COVID-19 Һәм конспирология
COVID-19 Һәм конспирология
231
оқылды
Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан азаматтар саны  7 мыңнан асып кетті. Ал қоғамда осынау індетке қатысты қауесет, дәлірек айтқанда, конспирологиялық түсінік әлі де сақталып тұр. Ел ішінде  «жаһанды жайлаған індетті байлар қолдан жасаған,  бұл арнайы қару,  коронавирус 5G технологиясымен бірге пайда болды, адамзаттың бәрінің бойына арнайы чип орнатады, вакцинациялау туралы заңның Парламентте  қабылданғаны соған дәлел» дегенге саятын сансыз әңгіме жүр. Алайда бұл іс жүзінде біздің  ғылым мен технологияға емес,  мифтерге көбірек назар аударып, ақпараттың рас-өтірігін  айыруға құлықсыз екенімізді көрсетті. Жалпы, «жаһанды бір топ бай, дәлірек айтқанда «Комитет 300» тобының мүшелері, ма­сондар билейді, жөйттер адам­затты құл қылып, санын азай­ту­­ды көздеп жүр, бәрімізді ба­қы­­лап, «ашса алақанында, жұм­са жұдырығында» ұстауды көздейтіндер бар» дейтін әң­гіме, «қастандық теориясы» тәріз­ді идея­лар бұрыннан бар. Бұқара­ның ішін­де мұндай ойларға сене­тін­дер әлі де кездеседі. Тіпті, көбі­міз сен­бейтіндей сыңай таныт­қаны­мызбен, «япыр-ау, қызық екен, ә? Егер рас болса ше?» деп ойлап қалатын кездеріміз де болады. Ең жаманы – конспирологиялық теорияларға көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың да сене бастауы. Әсіресе, әжептәуір табысқа жеткендердің бұл қауесетке сенуі соңғы кездері жиі байқала бастады. Оның үстіне түрлі қауесеттердің бір-бірімен мазмұндас болып, бірін-бірі толықтыра түскені де «қастандық теориясын» жақтаушылар қатарын өсіріп жібергенге ұқсайды. Ал мұндай әңгімелерге сену сақтықты да кемітіп, індет жұқтырғандар санының елімізде 7 мыңнан асып кетуіне алып келген тәрізді.  

Құланның қасуына – мылтықтың басуы

Фейк ақпараттар мен конс­пирологиялық деректердің тара­луына коронавирустың пайда болуы, 5G желісін енгізу туралы ресми мәліметтердің тарауы, Мәжілісте денсаулық сақтауға қатысты кодекстің талқыланып, онда трансплантация, вакциналау тәрізді өзекті мәселелердің көтерілуі, Билл Гейтстің ДДСҰ-ға мол қаржы аударуы тәрізді бірқатар факторлар бірден әсер етті. Оның үстіне Елбасы Н.Назарбаевтың өз өкілеттілігін тоқтатқанына бір жыл толатын тұста ел ішін кезген қауесетке «би­лікте түрлі өзгерістер бола­ды» деген тың «жаңалық» қо­сылды да, «мемлекет бұқараны наразылық танытпасын деп карантинге қамады» деген сөз шықты. Сөйтіп, бірнеше фак­тордың сәйкес келуінің кесірінен коронавируспен ілесе келген қауесеттер өршіп кетті. Алайда іс жүзінде біз сөз еткен әңгімелер әртүрлі мазмұндағы дүниелер еді. Егер тарқатып айтар болсақ коронавирус 2019 жылдың же­л­тоқсан айының соңында пайда болса, 5G технологиялары туралы әңгіме елімізде былтыр басталған, алғашқы сынақтар 2019 жылдың қазанында жүргі­зілді. Ал денсаулық сақтау сала­сына қатысты жаңа кодекс жоба­сы өткен күзден бері Парла­ментте талқыланып, түрлі қоғам өкіл­дері оған қатысты өз ұстаным­дарын білдірген еді. Ондағы транс­плантология, вакцина жасау тәрізді өзекті мәселелер былтырдан бері дау-дамайдың тақырыбына айналған. Одан бөлек, вакцина жасау ісінің бұрыннан қастандық теориясына қа­тысты әңгімелердің өзегі болып жүргенін ескеру керек. Қазақстанда екпе салғызудың пайда-зияны туралы дау кемі он жыл бойы талқыланып келе жатқан шығар. Онда «үшінші, төртінші ұрпақ бедеу болады», «екпе алпауыт фармацевтикалық холдингтердің жобасы, пайда жоқ», «екпе салғызбағандар ауыр­майды, организм өзі күре­седі» дегендей сансыз уәж айты­латын. Яғни бұл әңгіме корона­вирустан бұрын да бар еді. Ал америкалық миллиардер Билл Гейтстің конспирология тақырыбы қоғамдағы түрлі қауесетке айналуына 2015 жылғы бір видео мен миллиардер бас­қаратын қордың COVID-19 виру­сына қарсы вакцина жасауға қаржы бөлетінін айтқаны себеп болды. Сөйтіп, әлемді қайдам, Қазақстандағы «қастандық теориясы» әңгімелеріне бірнеше фактор әсер етті. Ал ресми медиа бұл қауесеттерді әлі күнге жеңе алар емес. Әлеуметтік желілердің ықпалы күшті болып тұр.  

