Bek Air vs Бақыт Сұлтанов: тұтынушы тағдыры шешілуде
Bek Air vs Бақыт Сұлтанов: тұтынушы тағдыры шешілуде
297
оқылды
Қазақ «қанатың талмасын!» деп тілейді. Пандемия сал­дарынан адамзат қанаты қырқылғандай күйге түсті. Бірақ отандық авиация коронавирус әлемді кең жайлағаннан көп бұрын проблемаға кезікті. Былтыр ақшасын кері ала алмаған Bek Air клиенттері төтенше жағдайдың аяқ­талуын зарыға күтіпті. Соттар ашыла салысымен билік пен халық әуекомпаниясын ұжымдасқан түрде сотқа бер­ді.  

Саланың құр сүлдері қалғаны ма...

Өткен жылы ақпарат құрал­дары ресми статистикаға сілтеме жа­сай отырып, мемлекетімізде әуе­көлігімен ұшқан жолаушылар са­ны Қазақстан халқының жалпы са­н­ына жуықтап қалғанын қуана ха­барлады. Сәл болғанда қос көр­сет­кіш теңесер ме еді. COVID-19 бәр­ін өзгертті. Ranking сарапшылары азамат­тық авиация кәсіпорындары та­быс­ты болудан қалғаны жөнінде бай­лам жасады. Индустрия және инф­рақұрылымдық даму ми­нистр­лігінің дерегінше, 2020 жыл­ғы қаңтар-сәуір айларында әуе­кө­лігі кәсіпорындарының кірісі 71,3 мил­лиард теңгені құраған. Салыс­тыру үшін айтсақ, 2019 жылғы ал­ғашқы 4 айда бұл көрсеткіш 104,6 миллиард теңге болды. Яғни, тү­сімі бірден 31,8% кеміп кеткен. Аталған деректің өзі бұл сектордың дағ­дарысқа ұшырағанын паш етеді. Се­бебі теңгенің құнсыз­дануы, шы­ғыс­тардың өсуі, әуежай қыз­меті баға­сының өсуі инвес­тор­лар үшін жолаушылардың әуе­та­сымалы сек­торының тартым­ды­лы­ғын тө­мен­детіп отыр. Кейбір ком­па­ния­ның тапқан табысы шы­ғынын жап­пайтын дәрежеге жетуі ықти­мал. Әуекомпаниялардың тікелей жо­лаушылар тасымалынан тапқан та­бысы биыл жыл басынан бері 69,1 миллиард теңгеге дейін не­месе 32,3% азайды. Отандық осы бизнестің бұл кірісі наурыз айын­­да азая бастады: небәрі 13,8 млрд теңге болды, бұл 2019 жылғы нау­рыздағыдан 45,8% кем. Ал жолау­шы­лар үшін әуежайлар жабылып, ұшақтардың ұшуына тыйым са­лын­ған «карантин» сәуір айында олар бар-жоғы 1,3 миллиард теңге тапқан, бұл былтырғы сәуірдегіден 95,5% аз (28,2 миллиард бол­ған). Әуекомпаниялары тек жүк та­сы­мал­дауға, сондай-ақ ше­тел­дегі қа­зақ­стандықтарды эвакуа­ция­лауға тартылды. 2020 жылғы 1 сәуірден 1 ма­мыр­ға дейін ел ішіндегі барлық тұ­рақты рейстар тоқтатылды. Со­ның кесірінен ағымдағы жылғы қаңтар-сәуір айларында еліміз­де 1,7 миллион адам ғана тасы­мал­дан­­ған. 1 мамырда төтенше жағдайдан кейін алғаш рет жолаушылар ұшақтарға отырғызыла бастады. Бірінші рейс Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында жасалғаны мә­лім. Қос ірі мегаполис арасын­да аптасына 5 рет ұшу құқығына Air Astana, SCAT және QazaqAir, бер­тінде FlyArystan ие болды. Қа­зір­гі кезде қос қаладан Қызы­лор­даға, Өскеменге, Семей, Петропавлға және басқа қалаларға ұшу үшін әуежолы ашылуда.  

