Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сенат депутаты: Ұлтты ұлықтау
Мұхтар Құл-Мұхаммед,  Сенат депутаты: Ұлтты ұлықтау
399
оқылды

Сәрсенбінің сәтінде өткен ұлықтау рәсімі Қасым-Жомарт Кемелұлының мінезіне ұқсас салмақты, сабырлы жағдайда өтті. Біз сарайдан шыға бере Алланың нұры жауды. Ежелден ырымшыл халықпыз ғой. Осының бәрін жақсылыққа баладық.

Биылғы сайлау Шәкәрім ата­мыз­ша айтқанда, бұрынғы сайлау­дан өзгеше болды.

Ең алдымен, жеті бірдей үміткер бәйгеге түсті. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай.

Екіншіден, төрт бірдей пар­тия, үш үлкен қоғамдық ұйым өкілдері сайлауға қатысты. Бұл да алғаш рет орын алып отыр.

Үшіншіден, барлық үміткерге бірдей жағдай жасалып, баспа­сөзде, электронды ақпарат құрал­дарында теңдей орын берілді.

Төртіншіден, сайлау мейлінше ашық өтті. Оның айқын дәлелі –  алыс, жақын елдерден 1 000-нан астам бақылаушының келуі.

Сайлаудың нәтижесі Қазақ­станда жаңа саяси жағдайдың орын алғандығын дәлелдеді. Әрине, сайлау болған соң бәсеке болады. Тіпті «сайлау» сөзінің мағынасы да «іріктеу», «таңдау» деген сөзбен төркіндес, тамырлас.

Осы саяси додада Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағы жанып, халықтың шынайы қолдауына ие болды. Бұл бәріміз күткен заңды нәтиже еді.

Әдетте, шет елдерде мұндай үлкен доданың соңы оған қатысу­шы үміткерлердің келіспеуші­лі­гіне, дау-дамайына ұласатын жағ­дайлар да жиі орын алады. Бізде мұның бірі де болған жоқ. 7 үміткердің жетеуі де сайлау нәтижесімен толық келісіп, бірін-бірі риясыз көңілмен құттықтады. Мен бәрінен де осыған қуандым. Қазақстанның жаңа саяси эли­тасының ішкі мәдениеті, береке-бірлігі орнығыпты.

Сайлау нәтижесін оны бақы­ла­ған беделді халықаралық ұйым­дар мен бақылаушылар мойындап, әділ бағасын берді. Әрине, бәйге болған жерде ұсақ-түйек кемші­лік­тер де болады, бірақ оның жалпы нәтижеге еш көлеңке түсіре алмасы анық.

Ел сеніміне ие болған Прези­дентті әлемдегі ең беделді халықа­ралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының кешегі, бүгінгі Бас хат­шылары, іргедегі – Ресей, арыдағы – Қытай, Еуропа мен Азияның көптеген мемлекетінің басшылары құттықтады. Осының бәрі – Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның ғана емес, барша қазақ халқы­ның, бүкіл Қазақстанның абыройы, беделі. Ендеше, барша отандастарымызды осы құт-берекемен құттықтаймын.

Осындайда көңілге кірбің түсірген тағы бір жайды айтпай кетуге болмайды. Ол – қайдағы бір арам пиғылды араңдатушы­лардың сөзіне алданған жастар­дың екі қаладағы алаңға шығуы.

Албырт, аңғал жастарда еш кінә жоқ. Кінәнің бәрі Париж бен Лондонның сәнді сарайларында өздері байлыққа бөгіп отырып, жап-жас іні-қарындастарын, тіпті баласындай адамдарды заң бұзу­шы­лыққа, араңдатуға айдап салып отырған Әбіләзов сияқты арамзаларда деп білемін. Ол Президентті былай қойып, өзімен талай жылдан бері оппозицияда бірге болған Әміржан Қосановтың өзін жерден алып, жерге салып, оның атына небір былғаныш сөздер айтып, зәр-запыранын төкті. Қайта Әміржан нағыз азамат екен. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан солардың біреуіне де пысқырмады. Егер өмірдің талай өткелектерінен өткен мұн­дай азамат күні ертең мемлекеттік қызметке келсе, мен қуана қол соғатын боламын.

Хәкім Абайдың: «Сенбе жұрт­қа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деген сөзі дәл осы жастарға қаратып айтылғандай.

Сондықтан менің айтарым: «Ішіне өзінің қулық-сұмдығын, арам пиғылын сақтаған ондай арамзаларға сенбе, өзіңнің білімі­ңе, кәсібіңе, күш-қуатыңа сеніп, туған халқыңа қызмет ет. Еліңмен бірге сен де өс, өркенде».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми қызметіне кіріскен рәсіміндегі сөйлеген сөзінен жастарға деген әкелік қамқорлық самал желдей есіп тұр. Онда жастардың білім алуы, жаңа мамандық игеруі, кәсіп ашуына арналған қаншама игілікті ұсы­ныс­тар айтылған.

Бүкілхалықтық мандат алған Президенттің елдің әл-ауқатын көтеру, жемқорлықты жою, құқық қорғау жүйесін реформалау, еңбек­пен қамту, тұрғын үй, әлеу­мет­тік көмекті күшейту, өңірлерді өркендету, рухани жаңғыруды жал­ғастыру, сарабдал сыртқы сая­сат және ел болашағы – жас­тар­ды қолдау сияқты іргелі 10 бастамасы жұрттың көкейінен шықты.

Енді жаңа ғана сайланған Президент қана емес, барша ұлт ұлықталған күні айтылған осы баста­малардың рет-ретімен жүзе­ге асып, «игілік баршаға» бұйы­рып, бүкіл елімізге құт-береке болып келе беруін тілейік.