Балаңыз қайда барады?
Балаңыз қайда барады?
477
оқылды

Қазір көптеген ата-ана баламызды қайда оқытамыз деп бас қатырады. Расында, қандай мамандықтарға сұраныс күшті, соны зерттеу керек. Әйтеуір жоғары білім алса болды деген көзқарастан арылып, өмірде қажеттігі болатын нақты бір мамандықты меңгергені абзал. Елбасының «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде қазіргі таңда ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар тізбесі әзірленіпті. Соған да назар салу керек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік бағ­дарламалар мен кадрлық қажет­тілікті болжау негізінде 2025 жылға дейін 100 сұранысқа ие сервистік және индустриялық кәсіптер тіз­бесін әзірлеген екен. Оған жоғары білімді қажет ететін 35 сұранысқа ие мамандық және техникалық және кәсіптік білімді қажет ететін 65 мамандық енгізілді. Оның ішінде 10 жаңа мамандық бар.

Бәрінен бұрын IT мамандарға сұраныс жоғары екені анықталған. Сондай-ақ 3D модельдеу және толықтырылған нақтылық жөнін­дегі инженерлер, машинааралық оқыту жүйелері бойынша, жаңар­тылатын энергия көздері бойынша, өндірістің аддитивті технология­лары бойынша инженерлер, өн­дірісті автоматтандыру кезеңінде талап етілетін «ақылды қала» құрылысы, пилотсыз авиациялық жүйелер инфрақұрылымының сәулетшілері мен жобалаушылары және графикалық және мульти­медиялық дизайнер мамандық­тары бар.

2025 жылға дейінгі Қазақстан­ның Стратегиялық даму жоспары, Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасы, «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы, «Нұрлы жол» көлік инфрақұры­лымын дамыту бағдарламасы, «Нұрлы жер» құрылысы, «Қара­пайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде өңдеу өнер­кәсібі сияқты елімізде іске асыры­латын стратегиялық, мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша осындай мамандықтарға сұраныс артады.

Негізінен инженер маманды­ғына сұраныс жоғары. Компью­терлік аппараттық қамтамасыз ету инженерлері және электроника инженерлері, 3D модельдеу және қосымша шындық инженерлері, өндірістің аддитивті техноло­гия­лары бойынша инженерлері, ма­шинааралық оқыту жүйесі бойын­ша инженерлер керек-ақ. Геодезис­тер мен картографтар, кадастр және жерге орналастыру жөніндегі инженерлерге де қажеттілік бар. Сондай-ақ құрылыс саласының мамандары – бетон өңдеушілер, тегістегіштер, опалубщиктер, це­ментаторлар және өзге де бетон­шылар, сылақ, ағаш ұсталары мен тас қалаушы мамандар жұмыссыз қалмайды.

Еңбек нарығы жыл сайын та­рыла түскен заманда нағыз керекті мамандықты таңдаудың маңызы зор. «Жас маман» бағдарламасы аясында Қазақстанда 200-дей оқу орны жаңғыртылады. Сервистік және индустриялық мамандық­тардың тізбесін ата-аналар мұқият бір қарап шықса, дұрыс болар еді.