Мессенджер медиа мен танымал тұлғалар

Негізі қоғамда түрлі қауесет­тердің тарауында мессенджер медиа ықпалының өте күшті болатынын байқап жүрміз. Aiqyn газеті бұл тақырыпқа қатысты да бірнеше мақала жариялаған болатын. Алайда әзірге мессенджерлердің ықпа­лын әлсірету мүмкін болмай тұр. Коронавирус кезінде де мес­сенджерлер өз әсерін тигізді. Әсіресе, WhatsApp арқылы тарай­тын ақпараттарға бұқара имандай сенетін болған. Шамасы жалпыға емес, жалқыға, тікелей адамның өз нөміріне келген хабарды пен­де тікелей қабылдайды-ау. Яғни, іштей «міне, маған жа­ны ашығандықтан жіберді, өзге­лерден бұрын маған келді» деп сене­тін болса керек. Болмаса әрқайсымыздың санамыздың түбінде жатқан атақты болуға деген құлшыныс өз дегенін жа­сатуы мүмкін. Яғни, өзгеден гөрі өзіміздің білімді, құпия ақпараттар алу мүмкіндігіміз бар екенін көрсетіп қалғымыз келеді. Бәлкім, содан іштей ләз­зат аламыз ба, қайдам әйтеуір мессенджерлер арқылы қауесет таратудан тартынбайтын кез­де­ріміз көп. Кейде қауесет тара­тудың жауапкершілігі бар екенін ұмытып кетеміз. Әрі конспирологиялық әңгімелерді таратуға да құмартып тұрамыз. Кейде жұртты жақсылыққа үндегендей сыңай танытамыз да, ол керісінше болып шығады. Әдетте мұндай қақпанға таны­мал тұлғалардың түсіп қала­тыны бар. Мәселен, әнші Нұрлан Еспанов өткен айда «ко­ронавирус жоқ, ол қолдан жа­салған дүние. Даурығудың керегі жоқ. Шетелдегі достарым да бәрінің тыныш екенін айтты. Ешкім маска тағып жүрген жоқ. Сондықтан азық-түлікті таласа алудың керегі жоқ. Вирус тамаққа, ұнға жұқпайды ғой. Кейін де алуға болады» деген еді. Кейін әнші өзінің сөзінен бас тартып, мұндай пікірді адамдар дүрлігіп, супермаркеттерге ағылған соң айт­қанын алға тартты. «Бұл видеода менің айтайын деге­нім, елді дүрліктірмеу еді. Ол бұрын түсірілген видео. Ол кезде елі­мізде коронавирус кең тарамай тұрған. Менің әйелім Маgnym сауда орталығына барып, әрең азық-түлік алғанын айтты. Ел көп, кезектесіп, таласып, бә­рін алғанын айтты. Бір досым үйіне 5 қап ұн алып қойыпты. Өзі 1 бөлмелі пәтерде тұрады. Ұнды кейін де алса болар еді ғой. Мен соның бәріне тоқтау салып, елді шошымасын, дүр­лікпесін деген ниетпен айтқан едім» деген-ді әнші. Алайда әнші ақпараттың қазақ қоғамындағы әсерін аңғармай қалған тәрізді. Біздің елде ең бірінші тараған ақпараттың әсері өте мықты болады. Оны кейін өзгерту тым қиын. Мәселен, 2012 жы­лы Арқанкерген шекара беке­тінде болған оқиға кезінде алдымен сарбаздарға сырттан шабуыл жасалуы мүмкін деген ақпарат тараған. Кейін В.Челах мойындаса да, ел ішінде күмән сейілмей қалды. Оның үстіне, конспирологияға құмарлығымыз тағы бар. Тіпті, бір-біріне қа­тысы жоқ мәселелерді де өзара бай­ланыстырып жібереміз. Мәселен, айтыскер ақын Балғынбек Имашев мамырдың ортасында Халық денсаулығы туралы кодекс Мәжілісте мақұлданған соң вакцина жасауды міндеттеуге наразылығын білдірді. Бірақ оған да коронавирус тақырыбын қосып жіберген. «Енді құрамы белгісіз, сапасы белгісіз, шетелден келетін екпелердің жартысы ерікті, жартысы мәжбүрлі түрде міндетті болады! Әншейін ғана гриптің бір түріне COVID-19 деп айдар тағып, әлемді дүрліктіріп пандемия жариялаудың мақсаты да осы болатын. Әлемді үрейлендіру! Әлемді кедейлендіру! Әлемді басқару! Әлемді вакцинациялау! Әлемді құл қылу! Жоқ, маскалы мырзалар!!! Біз сіздерден емес, құдайдан қорқамыз! Бізге Ризықты Алла береді! Көк пен Жердің Раббысы Алла, оған ерікті, еріксіз түрде барлық жан иелері бағынады! Вакцинацияға қарсымыз, күштеп салдыруды қылмыс деп білеміз! Біз әлемдердің Раббысына ғана құлшылық етеміз һәм жәрдем тілейміз!» деп жазды. Сөйтіп, ақын елдегі конспирологиялық әңгімелерге отқа май құйғандай әсер еткен жайы бар. Ақынның Instagram-дағы парақшасына 95 мың адамның жазылғанын ескерсек, танымал адамдардың қауесет таратуының зардабы да мол болуы бек мүмкін. Дегенмен конспирология үшін адамның танымал болу-бол­мауы маңызды емес сияқты. Мәселен, Facebook-та Баян Хасанова деген азамат «Қыздар, свежий өсек... Көршім айтты: «Коронавирус жоқ, адамдар өз еркімен аурумын деп тізімге жазылып жатыр екен». Не үшін десе, ақша беретін көрінеді. Күніне 3 000 теңге дей ма, ол жағын точно білмейтін сияқты» деп жазды. Мұндай ақпараттар мессенджерлерде жиі кездеседі. Бәрінің де кері әсері болады.  

