Көрнекті жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, баспагер-ғалым, доцент Тұрлыбек Мәмесейіттің 70 жылдық мерейтойына орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Заман және қаламгер: әдебиет пен журналистиканың жаңа міндеттері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Бұл кеште Хан-тәңірі қойнауынан түлеп ұшқан тау ұлының асқақ болмысына, шығармашылық ғұмырына айтылған ақжарма тілектер легі толастамады. Өскен өлкесінің сұлулығы мен биіктігін сезініп, тамылжыған суреттерін көкірегінен тудырып, сырлы сөзбен ақ қағазға бедерлей білген талантты жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт бүгінде жетпістің желкенін керді. Көз тоймас тау табиғатының сұлулығын, ішкі тебіреніс, жұмбақ сырын, қаймағы бұзылмаған көшпелі қазақ өмірінің қарапайым келбетін, Таңжарық Жолдыұлының тұлғалық портретін ең алғаш әдебиет сахнасына алып шыққан да Тұрлыбек Ілиясұлы. Шығармашылық жанның ішкі әлемін қаламдас досы Тұрсын Жұртбай былайша баяндады: «Осы уақытқа дейін ешкімнен ешқандай сый да, атақ та күткен емес. Тұрлыбек Мәмесейіттің редакциялауымен шыққан 90 пайыз кітап қаншама жоғары дәрежелі сыйлыққа ие болды. Табиғатынан таза, аңғал да, адал маңғаз қалпын еш жоғалтпаған жазушы. Мінезі мен ісі де тау табиғатындай байсалды».
Шараны жазушы өзі еңбек етіп жүрген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ректоры, академик Е.Сыдықов ашып берді. Салтанатты жиынға «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» директоры Әлібек Асқаров, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Төлеуғали Қышқашбаев, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреты Әнес Сарай, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ қатысып, мерейтой иесіне арналған жылы лебіздерін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының астанадағы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы Жазушылар одағының төрағасы Ұ.Есдәулетовтің алғысхаты мен арнайы сыйлығын табыс етсе, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының алғысхатын Ерболат Қаменов табыстады.
Конференцияға қатысушылар әр секцияға бөлініп, «Қазіргі баспа ісі және рухани жаңғыру», «Қазақ журналистикасы және жаһандану», «Шығармашылықтың заманауи үдерістері» тақырыбында баяндамалар жасады және осы басқосу аясында қаламгердің қос бірдей «Хан Тәңірі хикаялары» мен «Хан Тәңірінен қанат қаққан» жинағының тұсауы кесілді.
Ақын Несіпбек Айтұлы: «Көбі журналистикадан жазушылыққа келеді. Ал Тұрлыбек Мәмесейіт көркем әдебиеттің есігін бірінші ашты.Тілі жатық, ойы көркем. Роман жазудың қиындығы мен жауапкершілігін бір кісідей түсіне білді.Сондықтан да хикаяттар мен повестермен басталған жазу, тарихи романмен жалғасты. Ал «Таңжарық» қазақ әдебиетінде сүбелі орнын ойып алған тарихи роман», – деді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреты Әнес Сарай:
«Тұрлыбек Ілиясұлын жас күнінен білемін. Қатардағы редактордан бір баспаның бас редакторына дейін өсті. «Хан Тәңірі баурайындағы жалғыз шырша» хикаятында: «Тауды көп адам түсінбейді, тілсіз дүлей, қатты деп ойлайды. Олай емес. Тау жұмсақ, мейірімді, «көңілі» нәзік. Тау тілсіз емес, ол – әуендер жиынтығы. Тау ән салады. Тау күңіренеді. Тау жылайды… Тау тыныстап күрсінеді… Тау мен тастың өз өмірі, өз тілі бар. Оны сол тауда туып, тауда өскендер ғана ұғынады», – дейді. Қаламгер тау сырын ұға білгендіктен де тауды тіліне тиек еткен. Тақырып жағынан ол тауды емес, тау оны тапқан» деп қорытындылады.
Осындай ерекше толғаныс пен тартысқа толы тақырыпты ашуды мақсат қойып, перзенттік парызы санаған жазушының қазақ әдебиетінен алар орны ерекше. 20-ға тарта (әңгіме, повесть, роман, сын, зерттеу) кітабы жарық көріп, оқырмандар ықыласына бөленген. Қаламгер шығармалары ТМД елдерінің тілдеріне аударылған.