Жолаушылар жабықты, турис­тер түңілді

Сарапшылар Bek Air ұшағы­ның апаты салаға үлкен кесір болып жабысқанын айтады. 2019 жылғы 27 сәуірде сағат 07:22-де Алматыдан елордаға бет ал­ған Fokker 100 ұшағы биікке көте­ріле алмай, қалбалақтаған күйі әуежайдың бетон қабырғасын жа­рып өтіп, екі қабатты үйге со­ғылды. Салдарынан оның бортын­дағы 98 адамның 13-і қаза тапты. Тағы 52 адам жарақат алды. Ар­найы тергеу мен тексеру көп былықтың бетін ашты. Мысалы, Bek Air ұшақ бұзылса, оған істен шыққан басқа ұшақтың бөл­шек­терін, тіпті қозғалтқышын орнатып, жамап-жасқап ұшыра беретін болған. Содан Bek Air лицензиясы жойылып, ұшуына тыйым салынды. Нәтижесінде оның рейстеріне бұрын билет алып қой­ған жүздеген адам аңырап қалды. Олардың арасында шетел­діктер де жетерлік. Мысалы, еуро­палық Кристофер және Ека­те­рина Нетеркотт (Nethercott) 2019 жылғы шілдеде Bek Air әуе­ко­м­паниясынан 2020 жылғы 9 қаң­тарға билет сатып алыпты. Олар Қазақстанға турист ретінде келіп, Шығыс Қазақстаннан Алматыға дейін араламақ болады. Билетке 38,4 мың теңге жұмсайды. Ізінше Bek Air күйзеліске ұшырағасын олар әуе компаниясына жүгініп, билет құнын қайтаруды өтінеді. Компания одан бас тартқан. Сондықтан шетелдіктерге 10 қаңтарда Air Astana-дан билет алуға тура келді: қосымша шығын шығарып Алматыға жетіп, одан әрі Стамбұлға ұшып кетіпті. Оның үстіне Air Astana ұшағымен Өскемен мен Алматы арасында сапарлау құны 38 мыңға қымбат болып шыққан. Қазақстан авиа­ция­сындағы бітпес-қоймас дағ­дарыстар мен былықтар елдің ту­ристік тартымдылығына нұқ­сан келтіруі ықтимал. Сала­ға жауапты Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі егер әуекомпания билет құнын қай­тарудан ат-тонын ала қашса, тұрғылықты жері бойынша сот­қа беруді ұсынады. Әйтсе де, жат жұрт­тық туристердің елде сотта­сып жүруге уақыты да, мүмкіндігі де жоқ.    width= Тағы бір клиенті Нұралы Диас Bek Air жолаушыларды жал­ған ақ­парат беріп, ұзақ алдап-адастыр­ға­нын білдірді. «Олар біразға дейін билет сатты. Мен 8 қаңтарда Алматы–Нұр-Сұлтан–Алматы бағытында 12 және 19 қаңтарда барып-қай­туға билет сатып алдым. Бұған 27 мың теңгедей жұмсадым. Өйт­кені әуекомпания өкілдері 2020 жылғы 10 қаңтардан бастап қай­та­дан ұшуға кірісетінін хабар­лады. Алайда мемлекет оның бар­лық рейстерін доғарды. Би­лет ақшасын қайтару туралы та­ла­бымды олар аяқасты етті. Артын­ша байланыс телефонының бар­лы­ғын ағытып тастады. Қолдау қызметі лицензия уақытша тоқ­та­тылған 27 желтоқсаннан кейін сатып алынған билеттер құны қайтарылмайтынын мәлім­де­ді. Неге онда билет сатқан? Неге мем­лекет оның есепшотын бұғат­та­маған?» – дейді ол. Ал Татьяна Ли «алаяқтыққа жолықтым ба?» деп қамығады. Ол 6 қаңтарда Chocotravel сайты арқылы елордадан Қызылордаға жету үшін Bek Air қызметіне жүгініп, 19,5 мың теңге төлеген. Дау-жанжал ушыққасын қаржы­сын кері қайтарып алмақ болады. Компания сайтында билет кері қабылдап алынса да, ақша сол бойы қайтарылмаған. Bek Air өз билеттерін авиа­кас­­салар арқылы да сатты. Ар­тын­ша мемлекет бұл бизнесті өз клиенттеріне қаржысын еш ко­­миссиясыз, айыппұлсыз то­лық көлемде қайтарып беруге мін­­деттеді. Дина Камалдинова –осылай сан соғып қалған кәсіп­кер­лердің бірі. «Біз, авиаагенттіктер тоқта­тыл­ған барлық рейстер үшін жо­лау­шыларға ақшаларын қай­тарып бердік. Талап солай. Шын­дап келгенде, Bek Air-ді банк­роттық жағдайға жеткізген, бол­маса оны лицензиясынан айыр­ған біз емеспіз. Жолаушылар ақ­шасын сұрап бізге жүгінеді. Олар билетті бізден алды ғой. Заңға бағынатын ұйым ретінде жо­лаушыларды беттен қақпадық, сұра­ғанын бердік. Тек біздің ком­пания алдындағы Bek Air АҚ-ның қарызы 3 миллион теңге­ден асып отыр. Енді не істейміз? Дағ­дарыс болса күшеюде. Әбден то­рыққан жағдайдамыз», – дейді ол.  