Қауесет салғырттыққа бастап тұр

Конспирологиялық астары бар ақпараттардың пандемияның жайылуына нақты қалай әсер етіп жатқанын дөп басып айту қиын. Алайда мұндай қауесет­тер елді немқұрайлылыққа итер­мелейтінін мойындаған дұ­рыс. Біз төтенше жағдай ре­жимі алын­бай тұрып, жұмыс бабы­мен Нұр-Сұлтан қаласының бір­қатар супермаркеттерін ара­ла­ған­быз. Сонда такси қыз­ме­тін ат­қару­мен айналысып жүр­ген азамат­тардың бетперде тақ­пай­тынын, «ой коронавирус деген жоқ, өтірік әңгіме» деп бет бақ­тырмай тұрғанын көргенбіз. Ал мұндай адамдар қоғамда өте көп. Тіпті, соңғы кездері сақтық шараларын да ұмыта бастаған тәріздіміз. Әріптесіміз Гүлнұр Қуанышбекқызы қоғамның бейғамдыққа көше бастағанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. «Адам көп болған соң, бір автобусқа отырмадым. Келесісін күттім. Оған маскамды тағып, қолғабымды киіп, кіріп қап ем, жұрттың бәрі маған қарайды. Көбі маскасыз. Көздерінде «Мына қыз жынды ма, коронавирус жоқ қой» деген ой жазылып тұр», – депті Facebook-та. Ал Нұр-Сұлтан қаласының бас дәрігері Сәуле Қисықова адамдар босаңсып, сақтануды әлсіретсе, қаладағы карантин талабы күшейтілуі мүмкін екенін айтты. Әрі қалада жұмысын бастаған кейбір нысандар қайтадан жа­был­ған. Өйткені карантин тала­бын бұзғандар аз болмай тұр. Біздіңше карантин талабын бұзуға «қастандық теориясы» да әсер етіп жатқан тәрізді. Әйтпесе, бас­тап­қы кезде тәп-тәуір тәртіп сақтап едік.     ТҮЙІН:

Белгілі ІТ маманы, блогер Тимур Бектұрмен дәл осы тақырып төңірегінде әңгімелескенімізде, ол: «Қастандық теориясына» оқыған-тоқыған, көзі ашық адамдардың сеніп, 5G технологиясы мен ко­ро­­­навирусты, Билл Гейтс пен жап­­пай чиптендіруді байла­ныс­тыратынына таңғалдым. Олар­дың көзқарастарын өзгер­ту тым қиын екен» деп еді. Біздің па­йым­­дауымызша, конспиро­ло­гияға танымал, білімді саналатын, қоғамдық пікірді қалыптастыруда өзіндік рөлі бар адамдардың сенгені қауіптірек болса керек. «Бидің айт­қанын құл да айтады, бірақ құл­дың аузы дуалы емес» дегендей, олар­дың айтқанына көп сенеді.

   

 width=Амангелді ҚҰРМЕТ