы аумағы 10 мың га жер болатын ала­лық саябақтар мен Есіл өзенінің жағалауы және 14 қонақүй кешені мен адамдар көп жүретін 19 аумақ тегістей өңделді. – 10 сәуірден бастап шағын су қоймаларында зерттеу, барлау жұмыстары басталды. 15-20 сәуір аралығында қала бойынша дезин­секция жұмыстары жүргізілді. Қа­зіргі уақытта жұмыстың 50 па­йыз­дан астамы толық аяқталды, – дейді Бекболат Талғарбеков. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, дезинсекциялық жұ­мыс­тарды жүргізуге тиімді уақыт – сәуір-қыркүйек айлары. Сонымен қатар елордалық тұрғындар мен қала қонақтарына қолайсыздық тудырмас үшін өңдеу жұмыстары түнгі уақытта өткізіледі. Жұмыс­тың жөнімен атқарылуы үшін алдымен масалар көбейетін жер­лер анықталады, содан кейін өң­деледі және қорғаныс тосқауылы ор­натылады. Бұдан бөлек, қала­дағы тұрғын алаптарына шы­бын-шір­кейлердің тарауын бол­­дыр­­­мау мақсатында тұрғын үй секторларында дезинсекция жұ­мыстары қолға алынды. 4 дана арнайы техника мен дезкөліктер, 10-нан астам арнайы техникалар күші жұмылдырылды. – Ортамыздағы 8 биологтің қатысуымен жұмыстар бір­неше бағытта атқарылды. Маса көп шы­ғатын жерлерді дезинсек­циялауға аса көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл маса­лар мен мүк санын азайтуға мүмкіндік береді. Дезинсекция жұмыстары көшелер мен адам көп жиналатын орындарда басталды. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін дезинсекциялық жұмыстар қа­ланың орамішілік аумақтарында, саябақтарда, тынымбақтарда, көшелерде жүргізіледі, – дейді Бекболат Талғарбеков. Су қоймаларын, қаланың кварталішілік аумақтарын және жалпы қолданыстағы аумақтарды (көшелер, саябақтар, скверлер) өңдеуге ерекше көңіл бөлінген. Масалармен күрес тиімді болуы үшін тұрғын үйдің жертөлелерін, мектеп пен балабақша аумақ­тарын, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын, базар­ларды, сауда үйлерін және т.б. зарарсыздандыру маңызды. Оның үстіне биылғы қалың жауған қар да дезинсекция жұмысын қиын­датқан көрінеді. – Биыл қар көп болды. Сон­дықтан су қоймаларында су мөл­шері көп. Біз сол жақтарда жұмысты жүргізіп болдық, мақ­сатымыз – дернәсіл кезеңінде ма­салардың санын азайту. Қардың көп түсуінен масалардан аумақты өңдеу жоспары жылдағыдан 20%-ға, су қоймаларын өңдеу 25%-ға артып отыр, – деді «Ас­таналық дезинфекция» ЖШС директорының орынбасары Бекболат Талғарбеков. Масалардың жұмыртқаларын жою елорданың барлық су то­ған­­дарында және қаладан 3-5 ша­­қырым радиуста жүргізілуде. Нұр-Сұлтанда маусымына 5-6 рет медициналық мақсаттағы инсектицидтермен өңдеу шара­лары жүргізіліп тұрады. Ал Гүлмира Нұғыманова 12 жыл­дан бері «Астаналық дезин­фекция» ЖШС қатарында дезин­фектор болып жұмыс істеп келе жатыр. Оның айтуынша, дезинсекциялық жұмыстарға арнайы оқудан және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өткен, осы қызметке медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ тұлғалар жіберіледі. – Биыл да кезекті жұмысты ойдағыдай атқарып шықтық. Жалпы ауысыммен 12 бригада жұмыс істейді. Бір бригадада 15 адам жұмыс істейміз. Аумақты өңдеу роторлы бүріккіштермен де, машиналармен де жүргізіледі. Барлық аудандарды қамтып жатырмыз. Бірінші кезекте су қоймалары, жертөле жайлары өңделді. Қала ішін өңдеуге кірістік. Жұмыстар күн сайын жүргізіледі», – дейді «Астаналық дезинфекция» ЖШС дезинфекторы Гүлмира Нұғыманова. Дезинфектордың айтуынша, зиянкестер мен жәндіктерді жою жүргізілетін үй-жай жұмыс жүргізгенге дейін мұқият жи­на­лып, үй-жайды өнімдер мен сусындардан, шикізаттан және судан босату қажет.Сондай-ақ үй-жайларда дезинсекция жүр­гізу кезінде залалсыздандыру жұмыс­­тарына тікелей қатысы жоқ адам­дар болмауы тиіс. Жәндіктердің ересек түрлерін жою мақсатында қала басшылығы ландшафттық және табиғи-кли­маттық жағдайды ескере оты­рып, 3,5 шақырым радиуста ма­салардың күндік орындарын өңдеу шараларын ұйымдастырды. Өңдеу жұмыстарының мерзімі мен мерзімділігі энтомологиялық көрсеткіштердің негізінде – жән­діктердің жаппай ұшып шығуына дейін 2-4 күн бұрын анықталады. Масаларды жою ультра-кіші кө­­лемді себізгілер, термо және жел ге­нера­торлардың көмегімен жүр­гі­зілуде.  

Серік ӘЛІМЖАНОВ, Нұр-Сұлтан қаласы