Комитет қанша миллион өндірмек?

Зардап шеккендердің көп­ті­гін ескере отырып Сауда және инте­гра­ция министрлігінің Тұты­ну­шылардың құқықтарын қорғау комитеті Bek Air-ді олардың бар­лы­ғының атынан сотқа берді. 31 қаңтарда алдымен Нұр-Сұлтан қала­лық сотына авиабилеттер құ­нын өтеу туралы талап-арыз түсті. Онда комитет авиакомпания тұты­нушылардың құқығын жап­пай бұзғанын, жолаушыларға қызмет көрсетілмесе де билет ақ­шасын қайтармағанын атап көрсетті. Бастапқыда комитетке жалпы сомасы 444 434 теңге сома­ға билет алған 20 адам ғана өті­ніш бе­ріпті. Осы хабарды естіп, ша­ғым­­данушылар қатары еселеп өсті. Сауда және интеграция ми­нистрі Бақыт Сұлтановтың ай­туын­­ша, 2020 жылғы 13 мамырда Ал­маты қаласының Түрксiб ау­дан­дық сотында Bek Air АҚ-ның өз клиенттеріне билет құ­нын қайтаруын талап ету ісі бойын­ша сот отырысы өтті. Онда ве­домствоның аталған комитеті 670 тұтынушының мүддесін қорғауға кірісті. – Әуе компаниясының өкі­лі комитеттің талап-ары­зын мо­йын­дамайды. Оның дәйек­те­уін­­ше, әуе билеттерін клиенттер қай­тарылмайтын билеттер деп ата­латын арнайы тариф бойынша алған. Біз бұл дәйектемені негізсіз санаймыз. Себебі авиакомпания шартына сай арнайы тарифпен сатып алынған билеттердің құны жолаушы өз кінәсі кесірінен ұш­паса, айталық, кешіксе, тір­кеу­ге келмесе, ұшақ бортына өтпесе ғана қайтарылмайды. Ал мына жағдайда жолаушылардың ұшпауына Bek Air айыпты, – дейді министр Бақыт Сұлтанов. Осыған байланысты оның ай­­туынша, Тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау комитеті аза­маттардың қаражатын қайтару және бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін шара қабылдауын жалғастыра бермек. Бұдан бөлек, комитеттің сұ­рауы­мен судья Bek Air-ден бұған дейін жолаушыларға 300 миллион теңге төленді деген мәліметін рас­тайтын айғақ құжат көрсетуін талап етті. Комитет бүгінде 44 миллион теңгеге 1 267 билет сатып алған 670 тұтынушының мүддесін қорғауда. Олардың саны өсіп жатыр. Мем­ор­­ган жауапты әуекомпа­ния­ны билеттердің толық құнын өтеуге мәжбүр етпек.  

Айхан ШӘРІП