Қаламына қасиет орнаған, сол арқылы бір тағдырдың ғана емес бүкіл бір заманның суреткеріне айналған тұлғалар бар. Солардың бірі журналистиканың жампозы, тарих ғылымдарының докторы, профессор – Сағымбай Қозыбаев. Киелі білім ордасы атанған ҚазҰУ-да 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ұстаз 50-ге тарта кітаптың авторы. Оның шығармалары өмір айнасы іспетті. Қоғамның дертті жарасына шипа, жыртығына жамау. Ешкімді қайталамайтын өзіндік үн мен ерекше талғам. Жастыққа мас болып шаттанған студенттік ғұмырына, жауапкершілік жүгін алғаш сезінген ұстаздық жолына куә ҚазҰУ – Сағымбай Қозыбаевтың мәңгі өшпес өміршең тақырыбы.
Қаламгер «Тау етегіндегі храм» (Храм у подножия гор) атты жаңа жинағын қара шаңырақ ҚазҰУ-дың 85 жылдық мерейтойына тарту етті. «Білім алған шаңырақ – қасиетті мінәжат орнымен (храм) пара-пар. Ғылым мен білім жинап, сүйікті ұстаздарың мен студенттік естеліктерің сақталған уақыт. Храм – мөлдір бұлақ, сарқылмас құдық, оны қорлауға болмайды. Храм – жаңа жанған нәзік сезімдер махаббат пен достықтың, шығармашылық көзқарастың қорғаушысы. Храм – сенің өмірлік университетің», – дейді автор. Иә, жас талапқа ең алғаш өмір дегеннің не екенін түсіндіріп, қайнаған тіршілік айдынына дайындайтын да жоғары оқу орны емес пе? Сезім мен сенімнің, ақыл мен жүректің, достық пен махаббаттың мекеніне айналған ескірмес естеліктерге толы Алатау бөктеріндегі храм – ҚазҰУ. Жазушы жаңа жинағында осы храмнан түлеп ұшқан қоғам қараткерлері мен зиялы қауымның өмірлік тәжірибесін үлгі етеді. Бейне бір ҚазҰУ-дың тұлғалық энциклопедиясы дерсің. Оқып отырып, ҚазҰУ-дан шыққан қаншама жастың ел ағасы болғанына, әдебиет айдыны мен журналистика майданының бел ортасында жүрген жауынгерлер екеніне қайран қаласың. «Қасиетті қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскен күннен бастап, кіл ұлылардың есімі мен еңбегі туралы әңгімелерді таңданып та, тамсанып та бойымызға сіңіріп, жазып қалдырған еңбектерін қолданып, жадымызда сақтап келеміз. Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Марат Барманқұлов сынды қазақ журналистикасының негізін қалап, еліміздегі журналистік білім беру жүйесінің нық қалыптасуына үлкен үлес қосқан, ұрпаққа ұлағатты ұстаздық еңбегін, үлгі-өнегесін асыл мұра етіп қалдырған ұлы тұлғаларды мақтанышпен айта аламыз» деп бүгінгінің аңызына айналған сол кездегі журфактың ұстаздары туралы да біраз ақпарат береді.
Жазушы ешкімді бөліп жармайды. Тұлғаның өмір жолына тоқтала отырып, жеке ерекшеліктерін бөліп қарастырады. Мысалы, Ғалымқайыр Мұтанұлы туралы жазған «Әл-Фараби және ғалым» мақаласында тіл біліміндегі адам есімінің тағдырға әсері туралы сөз қозғайды. «Ғалымқайыр деп ат қоюы оның өмірінің ағар арнасын о бастан анықтап, баланың ой-зердесінің қалыптасар межесін межелеп тастаған түйсік пе әлде жазмыштың құпиясы ма?» деген ой тастайды.
Кітапқа автордың әр жылдары жарық көрген мақала-эсселері жинақталған. Соңғы бөлімі журналистика, БАҚ туралы айтылған философиялық ойлармен қортындыланады. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтіндігі рас болса, «Тау етегіндегі храм» жас ұрпақ пен журналистика саласын таңдаған кез келген адам үшін бірегей туынды болмақ.
Ақсұлу ЕДІЛҚЫЗЫ